Бүгін:
kz ru

«Ақұдай»

«Ақұдай»... Біздің ес білгелі әжемізден, анамыздан, әкемізден яғни бізге ең жақын жандардан естіп, жүрегіміздің түкпірінен орын алған ерекше бір сөз. Бұл сөз туралы менің жан-жақты ойланған себебім де жоқ емес. Өткенде облыс орталығында өткізілген бір ғылыми конференцияда лепра туралы баяндама оқығаным бар. Ол баяндамада лепраның әлемдегі және өз еліміздегі ахуалы жайында сөз қозғағам. Баяндама әсерлі шықса керек, соңынан қатысушылар мені құттықтап жатты. Солардың арасында бір танымал кісінің «Ақұдайлар әлемнің барлық жерінде бар екен ғой» деген сөзі мені қатты ойландырды. Ол кісі қалжыңдап айтқан болар, бірақ бұл қалжыңның зілі батпан еді. Ол кісінің, тек ол кісі ғана кейбір адамдардың түсінігі бойынша «ақұдай» сөзі жаман аурумен тығыз байланысты мағынада қабылданатын сияқты.  

       Мен осы Қазлепрозорий мекемесіне келгеннен бері маман ретінде осы бір мәселеге де назар аудардым. Мәселенің туындауының басты себебі лепра ауруының еліміздегі негізгі ошағы Арал-Қазалы аумағы болуымен байланысты. Түсінікті болу үшін аурудың елімізде таралу тарихына үңілсек.

      Қазақстан аумағында лепраның бар екені туралы ең алғашқы жазба деректі біз П.С.Палластың еңбектерінен кездестіреміз (1889). 1769 жылы, Жайық (қазіргі Орал қаласы) қаласында болған кезде, ол осы жерде тұрып жатқан урал казактары арасынан лепра ауруын көріп, төмендегідей жазба қалдырған: («... при Яике начала показываться особливая и малоизвестная проказа, от которой могут произойти плохие следствия, если не будет употреблена предостороженность. Сия болезнь та же самая, которая в Астрахани под именем крымской болезни известна, потому что во время военных походов принесена из Крымской земли. Яицкие казаки говорят, что она пристала к ним от бывшей в персидском походе команды из Астрахани и называют «черной немочью», потому что начинает лицо синеть. Я видел многих, в высшей степени одержимых оною болезнью»).

 Осыдан кейін бірнеше авторлардың (П.Симонтовский(1796), Н.Минх(1888), Л.Рутенберг(1897), Ф.Горбацевич(1898) т.б. қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облысы аумағында лепра ауруларын кездестіргені туралы жазба деректері бар. Бір ерекшелігі бұл деректерде осы өңірлерде тұратын ұлты орыс тұрғындар жөнінде баяндалған, Қазақстанның негізгі тұрғындары – қазақтар туралы еш дерек жоқ.

