Сырқат аты – БЕТПЕРДЕ кітабы
Орынбасар ЖҰБАНИЯЗҰЛЫ
Бұл кітап ҚР лепрозорийінің құрылғанына 80 жыл толу құрметіне 2009 жылы шығарылған. Кітап Қызылорда қаласындағы «Принт» баспаханасында басылған. Кітапта аталмыш мекеменің құрылу тарихы, онда жұмыс істеген мамандардың өмір жолы баяндалған.
Кітапты сайтқа салған Серікбай Смағұлұлы,
эпидемиолог дәрігер,
Арал-Қазалы лепродиспансері
Кітап авторы туралы
Орынбасар ЖҰБАНИЯЗҰЛЫ 1938 жылы Арал ауданы «Қарашалаң» колхозына қарасты «Байсары» елді мекенінде дүниеге келген. Ауылдағы жеті жылдық мектептен соң Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы мектепті оқып бітірді. 1958 жылы Қызылорда медициналық техникумын фелдшер мамандығы бойынша аяқтады. Одан соң Арал ауданындағы «Көзжетпес» фелдшерлік бекетінде меңгеруші болды. 1959 жылдан бастап Қазақ республикалық лепрозорийында палата мейірағасы, 1961 жылдан 7-ші бөлімше фелдшері, эпидемиолог көмекшісі болып жұмыс істеді. ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Дерт пен Дауа» Қызылорда облыстық медициналық газетінде тілші болды.
2001 жылы «Сағындырған ауылым», «Кесел аты - бетперде» кітаптарын жарыққа шығарды.
Бұл емдеу орнында қырық жыл үзіліссіз еңбек етсем де осы кезге дейін лепра сырқаты жайлы жан-жақты, толық мәліметті етіп жазылған еңбекті кездестірмедім. Кезінде бір-жар кітап Ресей елінде шыққанымен өзге елге таратылмады. Ал, Қазақстанда Ікірәм Сәлімұлы Ідірісов мырза осы саладан өзінің оташылық жағынан жазып, докторлық ғылыми атақ қорғаған еді. Бұл азаматтың еңбегі жайлы кейінірек тоқталамыз.
Қазақстанда лепра ауруханасы әу бастан құрылғанмен, науқастардың басын біріктіріп, оларға жағдай жасап, дәрі-дәрмектен көмек беру мүмкіндіктері болмаған. Келгендердің көбісі жатын орын мен ішіп-жері болмаған соң кетіп қалып, халық көзінен тасаланып, әрқилы өмір өткізген. Алайда, сырқат ел арасында етек алып, өршіп кетпеуі үшін қалайда бір орында бастарын құрау қажет еді. Үкімет талабы да осы болды.
Сырқатын білген адамдар ғана жер-жерден жиналып, орныға бастады. Келгендер медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды. Өкінішке қарай лепрозорийде еңбек еткен бұрынғы басшылары мен дәрігерлерден емдеу орны мұражайында бірі-жары ғана болмаса, өзге мәлімет қалмаған, суреттері де жоқ. Кезінде сырқаттанып емделген бір-екі қарттан ғана сұрастырып білген болдым.
Автордан
Мекеме Қазақ республикалық лепрозорийі болып РСФСР халық комиссариаты кеңесінің арнайы қарарымен 1929 жылы, қазан айында құрылған.
Сол кездері Қызылорда облысы, Арал, Қазалы мен Қармақшы аудандарында лепра сырқаты бас көтергендіктен лепрозорий ауруханасы Қызылорда қаласы мен Тасбөгет поселкесінің арасын бөліп тұрған "Сталин" каналының батыс бетіне орналасқан.
Алғашында үкімет тарапынан барақ типті екі-үш үй тұрғызып, бірі емхана болса, екіншісін аурухана үшін пайдаланған.
Бастан-ақ бас дәрігер болып келген Н.В.Шилов мырза бар науқастарды барақ бөлмелеріне орналастырғанмен орын жоқтарға бір-екі бөлмелі лашық салуына көмек еткен. Құрылыс материалдарының тапшылығынан үй тұрғызуға тал, жыңғыл мен шеңгелді шауып пайдаланған.
Жыл өткен сайын науқастар саны артып,жаппа үйлер жиілеп, ауыл көлемі ұлғая түсті.
Орналасқан жердің аты "Кіші Сабалақ" депаталды. Хат, газет, хабарлар "пошта жәшігі -14" деген жазумен келетін болды.
Бастан-ақ бұл сырқаттың арнаулы емі болмағандықтан науқастар көп қиындықты бастарынан кешті. Сырқаты өршіп, денеге қара және қызыл түйіршіктер пайда болып, ыстығы көтерілді. Дем жетпей, төсек тартып жатты. Ем-домнан қою-сарғыш майды (генекорд) ерітіп, қасықпен мезгіл сайын ішкізген. Алайда, оның ағзаға көмегі аз болып, қас, кірпік пен шашты түсіретіндей кері әсері болған және теріде пайда болған таңба мен дақты айналдыра сырып егетін қара дәрі "подкол" қолданылған. Соған сәйкес, науқастардың жағдайы көтерілмей, киім-кешек тапшы, тамағы нашар, жартылай аш құрсақ жүрген. Қаладан нан әкелуге азанда кеткен өгіз арба түстен кейін ғана шаң берген, тәттіге ұмтылған балаша барлық адам арбаны қоршалап, мөлшерлі нанын таласа-тармаса алады екен.
Жалпы, төрт ат арба болған, оның біреуі қаладан нан, екіншісі емдеу орны қызметкерлерін, енді бірі тағамдар тасиды. Бес өгіздің екеуі Сырдариядан су, үш өгіз отын, пішен жеткізеді екен.
Сол кездері науқастар басы баршылық болғандықтан лепра ошағына және науқастарды бақылау жасауды ұйымдастыру бойынша шараларды өткізу жөніндегі мәселе туындады.
Үкіметтің арнаулы шешімімен Сырдария өзенінің жағасындағы Аманөткел ауылынан төрт шақырым жер бөлініп екі жүзден аса адам қоныс аударды. Колхоз құру да жоспарда болған екен. Бірақ, шаруашылық дұрыс бағыт алмай тарап кеткен. Науқастар лепрозорийге қайта оралған.
1944-ші жылы емдеу орны шаруашылық жағын және арнаулы дәрігерлік мамандығы болмаса да бас дәрігерлікті қоса атқарған А.К.Затопляев есімді азамат кезінде де науқастар жағдайы жақсара қоймады. "Тірі адам тірлігін істейді" демекші, денсаулығы бар науқастар бір-жар жандық, ірі қара ұстап күнкөріс жасаған. Пішен орып, бақшалық салған. Осындай еңбек көпшілігінің көңілін бөліп, денсаулығын түзеген. Бұдан кейінгі уақыттары емдеу орнына басшы болып келген Г.С. Шамрай, А.А.Шелаковский және Э.И.Иоффе мырзалар кезінде де науқастар тапшылық пен таршылық кезеңінен арыла қоймады.
1954 жылы бас дәрігердің орнын Лев Яковлевич Клопенко ауыстырғанда ғана науқастардың жағайына өзгеріс еніп, ас-суыг төсек-орын, киім-кешекпен қамтамасыз етіле бастады.
Бұған дейін бұл сырқатты ұнтақ және түйір дәрілермен емдегендіктен сауығуы ұзаққа созылып келді. Ал 1956 жылы арнаулы емді ағылшындар жасап, жетісіне екі мәрте денеге егетін май дәріні қолданғаннан кейін науқастардың сырқаты жеңілдей бастады. Алпысыншы жылдары емді жаппай қабылдағандары сондай, егу бөлмесінің алдында отыз, қырық адам кезекте тұратын. Бір жетінің екі күнінде (сейсенбі, жұма егетін күндер) көмекке жігіттерді шақырып, бес грамдық шприцпен жұмыс жасайтын. Май дәріні жылытқанмен жылжуы қиын болғандықтан саусақ күлдіреп ісіп, не шприц сынып, қолды жарақаттаған кездер жиі болатын.
Бұрындары науқастар арасында жиі айтылып, тарап кеткеніндей, жаңадан сырқаттанып келген адамды «шеңгел қора» деген салқын сөзбен қарсы алады екен. Бұлай атаудың себебі, арнаулы емнің болмаған кезінде сырқаты асқынып, өлім-жітім жиі болып, жерлеген соң шеңгелмен қоршай салады. Л.Я.Клопенконың тағы бір игілікті ісі – дарияның арғы бетіндегі Талдыарал деген жерден лепрозорий ауруханасының жаңа құрылысын қолға алдыруы.
