Бүгін:
kz ru

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ЕМДЕУ МЕКЕМЕСІ

Қазақ республикалық лепрозорийіне – 90 жыл


 

Молдағали Ақбайнашұлы СЕЙТАЛИЕВ,

«Қазақ республикалық лепрозорийі» РММ бас дәрігері


Ежелгі дерттердің бірі лепра туралы б.э.д. 15-10 ғасырлардағы жазба көздерінде деректер бар. Ғасырлар бойына лепраға шалдыққан сырқаттар жөнінде алып-қашпа әңгімелер, лепрадан қорқу (лепрофобия) және ауру адамдарды кемсіту (дискриминация) орын алды.

Қазақстандағы лепра ешқашан кең тараған кесел болған жоқ. Қазақстан территориясындағы орал казактарының арасындағы лепра туралы алғашқы мәліметті 1769 жылы П.С.Паллас сипаттап жазды. Көптеген авторлардың хабарламаларындағы лепраға шалдыққан адамдар негізінен Патшалық Ресейдің орталық бөлігінің губернияларымен шектесетін облыстарда бой көрсетті. Бұл сырқаттар арасында жергілікті тұрғын өкілдері сирек ұшырасатын. Мұның себебін ұлттық облыстардағы медициналық есепке алу жұмысының нашарлығынан іздеу керек.

Қазақстандағы лепраға қарсы күрестің басталуы 1929 жылы Қазақ лепрозорийінің ұйымдастырылуымен тікелей сабақтас. Бұл уақыт кезеңіне таман Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы мен Сырдария өзенінің теңізге құяр сағасында лепра ошақтарының бар екені белгілі болды.

Жаңадан ашылатын Қазақ лепрозорийінің базасы ретінде Қызылорда қаласынан 9 шақырымдағы австриялық әскери тұтқындарына арналған колонияның бұрынғы ғимараты таңдалды. Дегенмен, мекен-жай онда ауру адамдарды орналастыруға жарамсыздау болатын. Бұл ғимарат қам кесектен салынған жеті бір қабатты үй еді. Онда стационар, амбулатория, лаборатория, дәріхана, кір жуу бөлмесі, санитарлық өткізу болмесі және науқастарға арналған клуб орналасты.

Жаңа анықталған сырқаттар санының өсуі лепрозорийдің төсектік қорын ұлғайтуды талап етті. Сонымен, 1936 жылы онда – 108, 1941 жылы – 296, 1949 ж. – 473, ал 1959 жылы – 876 лепраға шалдыққан науқас жатты.

Жеткілікті материалдық базаның болмауы стационарлық сырқаттар арасында ерекше тығыздық жасады. Қолдағы бар ғимаратқа түрлі қосымша құрылыс жапсыру арқылы лепрозорийді кеңейтудің көптеген талпыныстары қалаған нәтиже бермеді. Қалыптасқан жағдай жаңа лепрозорий салу мәселесін алға тартты.

Соған байланысты Қазақ КСР Үкіметінің 1956 жылдың желтоқсан айындағы қаулысымен Талдыарал тоғайлығынан жер учаскесі мен лепрозорий ғимараты кешенінің құрылысына қаржы бөлінді.

Құрылыс қарқыны алғашқы жылдары өте төмен болды. Тек 1966 жылдың мамыр айында емдік қалашықтың бірінші кезегінің құрылысы біткен соң лепрозорий жаңа учаскеге ауыстырылды. Одан кейінгі жылдары (1966 - 1968) екінші кезектің құрылысы жалғастырылды – қызметкерлерге арналған тұрғын үй қалашығы тұрғызылды.

Қазақ ұлтының тарихында бұрын-соңды болмаған, оның есесіне өзінің іргесі қаланғаннан бері 90 жыл бойы Кеңес Үкіметі ғана емес, бүкіл дүниеге аса ірі ғылыми зерттеу жұмыстарымен атағы танылған даңқты Қазақ  республикалық лепрозорий ұжымы Астрахан клиникалық лепрозорийімен, ал 1948 жылдан бастап лепраны зерттеу бойынша ГЗИ қызметкерлерімен бірлесіп лепраға қарсы күресті пәрменді жүргізді.

Лепролог дәрігерлер Қызылорда облысының Арал және Қазалы, Атырау облысының тұрғындарын жаппай тексеру жұмыстарын атқарды.

