Бүгін:
kz ru

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЛЕПРА


 

М.А.СЕЙТАЛИЕВ, А.Н.НЫСАНОВ, С.К.ЕГІНШІБАЕВ,

ҚР ДСМ Қазақ Республикасының лепрозорийі.

Қазақстан Республикасы, Қызылорда

Бұл мақалада Қазақстандағы лепра (пес) кеселінің қазіргі кездегі эпидемиологиялық ерекшеліктері мен қазіргі таңдағы онымен күресудің өзекті мәселері баяндалады. 

Лепра (пес) қоздырғышы М. Lepraе болып табылатын кең жайылған жұқпалы дерт. Қоздырғыш қышқылға тұрақты таяқша пішіндес бактерия. Бұл кесел негізінен теріні, шеткі (перифериялық) нервтерді, жоғары тыныс жолдарының шырышты қабықтарын, сондай-ақ көз бен басқа ағзаларды зақымдайды.

Лепра адамзатқа баяғы заманнан таныс. Бұл ауру барлық континентте кеңінен таралған және адамзат жадында оның қорқынышты бейнесі, мутиляция, қоғамнан аластату қалды.

Өз географиялық орналасуы бойынша Азия мен Европаның шекарасында орналасқан Қазақстан территориясы көптеген ғасырлар бойына түрлі тайпалар мен халықтар жүріп өткен даңғыл жолға айналды. Ерте заманнан бері Қазақстан арқылы трансконтиненталды жол – «Ұлы жібек жолы» өтті.

Ұйымдастырылған індетке қарсы шаралар болмағандағы адамдардың миграциясы көптеген инфекциялық кеселдердің таралуына ықпал еткен факторға айналды.

Қазақстандағы лепра туралы алғашқы дерек 1769 жылы сипатталып жазылды. Алайда онымен нақты 1929 жылдан бастап айналыса бастады. Бұл кезде КСРО Үкіметінің Қаулысына сәйкес Қазақ КСР-да лепрозорий ұйымдастыру бойынша шешім қабылданған болатын.

Кең тексеру жұмыстарын өткізу нәтижесінде жылма-жыл жанадан анықталған науқастар саны артты.

1929-1940 жж аралығында – 290; 1941-1950 жж. – 629; 1951-1960 жж – 1718; 1961-1970 жж – 781; 1971-1980 жж – 152; 1981-1990 жж – 32; 1991-2000 жж -3 ауру адам табылды. Соңғы 7 жылда (2001 ж. бастап) 3сырқат алғаш рет анықталды. Қазақстан территориясында, песке (лепраға) шалдыққан барлығы – 3608 науқас адам айқындалған.

Лепра әлеуметтік дерт болып есептеледі, сондыққан ерекшеліктік (спецификалық) профилактикадан басқа әлеуметтік (социалдық) профилактикаға да басты назар аударылады. Еңбек ету мен тұрмыстық жағдайларды жақсарту, материалдық  бақуаттылықты арттыру және елдің санитарлық мәдениетін көтеру лепрамен науқастануды төмендетудің басты алғышарты.

Әлемдегі қауымдастықтың алдына қойылған ең өзекті міндеттерінің бірі - денсаулық сақтау ісінің проблемасы ретінде лепраны элиминациялау. Мұнда әрбір елдегі науқастылықты 10000 тұрғынға шаққанда 1,0 оқиғаға дейін азайту (ДДСҰ).

Қазақстанда лепраның таралуы 10000 тұрғынға шаққанда 0,3-ке тең, осылайша элиминацияға қол жетіп отыр. Элиминацияға қарамастан, Қазақстан териториясында әліге дейін бұл кеселдің жаңа спорадикалық оқиғалары кездесіп тұрады.

Қазақстан Республикасында соңғы 10 жылғы аталған кеселдің жаңа 4 оқиғасы анықталған. 2017 жылдың басына қарай (6 айы) елде барлығы 402 науқас адам лепрамен өмір сүруде.