      Қазақстандағы лепраның эпидемиологиясы туралы еңбектерінде көптеген авторлар қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолының, Араб басқыншыларының, Шыңғысхан, Темірлан жорықтарының маңызын айтып, осы кезеңдерде лепра таралған деген тұжырым жасайды. Алайда, өткен ғасырдың 50-ші жылдарына, яғни лепрамен аурушаңдық өзінің шарықтау шегіне жеткенге дейін Қазақ КСР-ның аумағында лепра барлық жерлерде анықталмаған, оның құрамына кіретін 16 облыстың тек 8-нен анықталған: олар Қызылорда, Гурьев, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл, Алматы және Семей облыстары. Осылардың ішінен Қызылорда және Гурьев облыстарында барлық анықталған аурулардың 95 пайызы анықталса, қалған 6 облыста 5 пайызы ғана тіркелген. Соңғы 6 облыстағы жағдайларды ежелден қалған спорадикалық жағдайлар деп есептесек, Гурьев облысының ошаққа айналу себебі Астраханьмен және Орал казактарымен тығыз араласуымен байланысты екенін байқаймыз. Ал Қызылорда облысының Арал-Қазалы ошағындағы жағдайдың эпидемиялық сипат алуына не себеп болды? Осы жағдай бізді толғандырмай қоймады. Себебі 1885 жылы орыстың белгілі лепразерттеушісі Г.Н.Минх, Перовск мен Қазалы аймағын зерттеп, ол жерлерде лепра ауруларын кездестірмегені туралы: («..среди киргизов населяющии между Орском и Ташкентом, лепры нет») деп жазды, осы пікірмен сол уақыттарда зерттеу жүргізген Решетилло да келісті. Бұл жағдай  Мамоновтың «1885 жылғы Сырдария облысы туралы «Шолуымен» (Обзор о Сырдарьинской области 1885 года) де дәлелдене түседі. «Шолуда» бұл облыста лепраның бар екендігі айтылып, елді мекендер атап көрсетілген.  Ол кезеңде аталған облыстың аумағына көрші республикалардың жерлері де кіретін. Белгілі болғаны ол атап көрсеткен ошақтар арасында кейінгі Қазақ КСР- аумағына кірген бір де бір елді мекен болмаған, олар Өзбекстан және Тәжікстан республикасына қарайтын елді мекендер екен. Лепра негізінен отырықшы халықтар арасында көп кездесетін ауру. К.А Колесов өзінің «Қазақ КСР-дағы проказа» деген ғылыми еңбегінде (Қазақстан аумағындағы лепра туралы тұңғыш еңбек): Қазақтар арасында «pes (пес, алапес)» деген ұғымның бар екендігін, бірақ бұл сөздің өзі парсы тілінен енген, аудармасы «ала» деген ұғымды білдіретінін, негізінде витилиго ауруына байланысты атау болуы мүмкін екенін және «махау» деген ұғымның бар екенін, бұл сөзбен көрші Хиуа, Хорезм елдерінде лепраны атағанын, ол жерлерде «махаухона», «махаукишлактар», бұрыннан болғанын атап көрсеткен. Яғни лепра Қазақстан аумағына көрші елдерден осындай  атауларымен бірге енгізілген деген болжам айтқан. Ол кезеңдерде көптеген созылмалы тері аурулары бір-бірінен дифференцияланбағанын ескерсек, бұл атаулардың түрлі тері ауруларына да қолданылуы әбден мүмкін екенін де байқаймыз. Алайда XX ғасырдың басында Арал-Қазалы аумағында, балықшылар арасында бұл індеттің бар екені белгілі бола бастады. Осы өлкеде, жаз мезгілінде Мұғалжар, Ойыл, Сағыз,  бір шеті Қаратауды және т.б. жерлерді, қыста Қызылқұмды жайлаған көшпелі қазақтардың XIX ғасырдың ортасында көптеген оқиғаларды басынан кешкені бізге тарихтан белгілі. Хиуа, Қоқан хандығына қарсы күрестер, онан соң XIX ғасырдың екінші жартысындағы Ресей отарлаушыларының келуі және оның саясатына қарсы бағытталған күрестер тұрғындарды әбден қажытты. Осы өлкеге сол кезде әскери бекіністер (Қазалы, Райым) салынып, орыс әскерлері жеткізілді, онан қалды балықшы орал-казактары әкелініп, Арал теңізін игеру басталды.  (Бұл туралы ерікті энциклопедияда: Казалинск был известен как один из центров расселения приаральских «уральцев» (самоназвание), известных также как «уходцы» и «аральцы». Это потомки уральских казаковсосланных в 1875-79 годах за неподчинение «Положению о воинской повинности Уральского Войска» 1874 года[11]. В начале XX века в Казалинске проживало около 1 500 уральцев. Занимались преимущественно рыбным промыслом и охотой. делінген).

        Балықшы кәсібіне жергілікті қазақтар арасынан кедей кепшіктері жалданды. Теңіз жағасына алғашқы жертөлелер салынып, қазақтардың отырықшы елді-мекендері пайда болды. Жоғарыда айтылғандай Оралдан, Астраханнан келген орыс-казактардың арасында осы аурудың кеңінен тарағанын ескерсек, кеселдің солар арқылы келуі әбден мүмкін екенін болжаймыз. Бұл ойымызды олармен бізден бұрынырақ арласқан Гурьев облысының Қазақстандағы лепраның негізгі ошағының бірі болуы бекіте түседі. Бұл тұжырымды кейбір зерттеушілер (К.А.Колесов) де түбегейлі жоққа шығармағанымен, оны дәлелдемеген. Бұған өткен кезеңнің саяси себептері де өз әсерін тигізгені сөзсіз.

