Бүгін:
kz ru

ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЛЕПРОЗОРИЙІНЕ – 40 ЖЫЛ


В.С.Сим, К.А.Колесов және А.А.Жоглева,

Қазақ республикалық лепрозорийі (бас дәрігер – В.С.Сим) және Орталық ғылыми-зерттеу тері-венерологиялық институты (дир. – профессор Н.М.Туранов)

 

 П.С.Палластың (1809) Қазақстанда лепраның болуына байланысты алғашқы сілтемесі, сондай-ақ кейінгі аздаған хабарламалар бұл дерттің тек Орал мен Гуриев (Атырау) облыстарындағы орыс тұрғындарына ғана қатысты болғанын айғақтайды.  Тіпті Г.Н.Минхтің 2 өзі 1885 жылы Қазалы және Перовск (Қызылорда) қаласын кішігірім зерттеу кезінде ол жерлерден лепраға шалдыққан науқастарды кездестірмей «Орск пен Ташкент аралығында тұратын тұрғындар арасында лепра жоқ» деп нақтылап жазды.

Тек Ұлы қазан социалистік төңкерісінен кейін және Кеңестік денсаулық сақтау ісін ұйымдастырғаннан соң біздің көп ұлтты мемлекетіміздің барлық республикаларында түрлі ауруларға, оның ішінде лепраға қарсы жоспарлы күрес жүргізіле бастады.

Лепраға қарсы 1926 жылғы 1-ші Бүкілодақтық және Бүкілресейлік басқосу Қазақстанның кейбір аудандарының лепра бойынша қолайсыздықта тұрғанын мәлімдеді. Ал РСФСР денсаулық сақтау Халықтық комиссариаты бұл республикада 1929 жылы Қызылорда қаласынан 9 шақырым қашықтықта орналасқан австриялық соғыс тұтқындарына арналған бұрынғы колонияның мекен-жайында лепрозорий ашты.

Лепрозорийдің штатында алғашында бір ғана дәрігер болды, орта буын медицина қызметкерлері жетіспеді; аймақта жаңа науқастарды белсенді анықтау бойынша профилактикалық шаралар, сондай-ақ лепраға шалдыққан сырқаттармен контактта болғандарды тексеру жүргізілмеді.

Алғашқы жылдары лепрозорийге түскен науқастар саны тым аз болды, олар негізінен Қарақалпақ АССР-інен еді.

1934 – 1935 жылдардан бастап лепрозорий тез дами бастады; ғимараттар күрделі жөнделді, стационар ашылды, сырқаттарды белсенді анықтау жұмысы басталды.

Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақ лепрозорийі мол қиындыққа душар болды: дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жетіспеді, алдын алу жұмыстары мүлдем тоқтады және ол соғыс аяқталған соң барып қайта жанданды. Тұрғын үй қоры қанағаттанарлықсыз күйде болды, жұмсақ және қатты жабдықтарда тапшылық сезілді, азық-түлікпен, отынмен және т.б. қамтамасыз етуде іркіліс байқалды.

Жағдай Абинск пен Холмск лепрозорийлерінен эвакуцияланған науқастардың келуімен ушыға түсті. Лепрозорийдің айналасында сырқаттардың дені сау туыстарының қыстағы пайда болды. Барлық емдеу жұмысын фелдшер А.М.Терехова жүргізіп, ал лепрозорийді дәрігер емес педагог басқарған сондай кезең еді.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда КСР Одағының денсаулық сақтау министрлігі Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарының лепра бойынша эндемиялық тұрғындарын жаппай тексеру үшін бәрібір қажетті қаржыны тапты. Оларды безгек пен медициналық паразитология Институтының лепроздық секторының қызметкерлері жүргізді. Кейінірек бұған Қазақ лепрозорийі мен Лепраны зерттеу бойынша Институттың қызметкерлері қатыса бастады.

Зерттеу отрядтары мен экспедицияларының жұмысына Н.М.Балуев, Л.Г.Балуева, Н.В.Обухов, А.Э.Дуквиц, Д.В.Бочкарев, А.Х.Досмухамедов, А.А.Жоглева, В.Н.Погорелов, Л.М.Чернышева, Ф.А.Давлекамова, В.Р.Когай және басқа да дәрігерлрер, сонымен қатар орта буын медицина қызметкерлері: В.Д.Иванкова, А.Е.Хайдуков, В.В.Смутина мен т.б. белсенді қатысты.

Қазақ республикалық лепрозорийін 1929 жылы К.О.Дессин, 1929-1934 ж.ж. Н.В.Шилов, 1934-1944 ж.ж. Д.А.Берже, 1944-1947 ж.ж. А.К.Затопляев (педагог), 1947-1951 ж.ж. Г.С.Шамрай, 1951-1953 ж.ж. А.А.Шелаковский, 1953-1954 ж.ж. Э.И.Иоффе, 1954-1963 ж.ж. Л.Я.Клопенко және 1963 жылдан бастап В.С.Сим басқарды.

Лепрозорий барлық қажетті бұйымдармен және жабдықтармен жарақтандырылған қазіргі заманғы емдеу мекемесі болып қалыптасты.

