Бүгін:
kz ru

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЛЕПРОЛОГИЯНЫҢ ТАРИХЫ

    

 

Пес (лепра) дертінің тамыры ежелгі кезеңде жатқандықтан, оның Қазақстанға қандай жолдармен келіп, қай кезде басталғанын дөп басып айту қиын. Қазақстан территориясы өзінің географиялық орналасуымен Азия және Европа континенттерін қамтып жатыр. Көне замандарда қазақ елі арқылы ұлы континентаралық Қытайға өтер жол жатты. Бұл елге жатжұрттық басқыншылар талай рет шабуыл жасады. Демек, адамдардың осылай миграция жасауының жұқпалы аурулардың, оның ішінде пес індетінің таралуына мол ықпалын тигізгені айдан-анық. Пес кеселін Қазақстанға қарасты елді мекендерде ұшырастырғандығы жөніндегі деректерді П.С. Паластың 1769 жылғы еңбектерінен кездестіреміз.

 1927 жылы лепраға қарсы күрес бойынша өткізілген І-ші Бүкілодақтық басқосуда С.М.Никоноров пес ауруларын кездестіргені жөнінде мәлімдеді. 1928 жылы А.Н.Чистосердов Ташкент лепрозориясының жұмысы туралы өз дәрісінде: «Аурулар арасында 5 науқас Қазалы қаласынан, 5 сырқат Алматы облысынан тіркелді» деп хабарлады. Бүкілодақтық басқосу лепра жөніндегі ахуал күрделі екендігін, ал Қазалы қаласында оның көніл аударарлықтай ошағы барлығын атап өтіп, ол жерге дәрігер Дессин іссапарға аттандырылды. Тек 1929 жылдың наурыз айында РСФСР Халық Комиссариаты Кеңесінің (СНК) Қарарымен резервтік қордан песхана (лепрозорий) ұйымдастыру үшін қаржы бөлініп, Қазақ Республикасының бюджетінен тыс 30 мың сом берілсін деп шешілді. Сөйтіп 1929 жылы облыста алғаш рет песхана ашылды. Оның базасы ретінде Қызылордадан 9 шақырым қашықтықта орналасқан австриялық соғыс тұтқындарына арналған бұрынғы колонияның мекені таңдалды. Бұл мекен жай ауруларды жатқызуға лайықты емес еді. 7 бір қабатты, қам кесектен салынған үйшіктерден тұратын. Сол жылы онда 5 ауру адам, 1 дәрігер және 1фельдшер болды. Оған 6 ай бойына Дессин башылық етті.

Қазақстандағы лепраға қарсы күрестің алғашқы кезеңі (1929-1950) елге медициналық көмек көрсетудің төменгі деңдейде жүргізілуімен, дәрігерлер және орта буын медицина қызметкерлерінің аз болуымен ерекшеленеді. Песке шалдыққан науқастар тек елден оқшауланып, көптеген жылдар бойына сыртқа шығарылмады. Алғашқы жылдары песханаға аурулар аз түсті. Олар негізінен Қарақалпақ АССР-ның тұрғындары еді. 1929-1935 жж. лепрозорийге 77 ауру ғана жатқызылды. Сол кездегі песхана бас дәрігері Н.В.Шилов (1929-1934) басқарған кезде, тіпті «лепрозорияның қажеті бар ма?» деген сауал да туындады.

1934 жылы дәрігер Д.А. Берженің лепрозорийге келуімен жұмыс жандана бастады: ескі үйлер жөндеуден өткізілді, стационар ашылып, төсек саны 100-ге жетті, 4 дәрігер жұмыс істеді. 1935 жылдың соңына қарай Д.А.  Берженің өзі тікелей бастама көтеріп, Арал ауданы тұрғындарын тексеруден өткізді, 17 ауру адам тапты. Сондықтан ол КСРО ДСМ (МЗ) алдына елді тексеру қажеттігі жөнінде мәселе қойды. Арал және Қазалы аудандарындағы елді мекенге 1938-1939 жж. арнайы экспедиция жолданып, оның құрамында астрахандық дәрігер С.Н. Рудченко және А.К. Булкин жұмыс істеді.

