Кең жүректі тұлға, білікті ұйымдастырушы
Менің осы әңгімеме арқау болған азамат туралы айтпас бұрын, лепра ауруы туралы, оның Қазақстан аумағында таралуы туралы мағлұмат бергенді жөн деп санаймын. Жалпы адамзат баласына өте ежелден таныс, атынан жан шошырлық бұл ауру туралы не білеміз, қазақтар арасында ол қашан және қалай тараған?
Лепра – шарт бойынша Micobacterium Leprae деп аталатын микроорганизм арқылы таралатын жұқпалы кесел. Ол тері мен нервтердің зақымдануын шақырады. Тек бірнеше жылдардан соң салдануға (параличке) және атап айтқанда, көз бен аяқ-қолдың кемістігіне жетелейтін қайтым сыз мүгедектікке әкеп соқтырады. Кеселдің тәнді көріксіз етіп бүлдіретін әсері науқастар мен олардың туыстарына ауыр психологиялық, экономикалық және әлеуметтік проблемалар туындатады. Қазақстан аумағында лепраның бар екені туралы ең алғашқы жазба деректі біз П.С.Палластың еңбектерінен кездестіреміз (1889). 1769 жылы, Жайық (қазіргі Орал қаласы) қаласында болған кезде, ол осы жерде тұрып жатқан урал казактары арасынан лепра ау- руын көріп, төмендегідей жазба қалдырған: («... при Яике начала показываться особливая и малоизвестная проказа, от которой могут произойти плохие следствия, если не будет употреблена предостороженность. Сия болезнь та же самая, которая в Астрахани под именем крымской болезни известна, потому что во время военных походов принесена из Крымской земли. Яицкие казаки говорят, что она пристала к ним от бывшей в персидском походе команды из Астрахани и называют «черной немочью», потому что начинает лицо синеть. Я видел многих, в высшей степени одержимых оною болезнью»). Осыдан кейін бірнеше авторлардың (П.Симонтовский (1796), Н.Минх (1888), Л.Рутенберг (1897), Ф.Горбацевич (1898), т.б. қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облысы аумағында лепра ауруларын кездестіргені туралы жазба деректері бар. Бір ерекшелігі, бұл деректерде осы өңірлерде тұратын ұлты орыс тұрғындар жөнінде баяндалған, Қазақстанның негізгі тұрғындары – қазақтар туралы еш дерек жоқ. Қазақстандағы лепраның эпидемиологиясы туралы еңбектерінде көптеген авторлар қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолының, Араб басқыншыла рының, Шыңғысхан, Темірлан жорықтарының маңызын айтып, осы кезеңдерде лепра таралған деген тұжырым жасайды. Алайда, өткен ғасырдың 50-ші жылдарына, яғни лепрамен аурушаңдық өзінің шарықтау шегіне жеткенге дейін Қазақ КСР-ның аумағында лепра барлық жерде анықталмаған, оның құрамына кіретін 16 облыстың тек 8-нен анықталған: олар – Қызылорда, Гурьев, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл, Алматы және Семей облыстары. Осылардың ішінен Қызылорда және Гурьев облыстарында барлық анықталған аурулардың 95 проценті анықталса, қалған 6 облыста 5 проценті ғана тіркелген. Соңғы 6 облыстағы жағдайларды ежелден қалған спорадикалық жағдайлар деп есептесек, Гурьев облысының ошаққа айналу себебі Астраханьмен және Орал казактарымен тығыз араласуымен байланысты екенін байқаймыз. Ал Қызылорда облысының Арал- Қазалы ошағындағы жағдайдың эпидемиялық сипат алуына не себеп болды? Осы жағдай бізді толғандырмай қоймады. Себебі, 1885 жылы орыстың белгілі лепразерттеушісі Г.