* * *
Лепра сырқаты дүниежүзі халықтары арасында туберкулез сияқты ежелден тараған. Алғаш Еуропа құрлығында етек алып, кейін кеме матросы мен саудагерлер арқылы Азия құрлығына келген делінген бірқатар осы сала ғалымдарының пікірінше. Сондай-ақ, Африка, Оңтүстік Америка, Бирма, Тайланд, Индонезия, Жапония, Қытай, Гонконг, Нигерия мен Мозамбик, Уганда және басқа да елдерде тараған. Ал Еуропа құрлығындағы Солтүстік Кавказ, Волга өзенінің төменгі жағы, Орал аймағында сырқат белең алып, Якутия мен Прибалтика елдерінде ішінара кездескен.
Алайда,сырқат атынан үріккен халық сырт айналғандықтан өзіне-өзі қол жұмсағандары, тіпті аштан өліп кеткендері болған. Бұл сырқатты халық арасында «Махау», «Алапес», «Жаман ауру», «Жаман ауру», «Пес» деп түрліше атап келді. Бұның барлығы науқас атына айтылған сөздер деп білемін.
Бүгінгі күндері ондай атауға ие болатындай сырқаттың алып бара жатқан «қаһарлы» анықтамасы жоқ. Біз білетіндей, бұрындары бұл науқасқа қарсы қолданатын арнаулы емнің болмаған кезінде дерті асқынып шарасыздық танытқанда көпшілік науқас адамды бөлектеп, ауыл шетінен күрке салып, сонда ұстаған. Мезгілімен ас-суын беріп, өмірінің соңғы күніне дейін жағдайын жасаған. Алайда ол оқшауланғаннан үрейленіп, тән жарасымен қатар жан жарасы да асқынып, өмірі қысқарған.
Бұл кеселдің тағы бір ерекшелігі – адам бойында он шақты жылдай сақталып (ұйықтап), ағза әлсізденгенде, не салқын қармап тоңазығанда бас көтеріп сыртқа көрінуіне себеп болған.
Лепраның халық арасына тарап, етек алуына 1937 жыл сойқанымен қатар соғыс тұрмысының нашарлауы, жан күйзелісі үлкен әсер еткені белгілі. Тек социалистік қоғамда ғана халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайы жақсарып, ауыртпалықтан жеңілдеп, сырқаттың беті қайта бастады.
Лепра қоздырғышын (құртын) 1872 жылы Норвегия елінің ғалымы Хансен анықтаған. Сондықтан оны кейде Хансен сырқаты деп те атайды. Ал, өкпе дертінің (туберкулез) құртын Кох есімді неміс ғалымы анықтап, жария еткен. Ғалымдардың пікірінше, екі сырқаттың да қоздырғышының бір-біріне ұқсастығы байқалған. Сондықтан болса керек, кешеге дейін емнің кейбір түрлерін екі сырқатқа да пайдаланған болатын. Алайда, лепраның жұқпалылығы өкпе сырқатына қарағанда екі, үш еседей төмен екендігі байқалған.
Одақ кезінде халқы тығыз орналасып, науқас басы баршылық болғандықтан кейбір республикаларда өз лепрозорий емдеу орны болды. Ресей қалалары – Загорск, Астрахан мен Ростовта ғылыми институттар жұмыс істеді. Загорск, Терск мен Абинск қалаларында осы саладан ғылыми атағы бар Торсуев, Балуев, Шубин, Кулагин, Логинов, Ющенко, Евстратова және Погорелов сияқты ғалымдар еңбек етіп, Қазақстанға жиі келіп, сырқат жайлы кеңес беріп, науқастарды саулықа шығару сарапшыларына төрелік ететін. Олардың қорғаған ғылыми еңбектері мен айтуларына қарағанда, бұл сырқат науқас адаммен тығыз байланыста болғанда, оның қолданған заттары және ауа арқылы тарайды деген. Бүгінгі күнге дейін осы салада еңбек ететін мамандар сол түсінік пен сол қағиданы мақұлдайды. Өйткені, сырқат тарихы Ресей мен өзге республикаларда солай қатталып таралған. Алайда, көптен еңбек тәжірбиесі бар маман дәрігерлердің кейбірі жоғарыдағыдай пікірге қосылмайтынын айтады.
Лепрозорийде қырық жыл еңбек еткенде бұл сырқат жұқпалы деген түсінікте болғаныммен, көңілге ұялаған күдігім де жоқ емес. Өмір тәжірибесі көрсеткендей, бір отбасындағы алты-жеті адамнан тек қана біреуі науқастанатыны және ерлі-зайыптылардың әйелі науқастанып, көп уақыт күйеуі бірге тұрғанымен ол адамнан сырқат белгісінің байқалмағаны. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы ауруханада үзіліссіз еңбек етіп зейнетке шыққан қызметкерлер саны қаншама, бірақ солардан осы сырқатпен науқастанды деген бірде-бір оқиға тіркелмегені. Алайда, бір отбасының бірінен кейін өзгелерінің науқастанатыны кім-кімді болсын ойландырса керек.
Ал, ғалымдардың пікірінше, отбасы мүшелерінің бір-бірімен тығыз қатынасы және әрбір адам ағзасының сырқатқа қарсы тұру қабілетіне байланысты деген көптеген айтылып жүрген тұжырымға тоқталады.
Сонымен қатар, бұл сырқаттың қайдан, қалай пайда болып таралуына да белгілі бір байлам сөз жоқ. Көбіне адам ағзасы әлсіреп жүргенде, не салқын тиіп суық қармағанда сырқаттың қозуына әсер еткені жиі кездескен. Сонымен қатар, Арал, Каспий теңізі маңы, Сырдария бойын мекендеген тұрғындарға «балықтың кейбір түрінен беріледі» деген теріс пікір айтылғанмен, ол шындыққа жанаспайтыны дәлелденген. Және теңіз суына қатысы жоқ, қырда өмір сүрген (Алматы қаласының маңы, Семей облысынан, Қырғыз, Өзбек республикасынан) науқастанып келгендер болды. Сырқат тарихына үңіле қараған адамға оның әлі де ашылмаған сырлары бар сияқты.
***
Лепрозорий құрылғаннан бастап дәрігерге деген тапшылық болған. Алғашқы жылдары жүрек қалауымен дәрігерлер К.О.Дессин (1929ж.), Н.В.Шилов, А.Э.Дуквицтер біраз жыл еңбек етсе, фельдшерлер С.Э.Крегер 1929 жылдан бастап 1954 жылға дейін, ал, А.М.Терехова 1939 жылдан 1963 жылға дейін үзіліссіз еңбек еткен.Бұлар қиын-қыстау кезеңнің өзінде медициналық қызметтің әр саласында күн-түн демей жүрген жандар. Жылдар өтіп жағдай жақсара бастағаннан жоғары оқу орнын бітірген дәрігер мен фелдшерлерлер ауруханаға, санаулы болса да, келе бастайды.
1960 жылдан бастап дәрігер мен орта дәрежелі медициналық қызметкерлерден топ құрылып, науқастар тұрған елді-мекендер тұрғындарын түгел қарап тексеруден өткізетін болды. Осылай, сырқаттың алдын алу шаралары қарастырылып,науқас адамдарды емдеуге алды.
Соғыс өрті басылғаннан кейінгі жылдары науқас басы баршылық болғандықтан және үй-жайдың жетіспеуіне байланысты 1951 жылдың май айында Өзбек, Тәжік және Түрікмен елдері лепрозорийларына қырық, елу науқастан бөліп таратқан. Ал, 1954 жылы денсаулық сақтау министрі ауруханадағы жағдайды ескеріп, екі отбасынан тұратын он бес үй салдырып, пайдалануға берген.тұрғын үй мүмкіншілігі болғаннан кейін сыртқа кеткен науқастар емдеу орнына қайта орала бастайды.
