Қарасорадан ісік ауруын емдеуге арналған дәрі жасауға болады
Қазақстанда қатерлі ісікті есірткімен емдейтін клиника ашылуы мүмкін. Кендірдің ісік ауруының ошағын жоятын емдік қасиеті барын Израиль ғалымдары дәлелдеген. Енді шетелдік инвесторлар Қазақстанда да осы тәжірибені жүзеге асыруға ниет танытып отыр. Алайда елде есірткі өсіріп, пайдалану заңмен рұқсат етілмеген. Дегенмен инвесторлар Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрлігімен келіссөз жүргізбек. Рұқсат алса, биыл-ақ жылыжай мен клиниканы салуды бастағалы отыр. Есірткілік қарасораның майын сығып алып, одан препарат жасаған израильдік ғалымдар таңқаларлық нәтижеге қол жеткізген. Қатерлі ісік ауруынан 5 мың адам осы дәріні пайдаланған соң айығып кеткен.
Замиг РАҚЫМОВ, RAIS MEDICANN INTERNATIONAL КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Каннабис деп аталатын майды бөліп алған соң, одан дәрі түзіледі. Кез-келген қатерлі ісіктің 1-ші және 2-ші сатысында ауруынан құлан-таза айығып кететіні расталып отыр. Ал оны 3-ші сатыда пайдаланса, рак клеткалары дамуын тоқтатып, адам тағы 6-7 жыл өмір сүреді. Замиг Рақымов бұрын Қазақстанда тұрғанда қатерлі ісікке шалдығады. Бірнеше химиялық ем алған соң Израилге ем іздеп кетеді. Ол есірткілік майдан жасалған препаратты тұтыну арқылы дертте айыққанын айтады. Енді жерлесіміз елге марихуанадан дәрі жасайтын халықаралық инвесторларды алып келген.
.
Эдди ИСАЙ, RAIS MEDICANN INTERNATIONAL КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: Сіз неліктен қазақ жерін таңдап отырсыз деген сауалға мұнда климат өте қолайлы деп жауап берер едім. Біз сіздің елге тәжірибелі дәрігерлер мен профессорларды әкелуге дайынбыз. Олар зерттеулер жүргізеді. Бізге Қазақстан үкіметі тек заң жағынан көмек қолын созады деп үміттенеміз. Ракқа шалдыққандарға паллиативтік көмек көрсететін қауымдастық президенті Қазақстан мұндай жаңа әдістерді пайдалануға дайын емес деп есептейді.
Гүлнәр ҚОҢЫРОВА, ҚАЗАҚСТАН ПАЛЛИАТИВТІК КӨМЕК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазақстанда ракты тегін емдеуге арналған дәрілік препараттар тізімі бар. Бірақ дәрігерлер соны тиімді пайдаланбай отыр. Мысалы, морфиннің өзін науқасқа беру үшін қорқады. Себебі оның құрамында есірткі болғандықтан, тиісті мекемелер қатаң қадағалайды. Ол үшін заңды қайта қарау қажет. Ал өсімдікті ғылыми және медициналық мақсатта өндіру қаншалықты заңды екенін Ішкі істер министрлігі мамандарынан білдік.
Бақытжан ӘМІРХАНОВ, ҚР ІІМ ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Есірткі өсімдіктерін рұқсатсыз пайдалануға тыйым салынады. Бұл талапты бұзған адам 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны белгілі. Жыл сайын «Көкнар» атты ауқымды операция жүргізіп отырамыз. Ал оны медициналық мақсатқа пайдалану үшін арнайы лицензия алса, заңмен рұқсат етіледі.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: Емдік мақсаттағы есірткі қазақ даласында өсетін кендір немесе қарасорадан бөлектеу. Инвесторлар оның ерекше сұрпын Қапшағай маңындағы арнайы тәлімбақта өсіруді ойластырып отыр. Есірткі шөбін жерсіндіріп, өнім алып, клиника салуға 15 млн. АҚШ долларын жұмсауға дайын. Егер жоба жүзеге асса, ғажайып дәрінің бір құтысы 40 мың теңге шамасында бағаланбақ.
Р. Асқарбекұлы
astanatv.kz