Арал ауданының 23 колхозынан тексерілген 10000 адамнан 160 пес ауруы табылды (көбіне Бөген және Қаратерең ауылдық кеңестерінен). Сол жылдары жаңа табылған лепра оқиғалары тым көбейіп, оларды песхана толығымен қамти алмайтын жағдай қалыптасты. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары зерттеу-тексеру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Абин және Холм лепрозорияларының аурулары облысқа қоныс аударылды. Песханада орын жетпегендіктен, ауру адамдар соның төңірегінде өздері лашық салып алып тұрып жатты. Науқас адамдармен бірге олардың дені сау туысқандары да орналасты. Сөйтіп песхана жанында кішігірім қалашық пайда болды.

1946 жылғы лепрозорий жағдайынан сыр шертетін жылдық есептен үзінді келтірейк: «317 пес науқасына қызмет көрсетуге 5 дәрігерлік, 7 орта буын медицина қызметкері ставкасы бөлінген, оның өзі толығымен игерілмеген. Барлық емдік жұмысқа фельдшер А.М. Терехова басшылық жасайды. Ал 1944 жылдан бастап бас дәрігері – педагог А.К.Затопляев. Песханада 4 ат арба болса, оның біреуі қаладан (9 км қашықтықта) нан, 2-і песхана қызметкерлерін, бір ат тағамдары тасиды. 5 өгіздің екеуі Сырдариядан (3 км) күнделікті су, үш өгіз - отын, (жыңғыл, тікенек,) пішен жеткізілді. Аурулар негізен гинокардий майымен емделді. Басты ем бар болғаны – жараларды таңып-байлаумен ғана шектелді.

Соғыстан кейінгі ауыр кезеңге қарамастан, КСРО ДСМ –нің 17 шілде 1946 жылғы №447 бұйрығымен лепрозорийға арналып, 5 мың метр мақта матасы, оның ішінде 500 телегрейка комплектісі, шұлық носкилер (барлығы 6 мың сомға), 800 жұп аяқ кім және 1 автокөлік бөлінген. Денсаулық сақтау Министрлігі Арал және Қазалылы аудандарының тұрғындарын зерттеуге мүмкіндігінше қаржы тауып берді. Оны безгек (малярия) институтының лепрозориялық сектор қызметкерлері жүргізіп, Лепра Институты және Республикалық лепрозорий мамандары бірлесіп өткізді (1946-1949). Лепраға қарсы күресті КСРО ДСМ-нің бас лепрологы Н.М. Балуев ұйымдастырды. Көптеген жылдар бойына сол отрядтарды ЦКВИ қызметкері, лепрология секторының меңгерушісі К.А. Колесов басқарып, аталған жұмыстарға белсене араласты. Зерттеу отрядтарының жұмысына дәрігерлер Л.Т. Балуева, Н.И. Обухова, В.Н.Погорелов, Л.М. Чернышева, Ф.А. Давлекамова, Д.И. Бочкарев, А.А. Жоглева және орта буын медицина өкілдері – Т.Д. Иванкова, А.Е. Хайдуков, Н.Ф. Смутина қатысты. Лепрозорийдің іші науқастарға толық болғандықтан, олар песханадан өз еркімен кетіп қалып, кейін жағдайлары нашарлап қайта келіп жатып жүрді. Лепра ошағына және ауруларды бақылау жасауды ұйымдастыру бойынша шараларды өткізу жөніндегі мәселе туындады.

Сондықтан шаралардың бірі ретінде 1946 жылы есі ауысқан ауруларға арналған Қараөзек қыстағында емдеу – еңбек колониясының базасы негізінде профилакторий ұйымдастырылды. Оған еңбек ету қабілеті ішінара немесе толық жоғалған, песханадан шығарылған аурулар ауыстырылды. Алайда профилакторий тұрғындары өз бетіне жіберілгендіктен, қоғамдық пайдалы еңбекпен айналыспады, тек қана жеке малдарын бағумен шұғылданды. Медициналық  бақылау, ағарту жұмыстары мүлдем жүргізілмеді, өйткені профилакторий әкімшілік тарапынан психколонияның бас дәрігеріне бағынышты болды. Ал штатта дәрігер лепролог жоқ еді.

