Бүгін:
kz ru

МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ - ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

 

Молдағали Ақбайнашұлы СЕЙТАЛИЕВ,

«Қазақ республикалық лепрозорийі» ММ,

бас дәрігер

Еліміздегі медицина саласында жұмыс сапасын арттыру мен тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмекті қолжетімді ету – өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізудің сол мәселелерді шешуге ауыз толтырып айтарлықтай ықпал етері сөзсіз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ағымдағы жылдың қаңтар айындағы Жолдауында бұл жүйе туралы «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақы жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады. Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды. » деген болатын.

Атлаған жүйе денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік қорғалудың мемлекеттік жүйесі болып табылады. МӘМС сақтандырылған барлық ел азаматтарын бөліп-жармай бәріне түгел медициналық және дәрі-дәрмектік көмекті өз қоры арқылы қолжетімді етеді. 

Бұл жүйе толық енгізілгенде еліміздегі барлық медициналық мекемелер арасында, мейлі ол мемлекеттік болсын, мейлі жеке болсын бәсекелестік туады. Сол арқылы медициналық көмектің сапасын арттыру олардың басты мақсаты болып қалады. Жүйе шеңберінде азаматтардың мемлекет пен жұмыс берушімен қатар өз денсаулықтары үшін өз жауапкершілігінің болуы көзделеді. Адамның денсаулығына деген көзқарасының жақсы жаққа қарай өзгеруі, жауапкершілікті өз мойнына алуы – медициналық көмектің ықпалдылығын анағұрлым арттырады.

МӘМС жүйесінің негізгі принциптері:

1) елге медициналық көмек көрсететіндерді қаржыландыру. Ол медициналық қызмет нарығын дамытады;

2) әсіресе сапалы медициналық қызмет көрсететіндерді көбірек қаржыландыру;

3) мемлекет пен жұмыс беруші және азаматтар өздерінің араларындағы денсаулыққа деген жауапкершілікті бөлісуі.

Мемлекет кепілдік беретін қаржыландырудың бірінші пакетінде жедел жәрдем мен санитарлық авиация, әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққандар және шұғыл жағдайларда медициналық көмек көрсету, алдын алу екпелері, амбулаториялық-дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін амбулаториялық-емханалық көмек (2020 жылға дейін) болады.

Екінші пакетте – МӘМС жағдайында ұсынылатын медициналық қызметтер. Бүл сақтандырылған азаматтарға арналады. Олар: стационарлық көмек (жоспарлы түрде ауруханаларда ем алу), стационардың орнын басатын көмек (күндізгі стационарларда ем алу), жоғары технологиялық (күрделі және бірегей медициналық технологиялар қолданылған) медициналық қызметтер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде), мейірбикелік күтім (өзін-өзі күте алмайтын, үнемі бөгде біреудің күтіміне немесе ауырған дертіне байланысты бақылауға мұқтаж жандарға көмек көрсету), паллиативті көмек (емделмейтін, өміріне қауіпті және ауыр сырқаттан зардап шеккен пациенттердің өмір сапасын қолайлы деңгейге арттыру).

МӘМС жүйесінің бір тиімділігі емделушілер жүйенің қорымен келісім-шарт жасасқан барлық медицина мекемелеріне (перзентханаларға) қарлуына болады. Оларда стационарды таңдау принципі бұрынғы деңгейде сақталады.

Пациент кез келген емхана мен аурухананы өз қалауымен таңдай алады. МӘМС жүйесінде медицина мекемесінің қолданыстағы еркін таңдау механизмі және «ақша пациенттің соңынан ереді» принципі қатаң сақталады. Ең бастысы - МӘМС шеңберінде жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің жалақысы да біртіндеп көтеріледі. Бұл оларды сапалы медициналық қызмет көрсетуге итермелейді.

Фотосурет Айқын газеті сайтынан алынды.

  • 907