Бүгін:
kz ru

Саулық күзетіндегі қырағы қызмет

Әлемде қанша мамандық болса, бәрінің маңызы зор. Әйтсе де, адам жанының арашашысы болған ақ халатты абзал жандардың орны ерекше екені даусыз.

Себебі денсаулық – адамның баға жетпес байлығы. Дәл қазіргі кезде дґрігер қауымының жұмысы бұрынғыдан да қауырт әрі жауапты. Өйткені олар әлемді жайлаған қауіпті індетпен күресте бірнеше ай бойы отбасыларынан тысқары, өз денсаулықтарын қатерге тігіп алдыңғы шепте келеді. Ауруға шалдыққандарға шипа іздеген ақ халаттылар еңбегі қоғам үшін маңызды, әрі абыройлы екені осы сәтте тағы бір мґрте айқындалды.

Індет елге енген сәттен бас­тап Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді шараларды қабылдады. Соның арқасында вирус жұқтырғандар саны өзге елдермен салыстырғанда әжептәуір аз болды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы індетпен күресуші маман­дарға қаржылай қолдау көрсетуді де тапсырды.

Осының негізінде Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұй­­ры­ғының негізінде облыс әкім­дігінің қаулысымен аймақтағы індетпен күресуші медицина ма­ман­дарына қауіптілік санатына қарай үстемеақы берілді. Кәсіби мереке қарсаңында бірқатар маман­дарымыз министрліктің, облыс бас­шысының марапаттарына ие болды. Бұл біздің дәрігерлерімізді жігерлендіргені сөзсіз. Індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Керісінше, белең алып отыр. Осы орайда аймақ ақ халаттылары халық саулығын қорғау күзетіндегі міндеттерін мүлтіксіз атқара бермек.

Сыр медицинасы заман тала­бына сай жарақтанып, дамып келеді. Мәселен, бүгінде саланы медициналық-техникалық құрал-жабдықтармен жарақтандыру 75,78%-ті құрайды. Аталған көр­сеткіш 2016 жылы 63,76%, 2017 жылы 66,41%, 2018 жылы 70,93%, былтыр 75,22 процентпен қоры­тындыланды. Биыл бұл үрдіс жалғасын тауып, 105 дана медициналық техника алу жос­парлануда.

Бүгінгі таңда облыс халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буын маман қызмет көрсетеді. Аймақтың денсаулық сақтау саласында дәрі­гер мамандар жетіспейді. 2018 жылдың 1 қаңтарына тапшылық 205 дәрігерді, өткен жылы 137 дәрігерді құраса, осы жылы 162 дәрігерді құрап отыр. Бұл тенденция республика көлемінде байқалады.

Соңғы кезде мамандар тапшылығы елді мекендермен қатар облыс орталығында ор­наласқан көпсалалы мамандандырылған медицина ұйымдарында орын алып отыр. Мамандық бойынша жіктегенде, негізінен 47 аймақтық дәрігер, 26 анестезиолог-ре­нима­толог, 8 неонатолог, 8 психиатр, 5 фтизиатр, 5 балалар хирургі жетіспейді. Десе де, облыс әкімінің қолдауымен өңірде маман тапшылығын азайту мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Осы орайда облысымыз әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша республикада алдыңғы қатарда екендігін атап өткен жөн.Қолданыстағы жергілікті мәслихат шеші­мімен бекітіл­ген «Әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтар­дың жекелеген санатта­рының тізбесін айқындау» қағидаларына өзгерістер енгізіліп, 2016 жыл­дан бастап медицина мамандықтары бойынша облыс әкімінің гранты тағайындалып, 62 резидент 8 жоғары медициналық білім беру орнында оқуларын жалғастыруда. Биыл олардың 15-сі бітіріп келеді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тікелей қолдауымен Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде 2018 жылы 30, 2019 жылы 40 жалпы тәжірибелік дәрігерді даярлауға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл шаралар өз кезегінде саланың дәрігерлермен қамтамасыз етілуіне оң септігін тигізетін болады.

Ал былтыр аймақтың меди­циналық ұйым­дарына 95 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 43-і (4,3 процент) ауылдық елді мекендерге жол­данып, (2018 жылы 130, 68-і немесе 52,3 проценті елді мекендерге) жұмыс атқа­руда. Жас мамандардың жұмыс­қа орналасуы өткен жылы алғаш рет Денсаулық сақтау ми­нистрлігі мен «enbek.kz» электрондық порталы арқылы жүргізіліп, мамандар өз таңдауларын жасады. Бұл өз кезегінде жас мамандардың инфрақұрылымы дамыған республикалық маңызды қалаларда орналасқан Ұлттық орталықтарда не емха­наларда қалуына мүмкіндік беріп, сәйкесінше өңірлерде қызмет етуге ниетті мамандардың үлес салмағының азаюына әкеп соқтырды. Ауылдық жерлердегі медицина ұйымдарында жұмысқа қабылданған ма­ман­дарға Үкімет қаулысына сәйкес рес­пуб­ликалық бюджет қаражаты есебінен кө­терме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беріліп келеді.Байқоңыр қаласында 2018 жылдың мамыр айында ашыл­ған қазақстандық көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер тапшылығы орын алған. Облыс әкімінің тапсырмасымен салынған әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған 5 көпқабатты тұрғын үйден 12 пәтер дәрігерлерге бөлінді. Нәтижесінде 9 дәрігер сырттан келіп, тұрақтады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде жергілікті атқарушы органдардың құзырына жергілікті бюджет қаражаты есебінен елді мекендерге жолданған медицина және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қарастырылған. Осы орайда орын алған дәрігерлер тапшылығын ескере отырып, мәселе облыстық мәслихаттың кезекті отырысында қаралып, өңірге аса қажетті мамандықтар бойынша көтерме жәрдемақы бөлу үшін жергілікті бюджеттен биылға тиісті қаржы қарастырылды. Өңірге мамандарды тарту және тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде, саланың білікті кадрларымен қамтамасыз етілуіне ықпал етіп, сәйкесінше халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігі жақсаратын болады. Медицина саласына келіп жатқан жастар көп деп айта аламын. Ал оларды ауылдық жерлерге көптеп тарту бағытында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыс та, көрсетіліп жатқан көмек те аз емес.

Жалпы денсаулық сақтау саласы асқан жауапкершілікті талап ететін сала десек, дәрігер – сол жауапты арқалаған адам өмі­рінің арашашысы. Осы ретте, бүгінгідей әлемді жайлаған індетпен күресуде маман­дарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді.

Барша әріптестерімді келе жатқан «Медицина қызметкерлері күні» мерекесімен құттықтаймын! Халық денсаулығын ойлап, күні-түні қызмет етіп жүрген әріп­тестерімнің еңбегіне ризашылығымды білді­ремін. Ел игілігі жолын­дағы еңбектеріңіз әрдайым нәтижелі, мерейлеріңіз үстем болсын!

Жақсылық ӘБДУСАМЕТОВ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

https://syrboyi.kz/densaylik/sawlyq-kuezetindegi-qyraghy-qyzmet-41553/

  • 589