Н.Минх, Перовск мен Қазалы аймағын зерттеп, ол жерлерде лепра ауруларын кездестірмегені туралы: («.. среди киргизов населяющии между Орском и Ташкентом, лепры нет») деп жазды, осы пікірмен сол уақыттарда зерттеу жүргізген Решетилло да келісті. Бұл жағдай Мамоновтың «1885 жылғы Сырда- рия облысы туралы «Шолуымен» (Обзор о Сырдарьинской области 1885 года) де дәлелдене түседі. «Шолуда» бұл облыста лепраның бар екендігі айтылып, елді мекендер атап көрсетілген. Ол кезеңде аталған облыстың аумағына көрші республикалардың жерлері де кіретін. Белгілі болғаны ол атап көрсеткен ошақтар арасында кейінгі Қазақ КСР аумағына кірген бірде-бір елді мекен болмаған, олар Өзбекстан және Тәжікстан республикасына қарайтын елді ме- кендер екен. Лепра – негізінен отырықшы халықтар арасында көп кездесетін ауру. Біздің тұжырым бойынша бұл жұқпалы індет «Ресейден орыс-казактар арқылы келген» деген дұрыс сияқты. Қазақ халқының басына отарлаушылардың алып келген зұлматтарының бірі деп ойлаймыз. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі қазақтардың балықшылықпен айналысып, әлеу меттік-тұрмыстық жағдайының күрт өзгеруі, тіпті төмендеуі, шоғырланып ұжымдық шаруашы лықпен айналысуы (теңіз жағасындағы балықшы қостарында топ-топ болып шоғырланып өмір сүру), тамақтану мәдениетінің өзгеруі, яғни біркелкі негізінен балық өнімдерін тұтыну (әсіресе қыс мезгілінде бірыңғай тұздалған балық жеу), ашаршылық және т.б. адамның иммунитетін төмендететін өте ауыр жағдайлар, арнайы эпидемияға қарсы іс-шаралар болмаған кезеңде бұл ауру туралы мағлұматы төмен тұрғындар арасында жағдайдың ушығуына әсер еткен тәрізді. Сол маңда тұратын, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан елді мекендер арасында дерттің таралуының әлдеқайда төмен болуы бұған қосымша дәлел болады. Ол жерлерге лепра негізгі көрші балықшы ауылдардан енген. Індеттің тұрғындар арасында ұлт ерекшелігіне қарамастан, пропорционалды түрде тарағаны туралы ғылыми деректер бар, яғни індет ұлт немесе ұлысты таңдамаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бомба түскен аймағын белгілі бір радиуста зақымдайды. Ол аймақтағы адамдардың тегіне, тіліне, дініне не басқа ерекшеліктеріне қарамайды. Десе де, одан белгілі бір қорғаныс құралы арқылы аман қалуға болады. Біздің жағдайда ол құралдың аты иммунитет. Әлі де болса, лепра әлемнің бірқатар елдерінде қоғамдық денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі болып қалуда. Қуанарлық жайт, біздің елімізде лепраға қарсы бағытталған жалпымемлекеттік пәрменді іс-шаралардың арқасында аурудың ошағы өшті, біз аурудың тек алыс зардаптарымен ғана күресудеміз. Ел тұрғындарының басына түскен осы бір ауыр кеселден арылу жолында талай шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылып, талай азаматтар тер төккені сөзсіз. Солардың өнегелі өмірін келер ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз деп білемін.