***
Лепра сырқатының үрейлі аты сырт адам түгілі науқастың өзіне де түрпідей естіледі. Емдеу орнында төрт-бес жыл, кейде онан ұзағырақ уақыт шектеулі жерде өмір сүруіне тура келеді. Үнемі дәрігер бақылауында болады, сырқат микробы азайып,ағза арылғанда ғана отбасына жиырма күндік «демалысқа» жіберіледі. Әрине, отбасы, шаруашылық жағдайына байланысты қысқа мерзімдерге баруына рұқсат етіледі. Бірақ, науқас белгілеген мерзімде оралуы тиіс, себепсіз күндер асырылса шара қолданылып, кейін «демалыс» алу мүмкіншілігінен айрылады. Рұқсатсыз аурухана аумағынан ешқайда шықпай, отбасына қатынаспау сияқты қатаң талаптар науқас адамың жүйкесін жұқартып өзін үнемі қауіпті адамдай сезініп жүретіні белгілі.
Дәрігерлер көбіне науқас пен оның отбасына ғана кеңес берумен шектеледі. Баспасөз, радио мен теледидардан жария етілмегендіктен, сырт адамдар бұл сырқаттан мүлдем хабарсыз болды. Алғашында атынан шошынып, «жел» сөзге еріп, ерлі-зайыптылардың ажырасып, не туған-туыстары науқас адамына ат ізін салмай кететіні бар. Ондайда сырқат адамға соққы болып тиеді, сырқаты қозып, ауруына ауру қосады.
1953 жылы лепрозорийдің аумағын белгілеп, темір тормен қоршап, әр жерге күзет қойды. Бұлай,айыпты адамдардай етіп ұстау, «жығылғанға жұдырық» демекші, науқас жүйкесін тағы бір тексеріп, жан жарасын тырнағандай болды. Осындай жағымсыз жайларды бастан кешіріп жүрсе де олар үзіліссіз, тыңғылықты емделе білді. Дәрігерлердің бақылауы мен өздерінің ұқыпты емделуінің нәтижесінде сырқатынан айығып және саулыққа шығарылуы төрт-бес дәрігер-сарапшылар ұйғарым-шешімімен анықталады.
Одақ кезіндегі денсаулық сақтау министрлігінен белгіленген арнайы бұйрығында көрсетілгендей, жергілікті әкімшілік науқас жағдайымен санасып, тұрғын үй және жұмыс тауып орналасуына ықпал жасап, оның барлық емдеу орындарына барып емделуіне тең құқылы екенін ескеру міндеттелген. Өкінішке орай, біз білетіндей саулыққа шыққан адамдарға жоғарыда көрсетілгендей мүмкіншіліктердің жасалғанын еш жерден естіп-көрген емеспіз. Ол тек сөз жүзінде ғана калып келеді.
***
Әрдайым оның соңына ерген «осындай сырқатпен емделген» деген «қоңырау» оны еш жерге сиғызбады, біле қалса, «сүтке тиген» мысықтай боп жүретіні шындық еді.Осыдан кейін амалы таусылған ол қашан да өзін еркін сезінер лепрозорийге келіп жұмысқа, не болмаса үкімет қамқорына қабылдауын сұрайды. «Қайтқан малда қайыр бар» демекші, емдеу орны басшылары да жағдаймен санасып, қайырымдылық жасайды.
Сауалып шыққан адаммен өндіріс орны, не мекеме басшылары арасындағы түсінбестік жағдай бұрындары орын алғанмен, бұл күндері әрбір сауатты, медицинадан хабары бар, көзі ашық адам лепра сырқатының соншалықты қауіпті емес екеніне көз жеткен соң басқаша түсінікпен қарайтын болды. Емделген азаматтар еліміздің әр түкпірінде, мамандығына сәйкес көппен қатар қоян-қолтық еңбек етіп жүр. Отбасылы болған, бала- шағасы бар, өмір шаттығына бөленіп жүр.
Лепрозорий дәрігерлері әрдайым өтіп тұратын дүниежүзі лепрологтарының бас қосуы-конференция мен сьезіне қатысып, болған жаңалықтарымен науқастарды да хабардар етіп отырады.Мысалы, Үнді елі мен Африка құрлығы елді-мекеніндегі емделетінадамдарды ауруханаға жатқызбайды екен.Ал, Алманияда науқас адамды алғашқы үш ай ем қабылдап,қоздырғышы залалсызданғанша бөлек ұстап емдейді де, қалған уақыттарға дәрі-дәрмегін қолына беріп, үйінде емделуге рұқсат береді.
Мен 1959 жылы қазан айында лепрозорийге фельдшер болып қызметке орналасқанымда науқастар басы баршылық екен. Арнаулы дәрі-дәрмек бар болғанымен, бірқатар науқастардың сырқаты қозып, ыстығы түспей, денеде түрлі түйіршіктер көбейіп,аурушаң болды. Ол айлап созылғандықтан жара пайда болып, дене мүшелеріне әсер етті. Уақыт өтіп, еңбек тәжірибесі көрсеткендей, әлгіндей науқас адамдар ерлі-зайыпты болып қосылып, балалы болғанннан кейін сырқат асқынуы басылып, ағзасының жеңілдегені байқалады. Мұндай жағдай дәрігерлерге де белгісіз,ағза өзгерісінен болса керек.
Лепрамен әр жастағы адамдар ауырады, алты, жеті жастағы баладан еңкейген қартқа дейін келіп емделеді.
Емдеу орнында клуб, кітапхана қызмет етсе, жастар жағы баршылық болғандықтан комсомол ұйымы құрылып, жұмыс істей бастады. Көркемөнерпаздар үйірмесі ұйымдастырылып, мереке күндері концерт қойылып, көріністер көрсетіліп, науқастар көңілін көтерсе, кешкілік би билеп, музыкалық аспаптарда ойнады. Және клубта жетісіне екі мәрте кинофильм көрсетіліп тұрды.
Емдеу мерзімі ұзағырақ және үкімет қамқорлығында болғандықтан жастардың көбісі үйленіп шаңырақ құрды.Балалы болған соң,үш жастан кейін аурухана атынан ашылған балалар үйіне тапсырылып,сонда тәрбие алып, оқыды және ата-анасына жиі әкеліп жолықтырып тұрды.
Комсомол ұйымының ықпалымен жастар жағы емдеу орнындағы түрлі жұмыстар саласына орналасып еңбек етті. Оқуын үзбей, кешкі мектепте жалғастырып аттестат алды. Сауалған соң жоғарғы оқу орындарына түсіп дипломға ие болғандар көптеп саналады. Он бір жылдық мектепте емделіп жатқан жоғарғы білімді мұғалімдер сабақ берді. Уақыттың көңілді де мәнді өтуіне байланысты жастар жағы аз мерзімде-ақ саулыққа шыға бастады. Әрине, емдеу орнында үйленіп, балалы болуға рұқсат болмаса да, өмір тәжірибесі көрсеткендей сырқатына айтарлықтай кері әсері болмағандықтан, оған дәрігерлерде карсы бола қойған жоқ.
Емдеу орнына келген науқас адамдардын арасында әр рудан, жасы үлкен, есті, заман талабына сай, түйгені мол,көпке сөзі жүретіндей халық ағалары болды. Олар науқастанып келген адамдарды, әсіресе жастар жағын өз қамкорлықтарына алып, үйлеріне жатқызып азаматтық танытқан.Олардың мезгілімен тамақтанып, дәрі-дәрмек қабылдап, топқа жәрдем пұл алуына және емдеу орны ішінде еңбеккеараласуына сөз көмегін аямайтын.Сонымен қатар жиі болып тұратын той-томалақ, құдайы садақаларын атап өткізуге мұрындық болып, ағайынның тегіс қатысуына себепші болып жүретін жанашыр азаматтар.Олардың қатарында: Ернияз, Алтынбай, Әбжет, Нұрлыбай, Ақеділ, Төретай, Жолдас, Сейтмұрат, Мұрабай, Имахан, Нұрахмет, Әлмұрат және басқа көптеген ел ағалары өздерінің біліктілігімен жастарды тәрбиелеудегі тәжірбие-өнегелерін көрсеткен еді. Иә, бұл сырқаттан бейхабар, бейтаныс адамның емдеу орнында әлгіндей жайлардың өткізілуі қалай деп таңдануы да мүмкін ғой. Алайда, лепрозорийді өзге ауруханалармен салыстыруға тіпті де болмас.