Сондықтан Үкіметтің арнаулы шешімімен Сырдария өзенінің жағасындағы Аманөткел ауылынан 4 шақырым жер бөлініп онда 70 отбасы (245 адам) қоныс аударылды. Колхоз ұйымдастыру да ойда болды. Бірақ шаруашылық тез тарап кетті де, адамдар бұрынғы мекен - жайларына қайтып оралды. Оқшаулауға тиісті сырқат адамдардың көбеюіне байланысты арнайы Балалар Үйін ашу көзделді. Оған қоса песпен ауырғандардан туған балаларды орналастыратын орын керек болды. Сол мақсатта 1947 жылы 100 төсектік арнайы Балалар Үйі ашылды. Оларға арнайы тәрбиешілер бөлініп, орта буын медицина қызметкерлері денсаулығын қадағалады, арнайы бақылауды песхана дәрігерлері жүргізді. 1974-1970 жж. маманданған Балалар Үйіне 388 бала түсті. 14 жыл ішінде сол балалардың 9-ы песпен ауырды. Індеттің туа бітті және құрсақіші арқылы таралмайтындығы, оның негізгі шарты ауру адаммен тығыз және ұзақ уақыт бірге тұру екендігі ескеріле отырып 1958 жылы песханада яслилік бөлімше ашылып, оған 3 жасқа дейінгі ата – аналары песпен аурыған балалар жатқызылды.

1968 жылы мамандарылған Балалар Үйі Қараөзек қыстағынан Талдыарал қыстағына қоныс аударылды. 1971 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол Қазақ лепрозориясының мамандандырылған балалар бөлімшесі деп аталатын болды. Бөлімше екі қабат кірпіш үйге орналасты. Өз тәрбиешілері мен медицина қызметкерлері және жеке мектеп пен мұғалімдер штаты болды. Зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізіліп, жаңа сырқаттар табылуы көбейген сайын пестің негізгі көздері нақтылана бастады. Ал бұл лепраға қарсы күрес бойынша жаңаша ұйымдастыру және емдеу шараларын қолдануды талап етті.

Лепраға қарсы күрес жұмыстары елуінші жылдары жандана бастады: сырқат адамдарды емдеуге сульфондық препараттар қолданды. Ал ауру жұқтырып алу қаупі барларға пес профилактикасының белсенді (иммундық, химиялық) әдістерін зерттеу басталды. Қазақстан Республикасындағы лепрамен жоспарлы және жүйелі күрес негізінен бас дәрігер А.А. Шелековский және оның орынбасары профессор Э.И.Иоффенің келуіне байланысты болды.

1952 жылы песханада алғаш рет мынадай ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді: үш лепроздық бөлімше ұйымдастырылып, олар дәрігерлер және орта буын медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілді (Г.Н Иваненко, К.Ю. Серафимова, Т.А. Иваненко, Д.И. Бочкарев, А.И. Андреева және А.И. Хобля). Лаборатория ашылып, штаттық төсек саны 900-ге жетті.

