Бүгін:
kz ru

ЛЕПРАҒА ҚАРСЫ КҮРЕС МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша қазіргі таңда жер шарында 22 млн лепраға шалдыққан науқас бар. Жыл сайын лепраның 500-800 мың жаңа жағдайы тіркелуде және бұл көрсеткіштің төмендеу қарқыны байқалмайды. 2013 жылы Бельгияның Брюссель қаласында болған Конгресте аурулардың 58 пайызы – Үндістаннан, 14 пайызы – Бразилиядан, 8 пайызы – Индонезиядан, 20 пайызы өзге елдерден анықталғаны туралы ақпарат берілді. Бүгінде Қазақстан бойынша лепраға шалдыққан барлығы 600-ге жуық адам бар.

Бейсенбіде Қазақ Республикалық лепрозорийінің 90 жылдығына арналған «Лепрология, дерматовенерология және дерматокосметологияның өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Германия, Үндістан, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның лепрологтары, дермато-венерология саласының көптеген жетекші мамандары қатысты.

Халықаралық ғылыми басқосудың салтанатты ашылуында  Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамов сөз сөйледі.

- ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі Алаштың анасына балаған, қасиетті Қорқыт бабамыздың табаны тиген топырақта Сіздерді көргенімізге қуаныштымыз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ республикалық лепрозорийінің 90 жылдығына арналған конференцияның салатанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Лепра ауруы әлемдік мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде лепра ауруымен ауыратын 20-22 миллиондай адам бар. Жыл сайын 200 мыңнан астам жаңа жағдайлар тіркелсе, оның 10 пайызы – балалар. Соған қарамастан қазір ғылымға аурудың бұл түрін емдейтін жаңа тәсілдер табылып, көптеген науқастар қоғам өміріне қайтадан белсенді араласуда, - деді ол.

Содан соң осы салада тынбай еңбек еткен мамандар марапатталып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Атап айтқанда, Тбилиси мемлекеттік университеті және Д.Твильдиани атындағы медициналық университетінің доценті Т.Китуашвили, Астрахань қаласындағы лепраны ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Е.Шац, РФ ДСМ Орталық Туберкулезді ҒЗИ директорының орынбасары В.Гергерт Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, ҚР лепрозорий мекемесінің терапевт маманы Г.Дүйсенбаева «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үзідігі» төсбелгісімен, ҚР лепрозорий мекемесінің дәрігер-хирургі А.Ізмағамбетов, аталған мекеменің емдеу бөлімінің дәрігері Ә.Нысанов ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әр жылдары Қызылорда және Атырау облысының тұрғындарына тексеру жүргізуде Орталық тері-венерологиялық институтының лепрология бөлімінің қызметкерлері Н.М.Балуев, К.А.Колесов, лепраны зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері В.Н.Погорелев, Л.М.Чернышева, В.Р.Коган, В.С.Рыбкин  белсенді қатысты. Сондай-ақ Қазақ республикалық лепрозорийінің дәрігерлері А.А.Жоглева, Д.В.Бочкарев, Л.М.Демина, В.В.Харитонов, В.К.Телегин, О.С.Смаханов, Т.К.Қалыбаев, Н.А.Мальгин, О.И.Рысқұлов, Л.Я.Клопенко, Л.Д.Якубова, В.С.Сим және тағы басқалар лепраға қарсы күресте елеулі еңбек етті. Сонымен қатар Арал лепраға қарсы диспансерінің дәрігерлері У.А.Әлсеитов, К.А.Абишев, В.Б.Мухараев мен зерттеу жұмыстарында белсенділік көрсеткендер қатарында Н.М.Балуев, К.А.Колесов және А.А.Жоглева болды. Лепрозорийде 1929 жылы К.О.Дессин, Н.В.Шилов (1929 – 1934), Д.А.Берже (1934-1951), А.А.Шелаковский, Э.И.Йоффе (1951 – 1954), Л.Я.Клопенко (1954-1963), В.С.Сим (1963-1986), А.Ж.Қадырбаев (1986-1991 және 2008-2010), А.Ж.Ізмағанбетов (1991-2008) басшылық етті. 2010 жылдан бері ҚР лепрозорий мекемесінің бас дәрігері қызметін М.А.Сейталиев атқарып келеді.

- Бүгін еліміздегі бірден-бір емдеу-сауықтыру мекемесі ҚР лепрозорий мекемесінің 90 жылдығына байланысты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып отыр. Соңғы екі жылда біздің елімізде лепра ауруы тіркелмеген. Бұл – бүкіл лепрологтардың, тәжірибелі мамандардың еңбегінің арқасы деп ойлаймын. Бүгінгі конференцияда лепра ауруын түбегейлі жою жөнінде мәселелерді қарастыратын боламыз,- деді ҚР лепрозорий мекемесінің бас дәрігері М.Сейталиев.

Айта кетейік, ҚР лепрозорий мекемесінде жұмыс істейтін дәрігер-мамандардың контингенті әр кезеңде әртүрлі болды. 1950-1960 жылдары мұнда 1000 адамға дейін жұмыс істеді. Жыл сайын лепра науқастарының азаюына байланысты лепрозорий 75 төсекке арналған. Мұнда 195 адам жұмыс істейді.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның салтанатты ашылуынан соң облыс өнерпаздарының концерті ұсынылды. Содан соң «Достық үйінде» шетел және Қазақстан лепролог мамандарының қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Онда лепра ауруымен ауыратын адамдарды жаңа заман үрдісіне сай емдеу, аурудың алдын алу, ғылыми-зерттеу институттарында тәжірибе жасау жұмыстары жөнінде баяндамалар жасалып, ортақ ұсыныстар айтылды.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=11422:2019-10-11-04-23-05&catid=2:2011-11-18-08-59-27&Itemid=2

  • 785