Қазақ республикалық лепрозорий базасында Бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылып, лепрологияның өзекті мәселелері туралы ғылыми жұмыс жинақтары шықты, диссертациялық зерттеулер орныдалды. ЕкіншіДүниежүзлік соғыстың ауыр жылдарында жау шебіндегі территориялардан, яғни Ленинград облысы мен Краснодар өлкесінен лепраға шалдыққан сырқаттар қоныс аударып, жан сақтады.

Қазақстандағы лепраға қарсы күрестің алғашқы кезеңі (1929-1930 жж бастап) тұрғындарға көрсетілген медициналық көмектің төменгі деңгейімен, медициналық қызметтердің тапшылығмен және маманданған емнің жоқтығымен сипатталады. Лепрадан жапа шеккендер тек қана басқалардан оқшауланды және көптеген жылдар бойына лепрозорийден сыртқа шығарылмады. Бұл жылдары лепраның таралуының негізгі аймақтары анықталды: Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандары, Гуриев (қазіргі Атырау) облысының Балықшы және Жылыой аудандары.

1938-1939 жж өткізілген Қызылорда облысының Арал мен Қазалы аудандары тұрғындарын алғашқы жаппай тексеру барысында 165 сырқат анықталды.

Тұрғындарды жылма-жылғы жаппай тексеруден өткізу барлық науқастарды түгелдей есепке алуға ерік берді. Тіркелген сырқаттардың ең көп саны өткен ғасырдың 50-ші жылдарына тура келді.

Жылма-жылғы жаппай тексеру барлық сырқаттарды есепке алуға ерік берді. Ауру адамдар санының ең жоғарысы өткен ғасырдың 50-ші жылдары білінді: 1929 - 1940 жж. кезеңінде - 290; 1941 - 1950 жж. – 629; 1951 - 1960 жж. – 1718; 1961 -1970 жж. – 781; 1971 - 1980 жж. – 152; 1981 - 1990 жж. – 32; 1991 - 2000 жж. – 3 сырқат анықталды (диаграмма). Соңғы 10 жылда (2001 ж. бастап) алғаш рет 4 сырқат табылды.

50-ші жылдардың ортасынан бастап лепрозорийден амбулаторлық емге шығарылған науқастар саны күрт артты. Бұл лепраны емдеуде барынша ықпалды болып шыққан сулфондық терапияны енгізумен сабақтас болды.

1960-шы жылдан бастап диспансерлік есепте тұрған сырқаттардың жалпы саны табиғи шығын есебінен азая бастады. 

2019 жылдың басында Қазақстан бойынша лепраға шалдыққан барлығы 381 адам мен 217 контакттағы адам өмір сүреді.

1959 – 1964 жж Қазақ лепрозорийінің базасында құрамында 3 ғылыми қызметкер бар Қазақ КСР тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институтының лепрамен күрес бойынша секторы жұмыс істеді. Олар лепра кеселінде профилактикалық шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ әдістемелік көмек беруде айтарлықтай жұмыс атқарды.

Түрлі жылдары Қызылорда және Гуриев (Атырау) облысының тұрғындарына тексеру жүргізуде Орталық тері-венерологиялық институтының лепрология бөлімінің қызметкерлері (Н.М.Балуев, К.А.Колесов), лепраны зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері (В.Н.Погорелев, Л.М.Чернышева, В.Р.Коган, В.С.Рыбкин)  белсенді қатысты. Сондай-ақ Қазақ республикалық лепрозорийнің дәрігерлері (А.А:Жоглева, Д.В.Бочкарев, Л.М.Демина, В.В.Харитонов, В.К.Телегин, О.С.Смаханов, Т.К.Қалыбаев, Н.А.Мальгин, О.И.Рысқұлов, Л.Я.Клопенко, Л.Д.Якубова, В.С.Сим және басқ.) лепраға қарсы күресте елеулі еңбек етті.

Сонымен қатар Арал лепраға қарсы диспансерінің дәрігерлері (У.А.Әлсеитов, К.А.Абишев, В.Б.Мухараев) мен зерттеу жұмыстарында белсенділік көрсеткендер Н.М.Балуев, К.А.Колесов және А.А.Жоглева болды.