    Лепраның бұл өңір қазақтарының арасында эпидемиялық сипат алуының Арал теңізін игерумен тікелей байланысы барын аңғаруға болады. Себебі: біріншіден, лепра індетінің эпицентрі негізінен Арал ауданы, оның ішінде теңізді жағалай қоныстанған балықшылар ауылдары болды. Екіншіден, басқа ошақтармен салыстырғанда бұл ошақта ер адамдар әйелдерге қарағанда көп зақымданған. Демек, бұл жағдай ер адамдардың негізгі кәсібі балықшылықпен тікелей байланысты.

    Біздің тұжырым бойынша бұл жұқпалы індет «Ресейден орыс-казактар арқылы келген» деген дұрыс сияқты. Қазақ халқының басына отарлаушылардың алып келген зұлматтарының бірі деп ойлаймыз. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі қазақтардың балықшылықпен айналысып әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының күрт өзгеруі, тіпті төмендеуі, шоғырланып ұжымдық шаруашылықпен айналысуы (теңіз жағасындағы балықшы қостарында топ-топ болып шоғырланып өмір сүру), тамақтану мәдениетінің өзгеруі, яғни біркелкі негізінен балық өнімдерін тұтыну (әсіресе қыс мезгілінде біріңғай тұздалған балық жеу), ашаршылық және т.б. адамның иммунитетін төмендететін өте ауыр жағдайлар, арнайы эпидемияға қарсы іс шаралар болмаған кезеңде бұл ауру туралы мағлұматы төмен тұрғындар арасында жағдайдың ушығуына әсер еткен тәрізді. Сол маңда тұратын, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан елді мекендер арасында дерттің таралуының әлдеқайда төмен болуы бұған қосымша дәлел болады. Ол жерлерге лепра негізгі көрші балықшы ауылдардан енген.

    Індеттің тұрғындар арасында ұлт ерекшелігіне қарамастан пропорционалды түрде тарағаны туралы ғылыми деректер бар, яғни індет ұлт немесе ұлысты таңдамаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бомба түскен аймағын белгілі бір радиуста зақымдайды. Ол аймақтағы адамдардың тегіне, тіліне, дініне не басқа ерекшеліктеріне қарамайды. Десе де одан белгілі бір қорғаныс құралы арқылы аман қалуға болады. Біздің жағдайда ол құралдың аты иммунитет. Қазір құдайға шүкір ошақ өшті, біз аурудың тек алыс зардаптарымен күресудеміз. Сонымен қатар еліміздің әр түкпірінен сырттан, яғни көрші елдерден енгізілген спорадикалық жағдайлар ғана тіркелуде.

     Жәй ғана арифметикамен есептейтін болсақ осы лепрозорий құрылғаннан бастап, бір ғасырға жуық өткен уақыт аралығында осы Арал-Қазалы аймағында барлығы 3229 науқас тіркелген екен. Ол осы кезеңде осы өлкеде шамамен өмір сүрген 450 - 500 000 тұрғынның 0,7 пайызын ғана құрайды екен. Бұл көп пе, аз ба оны пайымдай беріңіз. Ал сонда «ақұдай» сөзінің ауруға байланыстырылу себебі қайдан пайда болды? - деген заңды сұрақ туындайды. Оның негізгі себебі, «арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, дертке шалдығып мүгедек болған жандар емделу мақсатында Қызылорда қаласында орналасқан лепрозорийге келіп, онан айығып шыққан соң ем-дом алып тұруға  ыңғайлы болуы үшін осы маңда қоныстанып қалған. Ал аурудың зардабын тартқан мұндай мүгедек жандардың жергілікті халықтың ерекше назарына ілігетіні заңды құбылыс. Ал бұл адамдар өз елінің ата-бабасынан бері келе жатқан, жанына жақын, қанына сіңген «ақұдай» сөзін қолданатыны белгілі. Жергілікті халықтың автоматты түрде бұл сөзді ауру жандармен байланыстырып жіберуі осыдан туындаған деп ойлаймын. Менің байқағаным бұл сөзге ұқсас сөздер басқа халықтарда да бар: орыстарда «о боже», «боже мой», «божественный», ағылшындарда - «оh мi Got» тағысын тағылар.

