Бүгін:
kz ru

«Медицина – пациент» жобасы: Бірлескен іс нәтиже береді


Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Президент Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау барысында салада атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік медицина ұйымдарының саны жылдан жылға көбейіп келеді. Биылғы жартыжылдықта олардың үлесі 52,3 процентті құраған. «Қызылорда облы­сының 2019-2026 жыл­дарға арналған өңірлік перс­пективалық жоспары» бекітілді. Онда денсаулық сақтау жүйесінің инфра­құрылымын дамытуда бюджет есебінен және жеке инвестиция тарту арқылы 2026 жылға дейін 81 млрд теңгеге 107 нысанның құрылысын салу мен жөн­деу жоспарланған.

Бүгінде медициналық кө­­мек көрсетуде «Медицина – пациент» жобасы жү­зе­ге асырылуда. Бұл – нау­қастарды қатыстыру ар­­­қылы жүргізілетін ау­ру­­лар­ды басқару бағдар­ла­масы.

– Жоба негізінде дис­пан­серлік есепте тұра­тын науқас өз ауруына байланысты медицина қыз­меткерінің көмегімен емін бақылауда ұстайды. Қазіргі кезде қант диабетімен, созылмалы жүрек ауруымен және қан қысымымен диспансерлік есепте тұра­тын науқастармен медицина қызметкері арасында әлеуметтік-ынтымақтастық келісімі жасалуда. Медицина қызметкері науқасқа қажетті медициналық тұрғыда көрсетілетін бар­лық көмек, оның ішінде уақытылы тексерілуі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы, жоспарлы емделуі, зерт­ханалық тексерулерін қам­та­масыз етеді. Ал науқас өз денсаулығына жауап­кершілікпен қарап, дәрігерлік нұсқауларды бұл­жытпай орындауға тиіс. Қазір жобаға аталған 3 нозология бойынша 19030 пациент қатысып отыр. Қатысуға тілек біл­дірушілер аймақтық дәрігерімен бірлесе жұ­мыс жасай алады,– деді басқарма басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ана мен бала денсаулығын нығайту және келер жылдан бас­тап енгізілетін міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тандыруға байланысты тапсырмалар берген болатын.

– Ана мен бала ден­сау­лығын қорғау – Мемлекет басшысының назарында тұрған басым бағыттардың бірі. Жолдауда бұл туралы нақты міндеттер қойылып, тапсырмалар берілді. Жалпы, ана мен сәби саулығын сақтау – саладағы негізгі бағыт. Біздің аймақ республи­када алғашқылардың бірі болып халықаралық ұйым­дармен (ДДСҰ; ЮНИСЕФ) бірлесіп, 2017 жылдан бастап пилоттық режимде, ал былтырдан бастап барлық жүкті әйелдер мен 0-ден 5 жасқа дейінгі балаларға арналған патронаждық қызмет көр­сетудің әмбебап-прогрес­сивті моделін енгізді. Бір­лескен істің нәтижесінде нәресте өлімі себептерінің ішінде үйде қайтыс болу жағдайлары – 24%-ке, жазатайым жағдайлардан қайтыс болу 44,1%-ке азайды,– деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, облыстың аймақтық ерекшелігі ес­керіле отырып, әйелдерді жүктілікпен тіркелген уа­қытында және жүктіліктің 30-аптасында жаппай электро­кардиограммаға тү­сіру міндеттелді. Бұрын білінбеген жүректің туа, жүре пайда болған ақаулары мен жүрек ырғағының түрлі бұзылыстары анық­талған жағдайда әйел­дердің мамандар кеңесіне жүгінуге және жоғары маман­дан­ды­рылған медициналық көмек алуына мүмкіндік туды.

Брифингте сондай-ақ, келер жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық барысы туралы да айтылды. Жаңа жүйенің маңызы мен ерекшелігі, ол бойынша көрсетілетін меди­циналық көмектер, жүйеге қатыстырылатын аза­мат­тар тобы туралы қаншама ақпараттық-на­си­хат­тық жұмыс жүр­гізіл­геніне қарамастан, ай­мақта әлі де 26 мыңнан ас­там азаматтың мәртебесі анықталмаған.

Айнұр БАТТАЛОВА.

https://syrboyi.kz/zedelnews/33502-medicina-pacient-zhobasy-brlesken-s-ntizhe-bered.html 

  • 1 248