Мұнда науқастанып келген адам сырқатына қарай жылдап жатып емделуіне тура келеді. Адам төсек тартып жатып қалмағаннан кейін, «тірі адам тірлігін істейді» демекші, басындағы қуаныш-реніштерін атап, жастар жағы кеш өткізіп, уақыттарының көңілді өтуін қалайды. Ондай шараларды өткізуге дәрігерлер қауымы да қоштап қарсылық білдірмейді. Марқұм болған жандарды ақ жуып, арулап, мұсылман әдебімен молда шақыртып, шығарып салады.
Тағы бір айта кететін жәйт, марқұмның жанашыр жақындары өзге аудан мен облыстарда тұратын отбасына мәйітті алып барып, жерлеуге автокөлік жағынан әрдайым бас дәрігердіңкөмек көрсетіп тұратыны. Мұндай қазақи, имандылықты дәстүр емдеу орнында осы кезге дейін жалғасын тауып келеді.
Қазіргі кездегі нарық қыспағы емдеу орнын да айналып өтпесе керек. Үкімет тарапынан жылда бөлінер қаражат қалтасының түбі қушиып, бұрынғыдай дәрі-дәрмек молшылығы орта түсіп, киер киім тапшылығы да байқалады.Адамдар өздері қалаған киімді жәрдем пұлына сатып алады. Кей-кейде өзге елдерден гуманитарлық көмек келген болады, бірақ көбіне жуылған, киілген киімдер және көбісі балаларға арналған. Көңілдеріне риза болған науқас жандар оларға рахметін айтады.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, көңілге реніш ұялатары сол, байлықтың басын ұстап отырған қалталы ағайындардың «Валентин күні», концертке шетелден әншілер шақырып, шапан жауып, баласының туған күніне дүрілдетіп той жасап, ұшақпен ақша шашқандарын естігенде, «япырай, кім боп барамыз» деп таңданасың. Сол молшылықты дейміз-ау, әлгі байшыкештер осындайжылдап емделіп жатқан жандарға неге көмегін корсетпеске.Олардан алғыс алса Алла алдында имандылықты, азаматтық борышын өтеген болар еді.
1963 жылы емдеу орнына бас дәрігер болып Владимир Сергеевич Сим мырза келгеннен кейін жаңа аурухана құрылысын қолға алып жеделдетіп, сол жылы Талдыарал елді мекеніне көшірді. Сөйтіп, жерден көтерілмеген науқастар керуетке жатып, жылы суы бар, туалеті ішінде жаңа үйлерге орналасты.
Ал, «Кіші Сабалақта» саулыққа шығып отырған адамдар мен олардың отбасына Тасбөгет поселкесінен үй құрылысын салуға жер беріліп, көшірді. Емделуі үшін аудандық емхана жанынан екі бөлмелі ескі үй бөлінді. Ол поселкенің батыс шетіне орналасқандықтан адамдардың қатынап емделуіне жырақтау болды. Өйткені, қол-аяғы кемістеу жандарға қиын соқты. Сондықтан, емделетін адамдар шоғырланған аймақтан диспансер үйін салу қажеттілігі туды.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, В.С.Сим мырзаның өзіміз куә болған бірқатар жақсылығын көрсетуді жөн көрдік.Дүйсен есімді қызметкердің отбасында алты баласы бола тұра есепші оның айлық табысынан алты ай бойы «кіріс салығын» толығынан ұстап келген. Жігіт бас дәрігерге кіріп осы жайды білдірген соң ол есепші келіншектің жорналымен келуін сұраған. Сол жерде отырған бірқатар қызметкерлердің көзінше: «Сіз менің де айлығымнан осылай себепсіз ұстап отырған шығарсыз?» деп оны қызартып,келешек қайталамауын ескертті. Сөйтіп, алты ай бойы дәлелсіз ұстап келген ақшасын қайтарып бергізді.
Сол сияқты Сәлім есімді жігіт емделіп саулыққа шығып, емдеу орнында еңбек етіп жүрген болатын.Бас дәрігерге барып, есеп-қисап бөлімінің екі ай бойы жәрдем пұлының жартысын «айлық табысының өсуіне сәйкес» деп бермей отырғанын айтты. Бас есепші бас дәрігердің өз қандасы болса да телефонды алып, оған: «Науқас адамның жәрдем пұлынан ұстауға құқымыз жоқ, алдымен мен жауап беремін, ақшасын толық қайтарыңыз» деді даусын көтеріп. Бұл жайларды ұсақ-түйек десек те, ол алдына көмек сұрай келген адамның меселін қайтармайтын. Қиналған адамға көмегін көрсетуге тырысатын.
1986 жылы емдеу орнына басшы болып қызметке келген, аурухана өмірінде тұңғыш рет өз ұлтымыздан Амангелді Қадірбаев мырза диспансер құрылысын қолға алмақшы болып, поселке кеңесінен жер сұрады. Онда отырғандар сырқат атын естігеннен азар-безері шығып, шығыс беттегі құмның арасын көрсетіп, жақын маңға жуытпаған. Олармен келісе алмаған бас дәрігер менің (осы жолдардың авторы) поселкелік кеңеске депутат екенімді білгендіктен болар, қоңырау шалып көмек беруімді сұрады.
Дайын құжатпен Тасбөгет поселкелік кеңестің сол кездегі төрағасы Мұрат Ниязбаев мырзаға барып, біздегі науқастардың көбісі мүгедек жандар екенін айтып, олардың денсаулығымен санасуын өтіндім және қашық жерге бара алмайтындарын айтып түсіндірген болдым. Ол кісі келіскенмен, алайда, құрылысқа оңтайлы жердің жоқтығын көлденең тарта берді, оңашалау болғанын жөн көрді. Мен оған бұрынғы «шаруашылық есептегі автобаза» мен қорым арасындағы шағын алаңды есіне салдым.
- Ол алаңға автобаза директоры ағаш отырғыздық деп еді ғой, - деді де, телефон тұтқасын алып қоңырау шалды. Екеуара сөзге мен де құлақ тосып отырмын. «Мұқа-ау! – деді арғы беттен жуан дауыс, - ол жер сор, ашып, отырғызған көшеттер күйіп кетті ғой» деп жауап берді. Мен іштей көңілдене түстім.
– Сен онда былай істе, - деді ол маған. – Қорым мен екі ара үш жүз метр, ал аялдамадан жиырма бес метр қашық етіп диспансер орнын сызып, аумағын қағазға түсіріп алып кел.
Сол кездегі диспансер меңгерушісі Н.А.Мальгин мырзамен ойласа отырып үй көлемін сызып, бөлмелерін көрсетіп алып бардым. Көңілі толған төраға бірден қолын қойып, мөрін басып берді. Арада көп уақыт өтпей диспансер құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бас дәрігер көп алғысына ие болды.
***
Көптен сырқаты бар науқастардың қол-аяғы, жүйке-жүйкелері ауырып, түн баласы көз ілмей қиналады. Ондайда қабылдаған дәрінің де көмегі шамалы болады. Аяғына жара түсіп, ұзақ уақыт бойы жазылмай жүреді. Науқастарды көп қинайтын осы жайлардан хабардар болды ма, облыстағы айтулы оташы, республикаға еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Ікірәм Сәлімұлы Ідірісов мырза көмекке келді. Ісінген жүйке мен ойық жара және сүйектің қисайғанына оташылық жасап түзеді. Және бас теріден алып қас салу сияқты күрделі істергебатыл барып, жаңалық енгізді. Сөйтіп, 300 (үш жүздей) ота жасаған. Бұл кісінің алдына сонау Қарақалпақ және Өзбекстан лепрозорийінен науқастар келіп, қол көмегін көріп сауалып қайтты. Осылай, қиналып жүрген науқастардың ағза мүшелерінің кемшілігін түзеп, алғысын алып абыройға ие болды. Айналасы алты-жеті (1956-1963) жылдың ішінде еткен еңбек тәжірбиесін жинақтап кітап етіп шығарып, докторлық диссертация қорғады. Бұл, әрине өзге елдердің лепрозорий дәрігерлері мен науқастарына деген үлкен тәжірбие және көмек болды.
***
Сондай-ақ, емдеу орны қызметкерлері науқасты емдеп қана қоймай, олар тұрған облыс, елді-мекендер тұрғындарын жыл сайын тексеруден өткізіп, бақылап отырады. Өзге республикаға немесе қалаларға қоныс аударған науқастардың тізімін жолдап, жергілікті тері аурулары дәрігерінің көріп-бақылап тұруын сұрайды.
Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын қаражат бөліп, сырқаттың алдын алуды қадағалап отырды. Науқас шыққан отбасын әрдайым бақылап сақтандырды. Осындай шаралардың нәтижесінде сексенінші жылдардан кейін сырқаттың саны азайғаны байқалды. Ішінара болса да өз денсаулығына салғырт қарап, мезгілімен емделмей, ішімдікке салынып, ағзасын әлсіретіп алған жастар сырқатын қоздырып алғанын байқамай, қайта келіп жататыны бар.
Ондайда «қайта шапқан жау жаман» демекші, қайталаған сырқаттың бетін қайыру қиынға соғып, ұзақ уақыт емделуді талап етеді. Ондай адамға тек төзімділік пен ұқыптылықты қажет ететіні белгілі. Сонда ғана уақытты қысқартып, тез сауығып шығады. Науқастанған адамның сырқат түріне қарай отбасы мүшесін есепке алып, түрлі мерзімге бақылауға алады. Балаларын сарбаздыққа алудан уақытша кідіртіп, кейбір қызметтерге де шектеу қойылатыны бар. Ал, дәрігерлер тобы жиі-жиі ел аралап, тазалық пен сақтану жолдары жайлы тұрғындарға түсіндіріп, облыс, аудан, ұжшар орталықтарында кеңес өткізіп, дәріс оқиды.
Сол кезден бастап науқастардың жағдайыының жақсаруына байланысты дәрігерлер қауымына қосымша ақы төлеп, қызмет еткен уақытын еселеп өсіріп жеңілдіктер жасалды. Дәрігерлер де өз қызметінде шеберлік танытып, еңбекке деген құлшынысы арта түсті.
***
Кезінде лепрозорий емдеу орнында ұзақ жылдар қызмет етіп, еңбегі сіңген абзал жандарды атап өткен жөн болар.
Дәрігерлерден: К.О.Дессин, Н.В.Шилов, Д.А.Берже, А.К.Затопляев, Г.С.Шамрай, А.А.Шелаковский, Э.И.Иоффе, Л.Я.Клопенко, В.С.Сим, А.Қадірбаев, А.Ж.Ізмағанбетов, А.Х.Досмұхамедов, Қ.Рысқұлов, А.И.Хобля, М.Л.Фридман, Т.Қалыбаев, А.А.Жоглева, Н.А.Мальгин, О.Смаханов, В.К.Телегин, Р.Сұлтанова, Ұ.Әлсейітов, Қ.Әбішев, В.Горохов, Г.Н.Иваненко, Т.А.Дмитриева, В.К.Дегай, Л.М.Демина, Т.А.Иваненко, Д.В.Бочкарев, Т.В.Ильина, А.А.Андреева, В.В.Харитонов, А.Нарешев, А.Садыкова, Ә.Жакеев, М.Жағыпаров, Қ.Төлебаева, Н.Сүйіншәлиева, С.Жаппасбаева, Рахимов, В.Д. Мұхараев. Сонымен қатар, кейінгі толқын жас дәрігерлерден М.Сейтәлиев, М.Сүлейменова, А.Кәрімова, Қ.Әбуова, М.Қыстаубаева, Ә.Нәбиева, Л.Әжітаева мен С.Қосаевалар абыроймен жалғастырып келеді.
Аға медбикелер: Н.Ф.Смутина , О.А.Фролова, Л.И.Вильская, Е.Г.Добровольская, О.Қарпық, Ұ.Ізімова, С.Г.Новикова, Л.Ф.Ли, Ш.Г.Валиева, Г.Ниязымбетова, С.Түменбаева, К.Канкушиева.
Медбикелер: И.Н.Невзорова, С.Нұрпейісова, К.Берманова, В.В.Каратицкая, С.Зелеева, В.Сляднева, Н.Сахнова, Р.Ойнарова, К.Тоғаева, Н.Белова, Р.Н.Чугунова, Р.Сейфуллина, К.Байшуханова, Т.Исмаилова, К.Ибраева, М.Сердалиева, А.Седова, Т.Ибадуллаева, Н.Коробкова, Н.Лукьянова, Ш.Үмбетова, З.Қуандықова, В.Шегай(кадр бөлімі).
Аға фельдшерлер: Р.И.Романовский, Ж.Әбдіқожаев, А.Е.Хайдуков, А.Қыстаубаев, Ш.Қуандықов, В.Бычков, И.Елбосынов, Т.Қаждаров, Ә.Жәниев, Қ.Сүйіндіков, В.С.Елисеев, Н.Байшуханов, В.Чернышов, Б.Қонысбаев, І.Айтжанов, Ә.Қаратүпов, А.Ли, А.Пак, Қ.Тәжіков және басқалар.
Кіші аяжандар: Ә.Әлжанова, Т.Төлебаева, Қ.Қалымбетова, З.Ақниязова, Д.Әлжанова, Б.Сыдықова, Б.Сейділдаева, Н.Арызмағамбетова, Т.Маханова, А.Пірімбетова, Қ.Дәуітова, Б.Сүңгібаева, Б.Сәрсенбаева, С.Бисенова, Р.Наурызова, Б.Бекарыстанова, М.Мусина, З.Сариева, Қ.Қартабаева, және Н.Теңізбаевалар.
Шаруашылық саласындағы мамандардан: П.Каратицкий, Ә.Нарымбетов, А.Дүйсенов, М.Арызмағамбетов, М.Сәрсенбаев, Қ.Күзенбаев, Т.Қонысбаев, Т.Рысбаев, Ж.Әлиев, Ж.Көптілеуов, С.Салқожаев, Б.Балғараев, Қ.Батыршаев, А.Ибраев, А.Кеулімжаев, О.Шуетов. Н.Саменов, Ә.Наурызбаев, С.Сейітназаров (бас есепші).
Жоғарыда есімі, әулет есімі аталған қызметкерлердің дені емдеу орнында өзгеріссіз отыз,қырық жыл еңбек етіп, зейнетке шыққандар.
***
Дәрігер Агриппина Ивановна Хобляның жасы ұлғайса да тоқсаныншы жылдарға дейін еңбектен қол үзген жоқ. Сонау соғыс жылдары Ресейдің Терск қаласында лепра науқастарын неміс басқыншыларынан қалай да аман алып қалу үшін айлап көп қабатты үйдің жертөлесінде бірге тұрып жатқан. Күнделікті басын қауіпке тігіп жасырып нан, азық-түлік тауып әкеліп, аш қылмаған. Киім-кешек үшін үйіндегі мүліктерін сатқан. Жендеттер бұл науқасты білсе болды, көзін жоюға тырысады екен. Сондағы науқастың бірқатарымен Қазақстанға келіп, оларды ауруханаға орналастырады.
Агриппина Ивановна 1950 жылдардан бастап, орыс дәрігер-ғалымы Торсуевтың әдісімен науқас ағзасына қосымша қуат беру үшін тері астына «түйіршік» (подсадка) салып тігу жаңалық болып еніп, кеңінен етек алды. Ондай игі істі бірқатар дәрігерлер меңгеріп, кейін тәжірбиесіне енгізді.
***
Науқастанып келген адамдар – әр мамандық саласын меңгергендер. Мұғалім, дәрігер, әнші, күйші, аты шыққан еңбек ардагерлері, лауазымды партия және заң қызметкерлері болды. Әсіресе, жастар жағы басым болғандықтан, клуб жанынан түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, мереке күндері концерт және қойылымдар көрсетіп, көптің көңілін көтереді. Облыстық мәдениет үйлерінен көркемөнерпаздар мен жырау-жыршылар арнайы келіп, ойын-сауық көрсетіп, науқастар ықыласына бөленіп қайтады.
***
Лепрозорийдің жаңа құрылысы бітіп, көшкеннен кейін науқастардың жағдайы жақсара бастады. Денсаулығы барлар екі отбасылы үйлерге жайғасып, асханаға барып тамақтанады. Екі қабатты екі ғимараттың біріне күтімге жатқан қарттар орналасса, екіншісі ауруханаға арналды, ал төменгісін басқарма бөлімі иемденді.
Одақ тарап, еліміз егемендік алғаннан кейін лепрозорийге бас дәрігер болып жергілікті азамат, оташы, несеп жолдары саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, тәжірбие алған жігіт келді. Ол бұған дейін де емдеу орнына келіп, оташылық жөнінен науқастарға білігі мен қол көмегін көрсетіп, көпшілік ілтипатына ие болып үлгірген еді. Оның басшы болып келуіне де себепші – науқастар өтініші еді. Ол - Асылбек Жамалұлы Ізмағамбетов мырза болатын.
