Бүгін:
kz ru

Лепрофобия

  

 Қазіргі медицина ғылымының жетістіктеріне қарамастан қарапайым тұрғындар арасында ғана емес медицина қызметкерлері арасында да лепра ауруынан қорқыныштың (лепрофобия) ерекше дамығаны ешкімге жасырын емес. Бұл мәселемен айналысқан ғалымдар бұл қорқынышты негізсіз деп жатады. Алайда ол солай ма? Қорқыныш негізсіз бола ма? Осы сұрақтарға жауап беріп көрейін.

     Осы мәселемен айналысқан ғалымдар лепра микобактерияларының жұқпалылығы өте төмен екендігін алға тартады. Лепраның Гиннестің рекодтар кітабына жұқпалылығы ең төмен жұқпа ретінде кіргенін біреу білсе-біреу білмейді. Лепра микобактериялары өте баяу, қарапйым бөліну арқылы көбейеді. Оның бір рет бөлінуіне 6-12 күн уақыт кетеді екен. Туберкулез микобактерияларымен салыстырмалы қарасақ, медициналық әдебиеттерде туберкулез таяқшаларының өте баяу көбейетіндігі, бір бөлінуіне 16-18 сағат кетеді делінген. Сонда лепра таяқшалары туберкулез таяқшаларына қарағанда 10 есе баяу көбейетін болып тұр ғой. Лепра ауруының ең жұқпалы лепроматозды түрімен ауырған науқаспен тығыз қатынаста (отбасылық) болған жандардың арасында аурушаңдық 10-12 пайызды ғаңа құрайды екен.  Экспериментальды түрде лепраны жұқтыру мүмкін болмады. Тіпті Лепра микобактерияларын түрлі жолдармен өздеріне жұқтыруға талпынған ғалымдардың да жұмысы сәтсіз болды. Лепра таяқшаларын in vitro алу, оны түрлі қазіргі таңда белгілі орталарда өсіру де нәтиже бермеді. Яғни лепра ауруы антропонозды ауру, онымен тек адамдар ғана ауыратыны белгілі болды. Бұл таяқшалар қоршаған ортаға тұрақсыз, яғни адам ағзасынан тыс өмір сүре алмайды, қоршаған ортада резервуары табылмады.  Осы кезге дейін лепрозорийлерде жұмыс істеген қызметкерлердің де лепраны жұқтырғаны туралы мәлімет жоқ екен. Сонымен лепра жұғу жолдары толық анықталмаған ауру болып қалып отыр. Ғалымдардың негізгі бөлігі ауа арқылы таралады деген қорытындыға келген, оған себеп аурудың лепроматозды түрімен ауырған адамнан аурудың емделмеген белсенді кезеңінде, сөйлеген, түшкірген сәттерінде қоршаған ортаға микобактериялардың көптеп шашырағаны люменесценттік фотосуретпен түсіріліп дәлелденген жағдай. Лепра микобактериясының адамзат баласымен өте ерте заманнан араласуына байланысты бұл жұқпаға адамдардың негізгі бөлігінің туа бітті иммунитеті бар деген тұжырым жасалды. Алайда ол иммунитеттің әлсіреуіне әсер ететін бірнеше факторлар қатар келуі өте маңызды. Дегенмен орта ғасырларда лепрамен ауырған адамдарға көмектесу мақсатында олармен бірге тұрып, олардың өмірімен өмір сүріп, өзіне лепра жұқтырған Дамиан әке (Отец Дамиан) туралы жазылған роман, ол туралы түсірілген фильм де бар. Жоғарыда аталғандай Дамиан әке де осы науқастармен бірге өте ауыр тұрмыстық, өте төмен санитарлық-гигиеналық, төмен тамақтану мәдениетін, басқа да ауыр әлеуметтік жайларды басынан кешірді. Сол сияқты бір жанұяда тұратын жандардың да әлеуметтік жағдайлары ұқсас келеді. Жоғарыда аталған түрлі сипаттағы ауыр жағдайлар бір отбасы мүшелеріне біркелкі әсер етеді, яғни олардың ағзасының түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Лепраның әлеуметтік ауру екендігі әлдеқашан дәлелденген мәселе.