  

Бүгінде лепраға шалдыққан науқастардың арасында балалар мен жасөспірімдер мүлдем жоқ. Есепте тұрған сырқаттардың орташа жасы - 68,3, 43-тен (ең кішісі) 91 жасқа дейінгі (ең кәрісі) вариацияда, яғни осы аралықта . Лерамен тек қана ересек жастағы тұрғындар ауырады. Бұл аталған жұқпа ошағының сөне бастауына тән.

М. Leprae-мен Қазақстан тұрғындарының жұқпалануының төменгі деңгейіне науқастылық құрамында лепраның туберкулоидты типінің (ТТ) салыстырмалы төменгі үлесі сәйкес келеді. Қазақстанда лепрамен бүгінде ең алдымен дертке қарсы тұрақтылығы бар тұрғындар емес, оған бейімдігі бар адамдар ауырады. Бұл да сөніп бара жатқан ошақтарға тән құбылыс.

Қазақстанның лепраға қарсы қызметінің даму тарихы сол кездегі денсаулық сақтау ісінің алдында тұрған өмірлік міндеттерді толығымен білдіреді.

Егер алғашында практикалық лепрологияның басты міндеті науқастарды оқшаулау бойынша шараларды өткізу болса, одан кейін алдыңғы планға химиотерапияны жүргізу шықты. Қазіргі кезде басты міндеттерінің бірі ретінде лепраның үшінші реттің профилактикасы ұсынылды. Яғни, мүгедектікті болдырмау және науқастарды оңалту (реабилитациялау), дамыған денелік (физикалық) кемшіліктерді жою.

Дегенмен, бүгінгі күнге тән лепраға қарсы күрестің мәселелері де бар.

Олар:

1. Тұрғындардың ел ішіндегі және сырттан миграциясы. Соңғы 30 жыл көлемінде Арал теңізінің тартылуына байланысты ауыр экологиялық жағдай қалыптасып лепра бойынша эпидемиялық аумақтардан науқастар мен олармен контактта болған адамдардың республиканың басқа өңірлеріне миграциялануы байқалады. Бұл күнде лепраға шалдыққан сырқаттар мен олармен контакттағылар республиканың барлық өңірінде өмір сүреді деуге толығымен болады.

Бұл жұқпаның таралуымен және медициналык қызметі аталған дертпен бетпе – бет келуге дайын емес, популяцияның имуннологиялық құрылым әлі зерттелмеген өңірлерде лепра оқиғаларының пайда болуымен қауіпті. Оған қоса жылма – жыл Қазақстанның көптеген мемлекеттермен сауда – экономикалық байланыстары өсе түсуде. Бұл да тұрғындардың сырттан белсенді миграциясына жетелейді.

2. Медицина қызметкерлерінің арасында лепра туралы мағлұматтың төмендігі мен лепра бойынша абайлауының жоқтығы.

3. Тұрғындар арасында ғана емес, медициналық қызметкерлердің арасында да лепрофобия жеткілікті түрде күшті дамыған. Бұл өз кезегінде науқастардың медициналық және әлеуметтік көмек алуына теріс ықпал етеді.

4. Қартаюына байланысты лепраға шалдыққан науқастардың арасында мүгедектік артуда. Жылма – жыл стационарлық көмек пен арнайы әлеуметтік қызметтің кейбір түрлеріне мұқтаждар саны өсуде.

ТҰЖЫРЫМ: Қазіргі кезде Қазақстан лепрологтарының алдында кеселді ерте диагностикалау, лепраның зардаптарының профилактикасы міндеті тұр. Сол үшін тұрғындардың, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын күшейту, жалпы медициналық торап дәрігерлерін лепраға қарсы шараларға қатысуға кеңінен тарту қажет.

Лепраның элименациясына қол жеткенімен, лепраға қарсы шаралардың екпінін төмендетпеген жөн. Өйткені дертті толығымен жою үшін әлі біраз уақыт керек.

2017 ж

  • 1 298