Соғыс зардаптарын жою және елдегі тіршіліктің жандану барысында лепрозорийдегі жатқан науқастардың да хәлдері үздіксіз жақсара бастады. Сондай-ақ лепраны емдеу тәсілдері, оның алдын алу мен індетке қарсы шаралар кеңейді және одан әрі жетілдірілді.

Лепрозорийде және оның айналасында науқастармен бірге тұруды жою үшін дені сау туыстары мен балаларға арнап 1947 жылы Қызылорда қаласынан 50 шақырым жерде, Қараөзек қыстағында ата-аналары лепраға шалдыққандардың дені сау балаларына арналып балалар үйі ашылды. Сол жерде сырқаттардың дені сау мүшелері үшін профилакторий де құрылды.

1948 жылдан бастап лепрозорий қанатын кең жая бастады. Қазақ лепрозорийінің басшылығмен және бақылауымен Арал мен Қазалы аудандарында ауруханадан шыққан ауру адамдарды амбулаториялық емдеу басталды. Лепрозорий жұмысының тәжірибесіне науқастарға диспансерлік көмек берудің барынша жаңа тәсілдері енгізілді: сырқаттарды дерттің ерте сатыларында белсенді анықтау, оларды стационарда да және амбулаторияда да дер кезінде және толыққанды емдеу, эндемиялық аудандарда химиопрофилактиканы қолдану.

1955 жылы Н.М.Балуевтің бастамасымен КСРО-да алғаш рет Арал ауданының Бөген мен кейбір басқа ауылдық кеңестерде және Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тасбөгет қыстағында лепраға қарсы профилактикалық бұйым ретінде туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын пайдалану басталды.

1958 жылы Министрлер Кеңесінің өкімін орындау үшін Арал ауданында лепра бойынша эндемиялық жерлердегі тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытындағы сауықтыру сипатында зор әлеуметтік-экономикалық шаралар атқарылды. Атап айтқанда: Арал теңізінің аралдарындағы тұрғындарды материкке (құрғақ жерге) көшіру, бұл жердегі балықшылардың тапсыратын балығы үшін оны қабылдау бағасын көтеру, жаңа жерге қоныстанғандарға материалдық жәрдем беру және т.б. жасалды. Сол жылы КСРО-да алғаш рет Арал қаласында стационары бар лепраға қарсы диспансер ашылды. Оның бас дәрігерлігіне А.А.Жоглева тағайындалды. Бұдан бөлек Арал мен Қазалы аудандарында лепраға шалдыққан науқастарды амбулаториялық емдеу және олардың отбасы мүшелерін бақылау үшін лепраға қарсы 10 бекет ашылды.

Осы жылы Қызылорда қаласынан 40 шақырым жердегі Талдыарал тоғайлығында жанға жайлы палаталары, орталықтандырылған жылуы, су құбыры мен кәріз жүйесі бар жаңа лепрозорийдің құрылысы басталды. Лепрозорийде емдік, профилактикалық және мәдени шаралардың кешенін жүргізу үшін барлық шарттар жасалды.

Бүгінгі таңда Қазақ республикалық лепрозорийі қазіргі заманғы мамандандырылған емдеу мекемесі ретінде көпке танылған. Онда операциялық және оқшаулау бөлімі бар стационар, рентгендік және физиотерапевтік кабинеттер, тіс дәрігерлік кабинеті мен тіс протездеу лабораториясы, түрлі лабораториялар – клиникалық-диагностикалық, патогистологиялық және биохимиялық, дәріхана, асхана, ауру адамдарға арналған клуб пен науқастардың сырттан келген туысқандарына арналған бөлмелер бар.

Лепрозорийде лепраға қарсы барынша жаңа препараттар қолданылады. Науқастар қажетті мамандандырылған медициналық көмек түрлерін – хирургиялық, ортопедиялық, физиотерапевтік, стоматологиялық және басқаларын алуда.

Лепрозорийдің көптеген дәрігерлері лепраны зерттеу бойынша институттың қызметкерлерімен бірлесіп лепраны емдеуге арналған жаңа препарттарға сынақ жүргізеді. Лепрозорийдің қызметкерлері лепрологияның түрлі бөлімдері бойынша 45 ғылыми еңбек жариялады.

Соңғы жылдары лепрозорийде дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін лепрология бойынша арнайы семинарларда дайындықтан өткізуге ерекше көңіл бөлінуде.

Аймақта емдік-профилактикалық шаралар кешенін өткізу және өмір сүрудің әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту нәтижесінде тұрғындардың лепрамен науқастануы 1958 жылмен салыстырғанда сегіз есеге азайды және оның одан әрі төмендеуіне барлық алғышарттар жасалды.      

Фотосуреттер «Интернеттен» алынды.  

 

1. Петер Симон (Пётр-Симон) Паллас (нем. Peter Simon Pallas; 1741—1811) — танымал неміс және орыс оқымысты-энциклопедисті, табиғат зерттеушісі, жаратылыстанушы, XVIIIXIX ғасырлардағы саяхатшы (Ред.).

2. Григорий Николаевич Минх – дарынды орыс инфекционст дәрігері. Лепраны терең зерттеген (Ред).  

«КСРО ДСМ Лепраны зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу институтының ҒЫЛЫМИ ЖАЗБАЛАРЫ. №6(ІІ). Астархан, 1970 жыл» жинағынан.

  • 891