Ол келгелі ауруханадағы көптен жаңартуды күткен жылу жолдары жердің үстіне шығарылып, құбырлар түгел ауыстырылды. Уақыты өтіп, бос тұрған үй құрылыстары бұзылып, каркас-қамыс қабырғалы үйлерді қыш кесекпен «қаптатты».
Соңғы жылдары аурухана УДЗ, рентген, наркоз беру қондырғылары, биохимиялық сараптау және оташылық құрал-саймандармен қамтамасыз етіліп, сырқатты анықтауда науқасты қалаға жөнелтіп, не маман шақырып әбігерге түспейтін болды. Өйткені, бұл саладан жас маман Молдағали Сейтәлиев мырзаның біліктілігі мен тәжірибесі көмегін көрсетіп келеді.
***
Ауруханадағы науқастардың іш құрылысы сырқаттарын жетік білетін өз ісінің мамандары: Анар Кәрімова, Қарлығаш Әбуова, Сарқыт Қосаева мен Әсия Нәбиевалар көп алғысына бөленіп жүр. Бұрындары тек лепра сырқатын емдейтіндәрігерлер басы баршылық болғандықтан, өзге мамандарды облыстық, не қалалық ауруханадан шақыртатын. Әсіресе талма сырқаты бар науқастарға ауыр соғатын, өйткені, қөлік жіберіп алдыру ұзаққа созылып, қиындық туғызды. Бүгінгі күні әр саладан маман басы баршылық және тұрақты қызмет еткеннен әр істің әдісін алып, ұтымды жағын қарастырған.
Мұндағы науқастардың көбіне іш құрылыстары ауырады, өйткені жылдап қабылдаған лепра ауруының арнаулы емдері іш құрылыстарына өз «ізін» қалдырып кететіні анық. Сондықтан, емдеуші дәрігерлер де науқастардың қай жері, қалай, қашаннан ауыратынын және қандай дәрі-дәрмекпен емдеу керектігін жатқа біледі десек артық айтқандық болмас. Тіпті, олардың есімі мен әулет есімдерін де жадына тұтып, сұрамай-ақ біледі. Асханадан үш мезгіл ас, шай беріліп, нан және сүтпен қамтамасыз етіліп отыр. Таза төсек-орын, аурухана киімі беріліп, күн сайын монша жұмыс істеп тұрады. Осылай науқастарға толық жағдай жасалынған, олар да дән риза.
Ауруханада алпысқа тарта орын бар, оған сауалып шыққан науқастардың сырқаттанғандары жылдың төрт мезгілінде де келіп емделіп кетеді. Аурухана жанында іш құрылысты тексеріп көрсететін аппараттың түр-түрі: рентген, жүрек жұмысын бақылайтын, көз, тіс кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ, электр тоғымен емдейтін кең бөлме соңғы, жаңа аппараттармен жабдықталған. Барлық кабинеттерде де өз ісінің майталман мамандары қызмет етеді.
Аурухана қызметкерлерінің дені осы бөлімге шоғырланған. Дәрігерлер палаталарды күнделікті жағалап, әрбір науқастың сырқатына байланысты тиісті ем-домын береді. Келіп емделіп жатқан науқастың көңілінің толатыны сол, толық емделіп, сауығып қайтатыны. Және бір жақсылық жағы: бөлімшедегі медбикелер мен аяжандардың науқасты күтудегі аялы алақаны мен жылы сөздері болса керек.
Сонымен қатар мүгедектер үйіндегі медицина қызметкерлеріне де осындай жақсы пікір айтуға болады. Онда жасы келіп қартайған және денсаулығы сыр беріп сырт көмегін қажет ететін науқас адамдар. Күні-түні кезек қойылып қызмет жасайды.
Аурухана жанындағы дәріхана қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Кітапхана, шаштараз және кірхана күнделікті қызмет көрсетеді. Жалпы, аурухана талапқа сай, науқастар сенімін ақтап отыр. Ол ұжым қызметкерлерінің ауызбірлігі мен қалтқысыз қызметінің нәтижесі болар.
Шаруашылық жағының мамандары да бір қауым. Гаражда автокөлік пен трактор басы баршылық, онда дәнекерші, электрші және слесарь мамандары еңбек етеді. Екі автобус қызметкерлерді күнделікті әкеліп, алып қайтады. Ауруханаға қаладан телефон желісі тартылып, жер-жермен байланыс жасап тұр. Қаладан электр жарығы берілмей қалған кездерде өздеріндегі даяр тұрған қос моторды оталдырып, жарық беруге даяр. Емдеу орны мұндай жетістікке, әрине, бір күнде жете қойған жоқ. Айлап, жылдап кемшін тұстарын толықтырып, ескіні құрап, жаңартып дегендей жолға қоя білгендігі. Әрине, ол әрбір басшының іскерлігі мен қарым-қабілетіне де байланысты екені түсінікті болар.
***
Аурухананың алғаш ұйымдастырылған кезінен бастап эпидемиялогиялық бөлімнің жұмысы қолға алынды. Науқастанып келген адамның мекен-жайы, отбасы құрамы, атқарған қызметі және мекемесі, бәрі-бәрін есепке алып, сырқатының түріне қарай белгілі бір уақытқа дейін отбасы адамдарын бақылауға алатын. Осындай шаралардың нәтижесінде сырқаттың алдын алуға бұл бөлімнің қызметі айтарлықтай рөл атқарады. Бұл салада ұзақ жылдар бойы ерінбей жалықпай қызмет еткен дәрігерлер: А.А.Жоглева ханым мен Д.В.Бочкарев мырза және кейінгі келген буын – жас мамандар: О.Смаханов, Т.Қалыбаев және фельдшерлер: А.Е.Хайдуков, Ш.Қуандықов, Т.Қаждаров, О.Қарпық пен Н.Сахновалар жалғастыра білді.
Кезінде медицина қызметкерлері тарапынан қатаң тәртіп болғандықтан науқастар өміріндеелеулі қиындықтарға душар болғаны бар. Алғаш келген науқас адам емдеу орны есігін ашқаннан «сенің бойыңдағы сырқат жұқпалы, сырт адамдармен араласуға рұқсат етілмейді» дейтін. Саулыққа шыққаннан кейін мұғалім мамандығында, балалар мекемесі мен тамақтану орындары, жалпы адам басы көп құралған жерлерде болмауы үшін «ант» бергендей, қағазға қол қойғызып алатын. Емдеу орнын айналдыра тормен қоршап, жер-жерге күзетшілер қойылды. Сол тордан аяқ басып шықса ұстап, түрлі шаралар қолданды. Осындай қатал тәртіпті көріп, басынан өткізген науқастың құқығы қорланып, еңсесі езілді. Тіпті, арнайы екі-үш медбикелерге жасырын түрде, қосымша ақы төлеп көшеге, қалаға шыққан науқас адамдарды көрген жерінен айтып келіп, шара қолдандыратын-ды. «Жазалы» болған адам күнделікті алатын азық-түлігінен қағылып, «Каталажка» деп аталатын асханадан тамақтануға тізіп қоятын. Сондай-ақ, берілетін киім-кешектен айырады, не істеп жүрген жұмысынан шығарады, әйтеуір шара қолданудың түр-түрін ойлап табатын.
Ал, әлгі ізшіл «жансыздарға» мейрам сайын сый-сыяпат көрсетіліп тұрды.Науқас адам айлап емес, жылдап емделіп жатқан соң, өзінің шектеліп, «шідерлеулі аттай» алақандай жерді айналып, шиырлап жүре беретіндігіне әбден көндігеді және дағдыланады. Бұл, әсіресе жастар мен отау тіккен отбасылар өміріне өзіндік із қалдырары белгілі. Сонда да ауылда қалған жары мен бала-шағасын үрейлендірмей, оның көп ұзамай сауалып шығатынын және науқас адамнан теріс айналмай, қайта отбасы тағатсыз күтіп отырғанын айтып, оны жігерлендіріп, сендіре білгендері жөн.
Кейде сырқаттың атынан шошып және ұзақ мерзімде емделетінін есітіп, отбасына жік түсіп жататыны да жоқ емес.Сол уақыттары екі жаққа дәнекер болып, болашағы жарқын отбасылы өмірдің жалғаса түсетінін түсіндіріп, ұйытқы болу дәрігерлер міндеті болмақ. Өкінішке қарай, ондай жауапкершілікті біле тұрып, ескерусіз қала беретіні бар.