Қазақстандағы лепраға қарсы күрестің басталуы 1929 жылы Қазақ лепрозорийінің ұйымдастырылуымен тікелей сабақтас. Қазақ лепрозорийінің базасы ретінде Қызылорда қаласынан 9 шақырымдағы австриялық әскери тұтқындарға арналған колонияның бұрынғы ғимараты таңдалды. Бұл ғимарат қамкесектен салынған жеті бір қабатты үй еді. Онда стационар, амбулатория, лаборатория, дәріхана, кір жуу бөлмесі, санитарлық өткізу бөлмесі орналасты. Дегенмен, мекен-жай онда ауру адамдарды орналастыруға жарамсыз болатын. Жаңа анықталған сырқаттар санының өсуі лепрозорийдің төсектік қорын ұлғайтуды талап етті. Сонымен, 1936 жылы онда – 108, 1941 жылы – 296, 1949 жылы – 473, ал 1959 жылы 876 лепраға шалдыққан науқас жатты. Жеткілікті материалдық базаның болмауы стационарлық сырқаттар арасында ерекше тығыздық жасады. Қолдағы бар ғимаратқа түрлі қосымша құрылыс жапсыру арқылы лепрозорийді кеңейтудің көптеген талпыныстары қалаған нәтиже бермеді. Қалыптасқан жағдай жаңа лепрозорий салу мәселесін алға тартты. Соған байланысты Қазақ КСР Үкіметінің 1956 жылдың желтоқсан айындағы қаулысымен Талдыарал тоғайлығынан жер учаскесі мен лепрозорий ғимараты кешенінің құрылысына қаржы бөлінді. Бірақ құрылыс жұмысы тек лепрозорийдің басшылығына 1963 жылы тұңғыш рет жергілікті маман, Қазақстанда лепрология саласының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан тұлғалардың бірі – Владимир Сергеевич Сим келгеннен кейін жандана түсті. 1966 жылдың мамыр айында емдік кешеннің бірінші кезеңінің құрылысы біткен соң лепрозорий жаңа учаскеге ауыстырылды.
Одан кейінгі жылдары (1966-1968) екінші кезеңнің құрылысы жалғастырылды – қызметкерлерге арналған тұрғын үй қалашығы тұрғызылып, қазіргі Талдыарал елді мекені салынды. Қазақстанда лепраның толастауына, лепрология саласының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан тұлғалардың бірі және бірегейі – Владимир Сергеевич Сим. Енді ол туралы толығырақ баяндайық. Қызылордаға корей ұлтының келуі Қиыр Шығыс өлкесінен олардың жер аударылуына байланысты болған. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК (б) П Орталық Комитеті бірігіп шығарған «Корей халқының Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы» қаулысында (1937 жылдың 21 тамызы) бұл бір ауыз сөзбен: «Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында» деп дәйектелген. Ата анасының жер аударылып келгені жөнінде мақала кейіпкері өз өмірбаянында былай деп жазады: «Мен, Сим Владимир Сергеевич, 1925 жылы 31 желтоқсанда Приморск өлкесі, Шкотов ауданында, шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем – Сим Се Хеб, 1893 жылы дүниеге келген, «Новый мир» колхозында жұмыс істеді, анам Ким Ок Тан 1910 жылы дүниеге келген. 1937 жылы ата-анам Қазақ КСР-нің Қызылорда облысы Арал ауданы Қамбаш елді мекеніне қоныс аударды. Мен осы жерде қазақ мектебінің 5-сыныбына қабылдандым. 1938 жылы Қазалы ауданындағы Ленин атындағы колхозға көштік».
Владимир Сергеевич Симнің отбасы 1938 жылы Қызылорда қаласына көшіп келіп, ол өз оқуын К.Е.Ворошилов атындағы орыс мектебінде жалғастырады. 1940 жылы 7-ші сыныпты тәмамдағаннан кейін медициналық училищеге оқуға түсіп, 1942 жылы аталған оқу орнының толық курсын аяқтап, фельдшер мамандығын алады. 1942-1944 жылдар аралығында Қырым медицина институтының студенті болып, ВЛКСМ қатарына мүшелікке қабылданды, белсенді комсомолдық жұмыстар жүргізді. Тұрмыс жағдайының ауырлығына байланысты 1945 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институының емдеу факультетіне ауысып, 1948 жылы оқу орнын табысты аяқтады. 1948 жылы еңбек жолын Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласында бастады. 19481953 жылдары сот-медициналық сараптама бюросының бастығы, 1953-1955 жылдары Қызылорда қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 1955 жылдың қараша айынан 1963 жылдың тамыз айына дейін облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. ҚазКСР Денсаулық сақтау министрінің 1963 жылы 5 тамыздағы №273 бұйрығымен қызметтік ауысу тәртібімен Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бөлімінен Қазақ республикалық лепрозорийінің бас дәрігері болып тағайындалды. Оның алдында Қазақ республикалық лепрозорийін А.