    Десе де қорқыныштың, оның ішінде жұқпалы кеселден қорқудың осы ауруға қарсы бағытталған ең бірінші профилактика екенін де естен шығармаған жөн. Біз қорыққан нәрседен сақтанып жүреміз. Алайда қорқыныштың да өзінің белгілі бір мөлшері болуы керек. Қорқыныш негізсіз болса да ол өзінің кедергісін келтіре бастайды. Біз не нәрсені жете білмесек сол нәрседен сескенеміз. Яғни біз қорқудың да жөнін білуіміз керек.

    Лепраның жұқпалылығы жөнінде өте ерте кезеңдерден белгілі болды, тіпті жұқпалылығы белгілі болған бірінші ауру десе де болады. Сондықтан арнайы профилактиканың жоқ кезеңінде, яғни орта ғасырларда мұндай науқастар қоғамнан аластатылып, оларға еңбек етуге тиым салынды, күндерін қайыршылықпен өткізу және көпшілік орындарға өздері туралы белгі беретін арнайы киімдермен және сылдырмақпен келу міндеттелді. Ол кездері ауру диференцияланбағандықтан олармен бірге басқа да тері не басқа ауруға шалдыққан жандар да қоғамнан шететілді. Ежелгі заманда қолданылған бұл шаралар адамзат жадында әлі күнге сақталған, бұл біздің қорқынышымыздың бірінші себебі.

    Екінші себеп аурудың зақымдау нысанасына, яғни зақымдайтын ағза мүшесіне байланысты. Лепра теріні, шеткі нерв жүйелерін,көзді, сүйек-тірек аппаратын және ішкі ағзаны зақымдайтын ауру. Осылардың ішінде шеткі нерв жүйесі, көз, яғни ешқандай сырт көзден жасыра алмайтын дене мүшелерін зақымдау арқылы адамның әдемілігін жояды, яғни оны «құбыжыққа» айналдырады. Сырт көз, яғни біз оны көреміз, яғни көру сезімі арқылы тікелей қабылдап, одан шошимыз. Ал басқа аурулардың ішкі ағзаны қандай өзгеріске ұшыратып жатқанын көрмеген соң біз олардан қорықпаймыз. Өйткені ол өзгерістер біздің көзімізден таса, жасырулы, бар айырмашылық осында ғана.

   Үшінші себеп аурудың созылмалы болуында. Бұл мәселе де аурудың зақымдау нысанасына, яғни шеткі нерв жүйелерін зақымдауына тікелей байланысты. Яғни лепра микобактерияларынан ағзаның арылуымен ауру тоқтамайды. Біз нерв тіндерінің қалпына келмейтінін немесе өте баяу қалпына келетінін білеміз, тіпті оның толық қалпына келуі үшін біздің өміріміздің ұзақтығы да жетпейді. Бұл жағдайды аурудың зардабы деген дұрысырақ болатын шығар. Сондықтан көптеген лепра науқастары өз бойында ешқандай лепра микобактериялары болмауына қарамастан өмір бойы оңалтуды қажет етеді. Сондықтан біз лепраны жазылмайтын, яғни толық сауықпайтын ауру деп білеміз. Сауығу, аурудан жазылу дегеніміз – ағза мүшелерінің сол аурудың себебінен бұзылған функцияларының қалпына келуі.  Туберкулезбен салыстыратын болсақ, туберкулез негізінен өкпені зақымдайды және емделіп ағза микобактериялардан арылған соң өкпе өз қалпына келіп, өз қызметін (функциясын) толық атқарып кетеді, демек адам толық сауығады. Лепра науқастарында мұндай мүмкіншілік жоқ. Осындай аурудың зардабымен өмір сүріп жатқан, қоршаған ортаға еш зияны жоқ мүгедек жандардан қорқу – негізсіз қорқыныш болып табылады.

    Өкінішке орай біздің қоғам әлі күнге ортағасырлық түсініктерден арыла алмай келеді. Оған өзіміздің біліксіздігіміз кінәлі. Соның салдарынан көптеген мүгедек жандар қоғамға араласа алмай, ондаған жылдар бойы сотсыз, үкімсіз оқшауланып өмір кешуде. Не деген ауыр жаза...

    Мен 60 жылдан аса лепрозорийде жатқан бірнеше адамды білемін, ендігі өмірінің соңына дейін осында қалатын болады. Аса ауыр қылмыс жасаған жағдайдың өзінде олардың бостандыққа шығатын уақыты әлдеқайда өтіп кеткен.

М.СЕЙТАЛИЕВ

ҚРЛ басшысы

Сурет StrahOff.net сайтынан алынды.

  • 1 015