Науқас адамның саулыққа шыққанымен, көп жағдайда сырт өмірге бірден араласып, дағдыланып кетуі екіталай. Қолында мамандығы болғанымен батыл барып, жұмыс орнында өзін еркін сезініп көріне алмайды. Сол баяғы сырқат аты – бет перде боп көп алдына шыға алмай, атым шығып кетер, соңымнан іздеп келер «қоңырау» бар ғой деп шегіншектейді.Жылтырап көзге түсе бермейін, көптің бірі болайын, айлығымды алып, бала-шағамды асырасам болды деп жүреді. Өйткені, ол «жаман аталған» сырқатпен емделіп тәрбиеленді ғой.
Күні кешеге дейін олардың отбасына жазған хаты мен жолдаған ақшасын өтектен өткізген соң ғана алуға рұқсат етілетін. Осылай көңілсіз жайларды естіп-көріп жүрген науқас жүйкесіне салмақ екені айтпаса да түсінікті болар.
Саулыққа шыққан жастардың көбісінде дерлік арнаулы мамандығы жоқ. Сондықтан, «екі қолға бір жұмыс» депа құрылыс саласына барады. Жаман ат естігісі келмей, ақ тер-көк тер болып кесек тасып, балшық илеп ауыр жағында жүреді. Жан қинаған қара жұмысқа шыдам бермей сырқаты қайта көтеріліп, ауруханаға келетіні сондықтан. Ал, тыңғылықты емделіп, жеңіл жұмыстарда жүрсе ол адам ұзақ уақыттар бойы лепра сырқатынан қауіптенбей жүре алады. Тек іш құрылысы мүшелері мазаламаса болғаны,өйткен, ол арнаулы емді көп уақыт бойы қабылдағандықтан бүйрек, бауыр жәнеасқазаны әлсірейді.
***
Сырқатты ешкім өзіне тілеп алмаса керек. Алғашында адам өзін бұл ауруға қимайды. Көзі жетіп тұрса да сенбейді, сол себепті көп уақыт өткізіп алып, сырқатын өршітетіні бар. Алғашқы белгілерінен: дене дел-сал, тез шаршап, ұйқы басады, жүре-жүре қабақ қалыңдап, ісініп, қастың сырт жақ қапталынан түсіп, сирекси бастағаны байқалады. Бұл кез сырқаты көтеріліп сыртқа шыққан белгілері айқындала бастағаннан алдын алып, уақытын үнемдесе, емдеу де жеңіл болады. Онан әрі денеге түрлі мөлшерде ақ таңдақ, не қызыл- ала таңбалар пайда бола бастайды, кейін көлемі үлкейе береді. Мұнан соң жүйкені ісіндіріп, әлсіретіп, бет, қол, аяқ мүшелерінде жара пайда болып майыптайды. Уақыт өткен сайын ол тереңдеп, көлемін ұлғайтып, жанға батып жүріп-тұруы қиындайды.
Ал, жеңіл түрі болып саналатынын алғаш айырып білу қиын.Тәжірибелі лепролог көзімен жіті тексергенде ғана байқалады.
Алғашында адам бойында сырқат барын мойындамайды. Қырағылық танытып, терінің кейбір жерінің түгі түсіп, сәл де болса түсі өзгереді, тітіркеніп, белгілерін тексеріп бақылайды. Осындай жолдармен сырқатты анықтаған соң емге алса, аз уақыт ішінде адам сауығып кетеді. «Сақтансаң сақтармын» демекші, өз ағзаңа өзің дәрігерсің, сондықтан денеден сырқат белгісі байқалғаннан, уақыт өткізбей маман дәрігерге көрініп, алдын алған абзал.
Әрине, біз сырқаттың адам ағзасында көптен пайда болып, өршіген кезеңдегі түрлерін айттық. Ол арнаулы емі болмай емделмеген уақыттағы түрлері, оны қазіргі науқастар сырқатымен салыстыруға болмас. Космостық дәуірдегі адамдардың білімі, тәрбиесі және өскелең мәдениеті дамып, дәрігерлер басы баршылық болғандықтан лепра сырқатының саны азайып, дәрі-дәрмек те жеткілікті болды.
***
Бұл сырқаттың арнаулы дәрісі сырқат түрлері мен қоздырғышының таралуына қарай пайдаланылады. Жоғарыда көрсетілгендей, туберкулез сырқатының дәрісімен ұқсастығы бар, кейбірі қосымша күшейту есебінде қолданылатын. Дәріні қабылдау шарты – алты ай, бір айдай демалып, денсаулығы жақсы болса алты айлық мерзімге қайта жалғастырады.
Науқас адам саулыққа шыққаннан кейін жер-жердегі лепродиспансерлер бақылауында ем қабылдайды. Олар, әсіресе науқастар шоғырланған Атырау қаласы мен Қызылорда облысының Арал, Қазалы қалаларында орын тепті. Ал, Алматы облысының аудандарындағы біржар науқас адамдары Алматы қалалық «тері аурулары» диспансеріне жүктелді. Осындай жағдайлар жасалудың арқасында арнаулы дәрі-дәрмектен науқас адам кемшін көрген жоқ.
Лепродиспансерлердің құрылысы сонау 1950 жылдарда қолға алынып, 1954 жылы пайдалануға берілді. Бұған дейін саулыққа шыққан адамдар жер-жерден арып-ашып лепрозорийге келіп, арнаулы емдерін алып кететін. Жергілікті жерде емін жалғастыратын болған науқастар ризалықтарын білдірісті. Барлық диспансерлер орта және жоғарғы білімді маман-дәрігерлермен қамтамасыз етіліп, жеткілікті түрде дәрілер бөлініп тұрды. Соның ішінде Арал қаласы лепродиспансерінің қызметі күрделілеу болатын. Себебі, емделіп шыққан адамдар басым көпшілігі осы аудан көлеміне орналасқан еді. Диспансерде екі дәрігер және фельдшерлермен қатар медбикелер қызмет етті. Сондай-ақ, жиырма бес орындық аурухана салынып, сырқатымен келген науқастың жатып емделуіне үлкен мүмкіншілік жасалды. Елді-мекенді аралап, науқастарды тасымалдауға арнаулы көліктер бөлінді. Кезінде науқастар денсаулығын бақылап көмек көрсетіп, диспансер меңгерушілері болып еңбек еткен «ақ желеңді абзал жандар» Д.Мұхараев, Рахимов, Ұ.Әлсейітов, Қ.Әбішев және С.Ілиясов есімді мырзалар болды. Аға медбикелер: З.Қуандықова және Ш.Үмбетовамен қатар эпидемиолог көмекшілері: Зейнолла Мамырбаев, Қобылан Тәжіков, Бақберген Қонысбаевтар ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті.
Кезінде сауалып шыққан азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінде халықпен қатар өмір сүріп, еңбек етіп жүр, түрлі мамандыққа ие болған, өмірге құштар жандар. Ешімнің маңдайына сырқаты жазылып қойылмаса керек, оның осы сырқаттан сауалып шыққанын сезсеңіз де байқамаған боп, көппен бірдей қатынас жасаңыз, ол сондай деп сыртынан саусақ шошайтпаңыз, бәрібір оның «сыртында көзі бар», көріп-сезінеді, онсыз да ол қуыстанып жүретіні белгілі.
Сондықтан, науқас адамды ренжіткеннен гөрі жаныңа тарта біл, қатар жүр, көңілін қөтеруге тырыс, өйткені, ол сенің азаматтығың мен имандығыңды танытар. Көппен бірдей оның төлқұжаты бар, еңбек етіп демалуға, отбасын құрып бақытты болуға құқығы бар, тең азамат! Әрдайым еңсең көтеріңкі жүрсін, азамат!
БАС ДӘРІГЕРЛЕР
1929 жылы республикалық лепрозорий ауруханасы құрылғаннан бас дәрігер болып келген К.О.ДЕССИН мырза тоғайшылықтың ішіне салынған бір-екі үйді өңдеттіріп, науқастарды жатқызуға лайықтаған болды.
Санаулы ғана адамдардың басын біріктіргенмен оларды ем-дом, азық-түлікпен қамтамасыз ету жағынан таршылық көрді. Содан болар, алты айдай мерзімнен кейін шыдамсыздық танытып, кеткен еді.