    Демек, біздің өңірде ата-бабамыздан қолданылып келген «ақұдай» сөзінің ауруға тікелей еш қатысы жоқ. Өкінішке орай қазір біз сөз қадірін түсінбейтін қазақ болдық. Өздері күнделікті қолданбайтын, сөздік қорында мұндай қасиетті сөзі жоқ адамдар оны қайдан ұқсын. Осындай ештеңеге негізделмеген келеңсіз жайдың әсерінен кейбір ағайындар бұл сөзді айтуға да қысылатын сияқты, сондықтан бұл қасиетті де киелі сөз біздің, туған топырақтан тысқары жүрген адамдардың сөздік қорынан жойылып барады. Бұл құбылысқа «ақұдайдың» қадірін жете ұқпаған және елге ұқтыра алмаған өзіміз кінәліміз. 

Менің ойланғанда алғашқы есіме түсетіні әкемнің әрдайым ыңылдап айтып жүретін өлең жолдары: «Қарасай атқа мінді ақұдайлап, Атадан қалған туды алды сайлап». Мен бұл өлең жолдарын кейін еш жерде кездестіргем жоқ.  Қарасай-Қази қыссасының жергілікті нұсқасынан үзінді шығар. Батыр атқа, яғни қандай да бір сапарға, бұл жолы ел қорғау сапарына көк туды көтеріп жаратушысына сиынып «ақұдайлап» («Я алла, я құдайлап») аттанған болар. Кейін бізді еркелеткенде әжеміздің, анамыздың мейірленіп «ақұдай» дегені еске түседі. Өзіміз баламызға ерекше бір мейірімізді білдіргіміз келген кезде де осы сөз аузымызға еріксіз түседі. Кейде маған бұл сөз аузымыздан емес жүрегімізден шығып тұрғандай болады. Осы сөзді кейбіреулер «айналайын» деген сөз деп аударады. Мен олай деп ойламаймын. Себебі бұл сөз қатты қорыққан кезде де, қатты таңырқаған кезде де қолданылады. Мен бұрын облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезімде түрлі жарақатпен ес-түссіз жатқан жандардың да «ақұдайлап» жатқанын естідім. Сондай бір науқасқа келген бір үлкен кісінің: «Ақұдай, аузыңнан құдайыңды тастама, әлі ақ айығып кетерсің» – деп кемсеңдегені есімде. Бұл жүректен шыққан сөздің ауыздан шыққан «айналайыннан» маңызы да, мағынысы да әлдеқайда терең. Бұл сөздің қасиеттілігі мен маңызы сөз құрамындағы жаратушының есімімен де дәлелденіп тұрған жоқ па. Сондықтан бұл сөз менің қатты мейірленген, қатты таңырқаған не қатты қорыққан кезімде аузымнан, аузымнан емес ау жүрегімнен еріксіз шығып кететінін байқаймын.  Біздің ата-бабаларымыз қандай көреген, олар өздерінің перзенттерін өздері сиынатын идеалына, яғни құдайға жақындатқан. Оларды қатты таңданғанда құдайдың шеберлігіне тамсанып, қатты қиналғанда жаратушысынан медет сұрауға үйреткен. Бабаларымыздың кемеңгер екендігінің тағы бір дәлелі кешегі бір қылышынан қан тамған Кеңес заманында еліміз дінінен алшақтап, құдайын ұмыта жаздаған уақыттарда еңкейген кәріден тілі шыққан балаға дейін аузынан құдайын тастамаған бірден-бір қазақ біз болдық.

Мен өзімнің балаларыма, ағайындарыма, жерлестеріме ата-бабамыздан келе жатқан осы бір қасиетті сөзді терең ұғынып, қастерлеп, үнемі қолданып жүріңіздер дегім келеді. Сонда сіздерді құдай-тағала қолдап жүретін болады.

М.СЕЙТАЛИЕВ,

ҚРЛ басшысы

Сурет Алаш айнасы сайтынан алынды

  • 3 793