Бүгін:
kz ru

ЛЕПРА, ГАНСЕН АУРУЫ ТУРАЛЫ

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары «Арал-Қазалы өңірі» лепра дерті бойынша індет ошағы болғаны белгілі. Бүгінде бұл дерт толастады. Соңғы 10 жылда лепрамен ауырған адам бұл өңірде мүлдем тіркелген жоқ. Сонымен лепра деген қандай ауру?

Бұл ауру теріні, кілегей қабықтарды, нерв жүйесін және ішкі ағзаларды зақымдайтын бацилла шақыратын созылмалы жұқпалы ауру. Ол өз соңында көптеген терілік зақымдануларды, қол мен аяқтың сезімін төмендетіп салдаунға дейін жетелейді.

Кесел тек емделмеген лепра науқасынан жұғады. Ауру ауа-тамшы жолымен (түшкіру, жөтелу) немесе тері арқылы беріледі. Мұндағы бір ескерерлігі бұл дертке қарсылығы төмен адамдар ғана ауруға шалдығады. Көптеген адамдардың бойында туа бітті лепраға қарсы табиғи қарсылық күші болады. Сол себепті олар ауру адаммен контактта болғанның өзінде мүлдем ауырмайды немесе оны симптомсыз жеңіл жұқпа ретінде бойдан кешіреді. Ол да көп кешікпей еш зардапсыз мүлдем жоғалады.

Аурудың қоздырғышымен адам жолыққанда шынайы лепраның туындауына, оның алғашқы белгілерінің білінуіне дейін орта есеппен 3-4 жыл, кейде одан да ұзақ мерзім өтеді. Кейбіреулер айтатындай, бұл дерт балық жеуден, суға шомылудан, жаман ойдан, ниеттен немесе нашар қылықтан пайда болмайды.

Сондай-ақ ол тұқым қуаламайды. Лепрамен ауырған әйелден дені сау бала дүниеге келеді. Алайда емделмеген науқаспен тығыз қатынаста болған баланың дертке шалдығу қауіпі арта түседі.

Лепраның көптеген оқиғалары адамдар тығыз орналасқан және нашар санитарлық-гигиеналық жағдайларда тіршілік ететін жерлерде көбірек ұшырасады. Дегенмен, бұл ауру өркениетті елдерде де, қоғамның бақуатты бөлігінде де кездеседі.

Лепраға қарсы пәрменді жүргізілген күрестің нәтижесінде оған шалдыққандар саны жылма-жыл азайып келеді. Әлем бойынша лепрамен ауырғандар саны 12 миллионнан сәл астам. Азия, Африка мен Орталық Американың әрбір жиырмасыншы тұрғыны лепраға шалдыққан.

Лепрадан толық айығуға болады. Бүгінде лепра қоздырғыштарын түп-тамырымен жоятын медициналық препараттар бар. Алайда пациенттерді емдеу аурудың қайта бас көтеруін болдырмау мақсатында ұзақ жылдар бойына атқарылады.

Емді ерте сатыларда бастау кеселдің әрі қарай таралуына мықты тосқауыл болады. Бұдан бөлек ем сезімталдық жоғалтудан, салдану басталудан және қол-аяқтың деформациясынан бұрын тағайындалса пациенттің дерттен толықтай айығуына кепілдік бар.   

Сондай-ақ лепра дертінің жұғу қауіпі туберкулезбен салыстырғанда 100 еседей төмен.

Серікбай Смағұлұлы,

Арал-Қазалы лепродиспансерінің

эпидемиолог дәрігері

Фотосурет farmakosha.ru сайтынан алынды

  • 924