А.Шелаковский 1951 жылдан 1953 жылға дейін, Э.И.Йоффе 1953 жылдан 1954 жылға дейін, Л.Я.Клопенко 1954 жылдан 1963 жылға дейін басқарған болатын. Бәрі де Москва тағайындаған, Ресейден келген кадрлар еді. Ал В.С.Сим ұлты кәріс болғанымен, лепрозорий басшылығына тағайындалған тұңғыш жергілікті кадр болды. Ол 1965 жылы КПСС мүшелігіне қабылданды. Қазақ республикалық лепрозорийі мекемесінің бас дәрігері лауазымында жүріп, «Лепраның Қазақ КСР-де таралуы. Онымен күресті ұйымдастыру және көкжиектері (перспективалары)» тақырыбында кандидаттық диссертация жазып, оны 1974 жылы Астрахань қаласындағы Бүкілодақтық лепрология ғылыми-зерттеу институтында сәтті қорғап шықты. Алматы мемлекеттік медициналық институты ғылыми кеңесінің 1974 жылғы 8 қазандағы шешімімен (№4 хаттама) оған медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріліп, ол лепрология ғылымы бойынша Қазақ КСР-де тұңғыш медицина ғылымдарының кандидаты болды. Диссертацияда 1929-1970 жылдар аралығындағы лепраға шалдыққан 3734 ауру адам талданып, олардың әлеуметтік статусы, лепра кеселінің түрлері және т.б. маңызды тұстар жете зерттелді. Ол лепра тақырыбында ғылыми басылымдарда бірнеше ғылыми мақалалар жариялады. Оған қоса лепрозорий қызметкерлерінің де ғылыми мақалалар жазуына ықпал етті. Лепра дерті бойынша одақтағы және шет елдегі жаңалықтарды қамтыған ғылыми басылымдарды, сондай-ақ әдеби кітаптарды жинақтаған лепрозорий жанынан бай кітапхана ұйымдастырды. Бұл жұмыстар өз кезегінде аурушаңдықтың төмендеуіне тікелей ықпалын тигізді. В.С.Сим Мәскеудегі терівенерологиялық орталық институтының лепрология бөлімінде, Астархань қаласындағы лепраны ғылыми-зерттеу институтында лепра дертінің қыр-сырымен танысты. Жоғары санаттағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы социал-гигиенист. Лепра кеселі бойынша эндемиялық ошақ саналатын Арал және Қазалы аудандарына жиі іссапарға шығып, дерттің кең таралмауының алдын алу жұмыстарын жүргізді. Сондайақ еліміздің басқа облыстарында тұратын науқастарды да бақылауды қолға алды. Қазақ республикалық лепрозорийі қазіргі заманғы мамандандырылған емдеу мекемесі ретінде көпке танылды. Онда операциялық және оқшаулау бөлімі бар ста- ционар, рентгендік және физиотерапевтік кабинеттер, тіс дәрігерлік кабинеті мен тіс протездеу лабораториясы, түрлі басқа лабораториялар – клиникалық-диагностикалық, патогистологиялық және биохимиялық, дәріхана, асхана, ауру адамдарға арналған клуб пен науқастардың сырттан келген туысқандарына арналған бөлмелер ашылды. Лепрозорийде лепраға қарсы барынша жаңа препараттар қолданылды. Науқастардың қажетті мамандандырылған медициналық көмек түрлерін – хирургиялық, ортопедиялық, физиотерапевтік, стоматологиялық және басқаларын алуға қолдары жетті. Аймақта емдік-профилактикалық шаралар кешенін өткізу және өмір сүрудің әлеуметтікэкономикалық жағдайларын жақсарту нәтижесінде тұрғындардың лепрамен науқастануы 1958 жылмен салыстырғанда, сегіз есеге азайды және оның одан әрі төмендеуіне барлық алғышарттар жасалды. Оған Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрінің 1975 жылғы 20 мамырдағы бұйрығымен жоғары санаттағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы, әлеуметтік гигие- нист біліктілігі берілді. Ол облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бірнеше алғыстарымен, Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрінің бірнеше алғыстарымен, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің 2 грамотасымен және Құрмет грамотасымен марапатталды. 1966 жылғы 2 желтоқсанда «Ерен еңбегі үшін» үкіметтік медалін иеленді. 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, 1989 жылға дейін лепрозорийде еңбек етті.