1953 жылы Қазақ Республикалық лепрозорийінде эпидемиологиялық бөлім ашылды. Бөлім құрамында меңгеруші және 4 эпидемиолог көмекші болды (Н.Ф. Смутина, В.В. Каратицкая, Ш.Қуандықов, А.Е. Хайдуков). Бұл бөлімнің құрылуымен қатар жұмыс ауқымы кеңейді, ауруханаға жатқызылған аурулар саны 976-ға жетті. 1954 жылы Арал қаласында лепраға қарсы күрес бойынша арнайы санитарлық-эпидемиологиялық станция ашылды. 1955 жылы Н.М. Балуеваның бастамасымен КСРО-дан алғаш рет лепраға қарсы профилактикалық дәрі ретінде БЦЖ вакцинасы Арал ауданының Бөген ауылдық кеңесінде және Тасбөгет қыстағында қолданылды. Бұл шараны өткізу үшін 80 бірлік сульфонизаторлар штаты бөлінді. 50 жылдардың соңына қарай сульфондық препараттарды қолдануға байланысты лепрозориядан тұрғылықты жеріне амбулаторлық емделуге шығарылған аурулар саны едәуір артты. Сонымен 1956 жылы амбулаториялық емде 466 ауру болса, 1960 жылдың қаңтарында олардың саны 1304-ке жетті. Оның ішінде Арал ауданында – 724, Қазалы ауданында – 242, Сырдария ауданында (аудан орталығы – Тасбөгет қыстағы, кейін аудан таратылды) – 280 науқас болды. Бұл жағдай лепраға қарсы диспансердің аталған елді мекендерде ашылуын талап етті. 1958 жылы Арал қаласында ауданаралық санитарлық-эпидемологиялық станция базасынды 25 төсектік стационары бар ауданаралық лепраға қарсы диспансер ашылды. 10 песке қарсы тірек пунктері құрылды (Бөген, Шөмішкел, Қамбаш, Құланды, Қаратерең, Бірлестік, Ұялы – Арал ауданында және Октябрь совхозы, Микоян колхозы – Қазалы ауданында, Қазалы қаласында). Бұл пунктер Солтүстік Арал МРС-і, колхоздар, Аралсульфат комбинаты мен құрылыс басқармасының күш біріктірумен қысқа мерімде салынып бітті.

1957 жылдың 12 қарашасында № 97 бұйрықпен Министрлер Кеңесінің резерві есебінен жалпы көлемі 100 шаршы метр стандарттық үйлер медицина қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында берілді. Сондай-ақ «Газ-69» маркалы 24 автокөлік бөлінді. 1958 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық медицина қызметкерлерінің қызметтік жалақысына 30 процент үстеме ақы қосылды. Жаңа лепрозий құрылысына мемлекет 48 милион сом бөліп, 1966 жылдың мамыр айында жаңа ауруханалық қалашық пайдалануға берілді. Аурулар ыңғайлы палаталарға жатқызылды. Олар су құбыры жүргізген, бір орталықтан жылытылатын, канализациясы бар мекен-жайға көшті. Бүгінде лепрозорийдің дәріханасы, стационары, операция жасайтын бөлмелері, рентгенологиялық бөлімше, физиотерапевтік кабинеті, стоматологиялық қызметі, клиникалық диагностикалық, пато-гистологиялық, биохимиялық лабораториялары, асханасы және клубы бар. Арал, Қазалы және Сырдария аудандарында (Тасбөгет қыстағы) диспансерлік бөлімшелер мен 7 лепраға қарсы тірек пунктері ауруларды тұрған жерлерінде емдейді.

Қазақ лепрозориясының дәрігерлері песті емдеуге сульфондық препараттарды алғаш рет табысты қолданды. Оған қоса жаңа препараттарды (СИБ-аның майлы суспензиясы, пирогенал, лампрен, ацедиасульфон, рифампицин және басқалары) комбинациялық терапиялауды практикаға енгізді. Профессорлар Ә.С. Идрисов пен А.И. Дахес қайта қалпына келтіру және косметикалық қалдықтағы (дефект) әдістері, дәрігер О.И. Рысқұловтың салбырап қалған табанды түзету және білек нервін босату бойынша жасаған операцияларының практикалық маңызы зор. Қазақтың Республикалық лепрозориясы ғылыми зерттеулер де жүргізеді. Осы жылдарда Қазақстандағы пес ауруының әр түрлі мәселелері жөнінде 150-ден астам ғылыми зерттеулер жарияланды. Қазақ лепрозориясының материалдары бойынша 4 докторлық (Ә.С. Идрисов, А.И. Дайхес, С.Д. Полетаев пен Вишневацкий) және 9 кандидаттық (Р.Х. Абдусаметов, А.А. Алимходжаев, К.К. Құрманғалиева, В.С. Сим, П.П. Кулагин) диссертациялары қорғалды. Бүгінде лепрозорийдің комбинациялық емдеу, иммундық профилактика (БЦЖ) бактериологиялық индексті анықтаудың халықаралық әдістемесі және т.б. жаңалықтар енгізу – оның шын мәртебесін айқындай түседі.