Өкінішке орай әлі күнге дейін, әсіресе әлемнің дамушы елдерінде лепрофобия, стигма, дискриминация орын алған. Бұл ортағасырлық түсінік негізінен лепра туралы ақпараттың аздығынан туындап отыр. Әлемдегі кейбір ғалымдар бұл аурудың жұқпалы екеніне де күмән келтіруде. Адамзат өте ерте заманнан бұл аурумен қатынаста болғандықтан адамдардың негізгі бөлігінде лепраға қарсы туа бітті иммунитет қалыптасқан деген де пікір бар. Лепра ауруын жасанды жолмен жұқтыру (адамға және тәжірибелік жан-жануарларға), лепра микобактериясын жасанды орталарда өсіру талпыныстары ешқандай нәтиже берген жоқ. Жұғу қауіптілігі туберкулез ауруынан 100 еседей төмен.

Тағы бір дәйекті тұжырымдама: 1929 жылы лепрозорий алғаш ашылған кезден бастап осы кезге дейін лепрозорийде жұмыс істейтін мамандардың және жұмысшылардың, осы жылдар аралығында 1929-1966 жылдары 37 жыл бойы 5 шақырым қашықтықта орналасқан Қызылорда қаласының, 1966-2013 жылдар аралығында 57 жыл бойы 1 шақырым қашықтықта қоңсылас орналасқан, негізінен лепрозорийде жұмыс істеген Талдыарал елді мекені тұрғындарының бір де біреуі лепрамен ауырмаған.

ДДСҰ-ның мәліметі бойынша қазіргі таңда бүкіл дүние жүзінде 15 млн лепраға шалдыққан науқас бар. Жыл сайын лепраның 500-800 мың жаңа жағдайы тіркелуде және бұл көрсеткіштің төмендеу қарқыны байқалмайды. 2013 ж. Белгияның Брюссель қаласында болған Конгрессте 2012 ж жаңадан анықталған аурулардың 58 пайызы - Үндістаннан, 14 пайызы - Бразилиядан, 8 пайызы - Индонезиядан, 20 пайызы өзге елдерден анықталғаны туралы ақпарат берілді.

Лепрозорий болған алғашқы жылдарда оған сырқаттардың түсуі мардымсыз болды. Олар негізінен Қарақалпақстанның тұрғындары еді. 7 жылда (1929 жылдан 1935 жылға дейін) лепрозорийге 77 науқас түсті. Бұл эндемиялық ошақтарда тексеру жұмыстарының жоқтығымен түсіндіріледі.

1929 жылы лепрозорийдің бас дәрігері К.О.Дессин, ал 1929 – 1934 жж – Н.В.Шилов болды. 1934 жылдан бастап Д.А.Берже лепрозорийдің бас дәрігері болған кезде лепраға қарсы шаралар біршама жанданды. Лепрозорийдің ескі ғимараты жөнделді, стационар ашылды және ондағы төсек саны 100-ге көбейді, ол жерде енді 4 дәрігер жұмыс істеді. Лепраға қарсы қызметтегі негізгі серпіліс өткен ғасырдың 50-ші жылдары басталды. Мұндағы оңды құбылыс көбіне-көп 1952 жылы лепраны емдеу үшін сулфондық препараттарды енгізумен байланысты болды. Соның нәтижесінде лепра емделетін дерттер қатарына қосылды. Дәл осы сулфондық терапияның енгізілуіне байланысты лепрозорий қызметі диспансерлік принциптерге құрылды. Науқастар ақырында лепрозорий қабырғасындағы өмірлік «қамаудан» арылып, олардың көбісіне толыққанды өмірге қайта оралуға және еңбек етуге ерік берді.  

Лепраға қарсы жоспарлы және жүйелі күрес жүргізудің бастауы көбіне-көп лепрозорийге бас дәрігер болып А.А.Шелаковскийдің және оның орынбасары Э.И.Йоффенің келуімен байланысты (1951 – 1953 жж). Бұл кезеңде Қазақ республикалық лепрозорийін А.А.Шелаковский 1951 жылдан 1953 жылға дейін, Э.И.Йоффе 1953 жылдан 1954 жылға дейін, Л.Я.Клопенко 1954 жылдан 1963 жылға дейін, В.С.Сим 1963 жылдан 1986 жылға дейін басқарды. Қазлепрозорийге А.Ж.Қадырбаев (1986 жылдан 1991 жылға дейін), А.Ж.Ізмағанбетов (1991 жылдан 2008 жылға дейін) басшылық етті. 2010 жылдан бері бұл республикалық мекеменің бас дәрігерімін. 