Н.В.ШИЛОВ мырза келіп, 1934 жылға дейін қызмет атқарғанмен, жер-жердегі науқастардың басын құрап, ауруханаға біріктіруге мүмкіндік таныта алмады. Өйткені, шалғай жердегі науқастарды алып келуге көлігі болмады, жұмсауға да маман-дәрігер жетіспейтін.
Алайда, осындай қиыншылықтарды басынан өткізіп, келген науқастарды қабылдап, медициналық көмегін көрсете білді. Сол кездері емдеу орнында жетпіске тарта науқас болды.
Д.А.БЕРЖЕ 1934-1944 жылдары бас дәрігер болған. Ресей азаматы. Лепрозорий деген аты болғанмен «заты» жоқ бұл сырқаттың арнаулы дәрі-дәрмегі болмағандықтан келген науқастар көп қиындық көрді. Сырқаты өршіп, өлім-жітім басы баршылық болды. Науқастар үй тапшылығынан қолдан бастырма үй жасап, сонда тұрып жатқан.
Аурухана орны ит тұмсығы батпайтын қалың шеңгел, оны денсаулығы бар деген науқастарға шаптырып, кесіп, үй құрылыстарына пайдаланған. Үкімет тарапынан, кірпіштен бір-екі үй құрылысы салынып, олар емхана мен ауруханаға арналған. Келіп емделемін деген науқастар жағдайы болмай кері қайтып, содан оралмаған.
Лепрозорийде жатқан науқастардың жатын орны мен үш мезгіл тамағын қамтамасыз ету оңайға соқпаса керек. Бас дәрігер сондай қиындықтарға төзіп, бастан кешкен.
А.К.ЗАТОПЛЯЕВ - 1944-1947 жылдары, арнаулы дәрігерлік мамандығы болмаса да емдеу орнына басшылық жасаған. Дегенмен, ұйымдастырушылық қабілеті бар азамат болғандықтан, науқастар көңілінен шыға білген.
Екі-үш барақ үй салдырып, әлсіз науқастарды орналастырған. Мезгілімен науқастардың жарасы таңылып, медициналық көмекті жолға қоя білді.
Алайда, арнаулы мамандығы бар қызметкерлер жетіспей, соғыс уақыты болған соң жан-жақты тапшылық қайталанып, адам өлімі азаймаған. Дәрігер-маман келген соң ол еліне оралған.
Г.С.ШАМРАЙ 1910 жылы Ресейдің Ставрополь аймағында дүниеге келген. 1947 жылы емдеу орнына басшы болып келгенмен, науқастар жағдайы айтарлықтай өзгере қоймаған.
Үкімет тарапынан аздау қаражат бөлініп, көбіне жергілікті басшы органдарға иек артқан. Алайда, мардымды көмек болмай, науқастар сырқаты өрши түсіп, оған қарсы қолданар арнаулы дәрі-дәрмектің болмауынан дәрменсіздікке шыдам бермесе керек, оның 1951 жылы қайтып кетуіне тура келді.
А.А.ШЕЛАКОВСКИЙ - профессор, Ресей азаматы. 1951 жылы ауруханаға басшылық жасағанда, ағзадағы таңба көлемі ұлғайып кетпеуі үшін айналдыра сырып қара дәрі еккен (подкол) және қою сары түсті май дәріні (гинекорд) ерітіп, үш мезгіл ішкізген. Оның қолайсыз жағы қас пен шашты, жалпы түкті түсіреді екен.
Ол кездері дәрі-дәрмек молайып, науқастарды күтіп, жағдай жасауға қызметкерлерді қабылдаған. Жара таңуға науқастардан адам белгілеп, айлық төлеп бөлме ашқан.
Алайда, бұл қызметке көп аялдамай, ол да кетіп тынады. Сол кездері Шелаковскиймен бірге м.ғ.д. Э.И.Иоффе мырза эпид.бөлімін ұйымдастырып, сырқаттың алдын алуда үлкен еңбек сіңірді. Оның өзі де лепрозорийде бас дәрігер бас дәрігер қызметін атқарды. Жаңа лепрозорийдің құрылысын салуға ықпал еткендердің бірі болды.
Лев Яковлевич КЛОПЕНКО 1954 жылы келіп, емдеу орнында үй тапшылығын көрген соң екі отбасылы тұратын он бес үй салдырып, науқастар көңілінен шықты.Талдыарал елді-мекенінін лепрозорий құрылысын қолға алдырды. Аурухана медицина қызметкерлерінен топ құрып, жыл сайын облыстың шет аймақтары мен Арал теңізі маңындағы тұрғындарды қарап, тексеруден өткізіп, сырқаты барын алдырып емдеді. Науқастар санының артқан кезеңі де сол жылдар еді.
Ол 1963 жылы зейнеткерлікке щықты.
Владимир Сергеевич СИМ бұған дейін облыс көлемінде медициналық сараптама бөлімінде және соңғы он жылдан аса уақыт облыстық денсаулық сақтау бөлімі басшылығының орынбасары қызметін атқарды.
1963 жылы лепрозорийге келген кейін керуеттер алдырып, науқастарды жерден көтеріп жатқызды және Талдыаралдағы лепрозорий құрылысының жұмысын жеңілдетіп, келесі жылы жаңа ауруханаға көшірді. Бұл лепрозорий өміріндегі елеулі оқиға еді.Жай сөйлеп,көп тыңдайтын байсалды азамат жергілікті ұлт арасында өскендіктен оның тұрмыс-тірлігін, тілін жақсы білетін.Қысылғанда көмек сұрап барған адамның бетінен қағып меселін қайырған емес.
Ол кезде де кемшілік болды, «болмас істі болдыр» деп жоғары жаққа домалақ арыз жазғандар да болған. Бірақ, кеңпейіл, үлкен жүректі азамат қызметін жалғастыра берді.Ол көп жылғы еңбек тәжірибесінен осы сырқаттың таралып, өріс алу себептері жайлы зерттеп жазған ғылыми еңбегінен кадидаттық диссертация қорғады.Қазақстанда бұл науқастың етек жаймай, тоқтау кезеңіне келуіне септігін тигізген азамат.
1986 жылы ол құрметті демалысқа шықты.
Асылбек Жамалұлы ІЗМАҒАНБЕТОВАрал ауданы өңірінің азаматы, фелдшерлікті бітіріп, елді-мекендерде еңбек етіп, кейін Алматыдағы мединстиутты тәмамдаған соң туған жеріне оралып, уролог-оташы қызметін атқарды.
Отбасының Қызылорда қаласына көшіп келуіне байланысты Тасбөгет аудандық ауруханасында оташылық жасап жүріп, лепрозорий науқастарына да қол көмегін көрсетті.
1991 жылы лепрозорий емдеу орнына бас дәрігер болып келіп, он жеті жылдай қызмет еткенде ауруханаға бірқатар оң өзгерістер енгізді. Жылу жүйесін өзгертіп,ескірген үйлерді бұздырып, аурухана маңынан гараж салдырды, үйлерге еурожөндеу жүргізіліп, есік-терезе өзгертілді және жаңа медициналық аппараттармен жабдықталды. Ол бұл күндері 2008 жылы зейнет демалысында, мамандығы бойынша хирург-уролог болып жұмыс істеуде.
Амангелді ҚАДІРБАЕВ жергілікті ұлт өкілінен алғаш рет бас дәрігер болып қызметке келген азамат.
1970 жылы Алматы қаласы медициналық институтын бітірген. 1986 жылы келісімен науқастарға бар көмегін көрсетуге тырысты. Тасбөгет поселкесіндегі лепродиспансердің ескіруіне байланысты жаңа құрылысын салуға бекінді. Оны аз мерзімнің ішінде аяқтап пайдалануға бергізді.
Еңбек еткеніне төрт жылдан аса уақыт өткеннен кейін оны өзге ауданға қызметке жіберді. Сөйтіп, науқастардың қимастықпен қалғаны бар. Қазалы ауданы ауруханасында бас дәрігер болып біраз жыл жұмыс атқарғаннан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып келді.Ал, 2008 жылдың мамыр айында лепрозорийге қайта бас дәрігер болып келіп, қызметін жалғастырды.
Емдеу орны да нарық қыспағын бастан кешуде, сол қиыншылықтан шығу үшін жігіт тынымсыз еңбек етіп, тәжірибесін соған арнауда.