70 жыл бойына Қазақ лепрозориясын 11 бас дәрігер басқарды. Олардың тарихи өз орындары бар.  1929 жылы К.О. Дессин лепрозорийді ашты. Н.В.Шилов (1929-1934) ауру аз болғандықтан песхананы жабу деген қате пікір таратты. Д.А.Берже (1934-1944) жағдайы ауыр науқастарға аурухана ашты. Арал ауданының халқын тексеріп, 17 сырқат тапты,елді тексеруді КСРО ДСМ-нің мәселе етіп қоя білді. Педагог А.К.Затопляев (1944-1947) ауыр жылдарда ауруларды аш қалдырмау, суыққа шалдырмау мақсатын толық орындап шықты. Т.С.Шамрай (1947-1951) песханадан шыққан мүгедектер мен оның туысқандарына профилакторий ұйымдастырып, маманданған балалар үйін ашты. Шелаковский (1951-1954) (ол кезде 10 дәрігер, 3 бөлімше болатын) профессор Э.И.Иоффемен (1951-1953) бірге эпидбөлім ұйымдастырды, жаңа лепрозорийдің құрылысын бастады. Л.Я.Клопенко (1954-1963) ауруларды емдеу мен эпидемиялық ошақтардағы тексеру жұмыстарына зор көңіл бөлді. В.С.Сим (1963-1986) – жаңа лепрозорияның құрылысын бастап салды, комбинациялық ем, этизулотерапия, механотерапия тәсілдерін енгізді, пес ауруларының дене және әлеуметтік реабилитациялау мәселелерін шешті. А.Ж.Қадірбаев (1986-1990) – амбулаторлық және диспансерлік ауруларға маманданған көмек ұйымдастырды, Тасбөгетте жаңа диспансер құрылысын жүргізді.

1991 жылдан бастап лепрозорийді Асылбек Жамалұлы Ізмағамбетов басқарады. Ол пестің профилактикасы, хирургиялық емі, ДДСҰ (ВОЗ) бойынша қазіргі заманғы лепраны емдеу тәсілдеріне зор көңіл бөлуде. Ешқандай елде песке қарсы қысқа мерзімде үлкен күрес жүргізіліп, індетті тоқтату оқиғасы болған жоқ. Қазақстанда 4467 ауру тіркеуге алынып, 3 мыңнан астам науқас лепрозорийге жатқызылды. Қазақстан Республикасындағы песті жоюда Астрахань қаласының лепра ҒЗИ-нің қызметкерлері В.А.Евстратов, А,К.Логинов, В.Н.Погорелов, Л.М.Чернышева, К.М.Назаров, А,А,Ющенконың сіңірген еңбегі зор болды.

Қазақ лепрозорийінің өз қызметкерлері: дәрігерлер А.Иваненко, А.И.Хобия, М.Я.Фридман, Д.И.Бочкарев, А.А.Жоглева, Л.М.Демина, В.К.Телегин, О.И.Рысқұлов, Т.К.Қалыбаев, О.О.Смаханов, Р.А.Сұлтанова, К.Т.Толыбаева, У.Әлсейітов, К.А.Әбішов және орта буын медицина қызметкерлері М.М.Терехова, Л.Ф.Ли, Н.Ф.Смутина, Ж.Әбдіқожаев, Ш.Қуандықов, А.Е.Хайдукова, З.Мамырбаев, К.Тәжіков, Л.И.Вильская, Е.Г.Добровольская, О.О.Карпык, И.Елбосынов, О.Жұбаниязов, Т.Каждаров ауруларды практикалық емдеуде аянбай тер төкті. Міне осы аты аталған адамдар мен тағы басқалар түрінің өзі қорқыныш пен үрей тудыратын науқастардың өмірі мен денсаулығы үшін күресті, мыңдаған адамдардың іріңді жарасын таңып-байлады, он мыңдаған инъекция жасады. Солардың шипалы қолдары науқастарға жазыламын деген үміт берді.

 

Е.Омаров пен С.Смағұлұлының 

«Сыр медицинасы» (ХІХ – ХХ ғасыр) кітабынан, 

2001 жыл.


Сурет ibaboston.org сайтынан алынды
  • 975