Осы кезде лепрозорийде 60 науқас адам бар, олардың 45-і қамқорлықта және 30 адам қосымша кеселдерімен ем қабылдауда. Қазақ республикалық лепрозорийі 75 төсек-орынға есептелген, сондай-ақ Арал қаласы мен Қызылорда қаласында (Тасбөгет қыстағы) лепраға қарсы 2 диспансер жұмыс істейді.

 

Лепрозорий лепраның алдын алумен және арнайы емімен қатар оңалтумен (реабилитация), түрлі қосалқы ауруларды емдеумен, хирургиялық, гинекологиялық, офталмологиялық, стоматологиялық, терапиялық, эндоскопиялық, жедел жәрдем және т.б. медициналық көмектермен қатар науқастардың кейбір санаттарына медициналық-әлеуметтік және әлеуметтік көмектің кейбір түрлерін көрсетумен айналысады. Оған қоса лабораториялық, рентгенологиялық тексерулер, УДЗ,  ЭКГ жүргізіледі. Дәріхана (аптека), физиотерапевтік кабинет жұмыс істейді.

Лепрозорий заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның өз клубы, кітапханасы және мұрағат бөлмесі бар. Лепрозорийдің материалдық техникалық базасы ұдайы жетілдіріліп, жыл сайын күрделі және ағымды жөндеулер өткізіліп тұрады. Шатыры жаңартылып, металдық шифер орнатылды. Лепрозорий дербес (автономды) жылумен қамтамасыз етілген. Лепра науқастарында жылуды реттеу (терморегуляция) процесстерінің бұзылуына байланысты ғимаратты жылыту ерте басталып, кеш аяқталады. Ұңғыма арқылы сапалы жер асты ауыз суымен (үздіксіз), ыстық сумен, электр энергиясымен (сөнген жағдайда қосылатын апаттық электр станциямен), канализация жүйесімен қамтамасыз етілген және олардың бәрі қалтқысыз жұмыс істеуде.

Лепрозорийде барлығы - 201 адам жұмыс істейді, олардың ішінде:дәрігерлер – 17; орта буын медицина қызметкерлері – 43; кіші буын медицина қызметкерлері – 28; әкімшілік-шаруашылық қызметкерлері – 113.

Лепрозорийде жұмыс істейтін, мамандықтары бойынша еліміздегі бірегей лепролог дәрігерлер, медбикелер мен кіші аяжандар және жұмысшылар, барлығы 201 адам Қызылорда қаласының тұрғындары. Оларды күнделікті 2 қызметтік автобус тасымалдайды.

Лепрозорий мамандары дүние жүзінің және ТМД елдерінің лепрологтарымен, Германияның Вюрзбург қаласында орналасқан туберкулез және лепраға қарсы күрес ұйымымен тығыз қатынас орнатқан. 2008 жылы Үндістанның Хайдарабад қаласында өткізілген лепрадан дүниежүзілік 17 Конгресстің, 2013 жылы Брюссель қаласында өткізілген дүниежүзілік 18 Конгресстің, жыл сайын ТМД елдерінде өткізілетін ғылыми-тәжірибелік конференциялардың белді мүшелері.

Лепрозорий жұмысы ДДСҰ-ның әркез назарында. Олар лепра ауруларын арнайы емдік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. 2007 жылы лепрозорийге келіп көрген ДДСҰ-ның Орта Азиядағы жұқпалы аурулар жөніндегі өкілі д-р. Фаборов, 2011 жылы облысымызға келіп лепрозорийде болған ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі М.Вуйнович еліміздің лепра аурулары мен мүгедектеріне жасап отырған қамқорлығына жоғары баға беріп, ризашылық сезімдерін білдіріп кетті.

Бүгінгі таңда дүниежүзілік қауымдастықтың алдына денсаулық сақтаудың қоғамдық проблемасы ретінде қойылып отырған міндеттің бірі – лепра ауруын толастату (элиминациялау). Лепраны толастатудың мәні – дүние жүзінің әрбір елінде бұл аурумен аурушаңдықты 10 000 тұрғынға шаққанда 1-ден төмен деңгейге жеткізу. Қазақстан Республикасында бұл көрсеткіш 0-ге жуық, яғни еліміз ДДСҰ-ның анықтамасына сәйкес лепра толастатылған елдер санатына кіреді. Бірақ лепраны түбегейлі жоюға ерте.

Демек, ғасырға жуық тарихы бар емдеу орнының атқарар тірлігі әлі де жеткілікті.


«Сыр медицинасы» газеті, қыркүйек, 2019 жыл

  • 904