Көзкөргендер лебізі
Серік Сейітназаров, медицина ардагері, Талдыарал елді мекенінің тұрғыны: «Мен 1975 жылдың 22 қаңтарында Қазақ республикалық лепрозорийіне эпидемиолог-дәрігер көмекшісі ретінде жұмысқа қабылдандым. Ол кезде бас дәрігер Владимир Сергеевич Сим еді. Ол адамгершілігі мол, парасатты, әрбір қызметкер мен жұмысшылардың жан дүниесін түсінетін және керек кезде қолдан келген көмегін аямайтын ерекше адам еді. Кәртайған ата анама қарайлап, жоғары оқуға бара алмадым. Жұмысқа тұрғаннан үш айдан кейін әкем дүниеден өтті. Алайда жоғары білім алсам деген құштарлығым басылмады. Үш балам бар. Қалай болғанда да сырттай оқысам да жоғары білімге қол жеткізгім келді. Дәрігерліктің сырттай оқуы жоқ. Сол себепті бухгалтер, экономист болғым келді. Оған түсу үшін де алдында есепші болып жұмыс істеу керек. Осы ойыммен бас дәрігерім В.С.Симмен бөлістім. Ол менің ойымды бірден қабылдап, 1977 жылы бухгалтерлікке ауыстырды. Сол жылы Алматы ауылшаруашылық институтының экономика және бухгалетрлік есеп факультетіне сырттай оқуға түстім. Оны 1980 жылы бітіріп, 1983 жылы бас дәрігер В.С.Сим менің құжаттарымды Денсаулық сақтау Министрлігіне жолдап, олардың келісімін алып, мені Қазақ республикалық лепрозорийіне бас бухгалтер етіп тағайындады. В.С.Сим кезінде маған: «Оқуға түстің, қабілетің зор, сенің оқуды жақсы бітіретініңе сенімім мол. Қазіргі бас есепші В.С.Пак зейнеткерлікке шыққанда, сені міндетті түрде бас есепші етіп тағайындаймын» деп уәде берген еді. Уәдесінде тұрды, бас есепші болдым. Мұны айтып жатқаным, менің арманыма қанат бітірген, ұлты басқа болса да, туысымдай қамқорлық көрсеткен В.С.Симнің жақсылығын ешқашан ұмытпайтыным. Мұндай жақсылық істеу екінің бірінің қолынан келе бермейді».
Алихан Наурызбаев, еңбек ардагері, Талдыарал елді мекенінің тұрғыны: «Мен 1969 жылы жұмыс бабымен Талдыарал елді мекеніне отбасыммен көшіп келдім. МИС - Талдыарал ауылының байланыс бөлімінде жұмыс атқардым. Ол кезде «МИС»-тің директоры Ким Данчер еді, ал лепрозорийдің бас дәрігері Сим Владимир Сергеевич болатын. Ол кісі маған лепрозорийдің АТС-ін қабылдауымды ұсынды. Сол кезден бастап мен осы мекемеде АТС меңгерушісі болып қалдым. В.С.Сим өзін бас дәрігермін деп жоғары ұстамайтын. Қарапайым адам еді. Бірге балық аулап, әзілдесіп жүре беретінбіз. 19701971 жылдары медицина қызметкерлері күніне байланысты спартакиада өткізіліп тұратын. Мен волейболдан лепрозорийде жұмыс істейтін қыз-жігіттерден команда құрдым. Команда 5 жыл қатарынан облыс бойынша бірінші орынды иеленіп, кубокпен және грамоталармен марапатталды. Өзім бокстан және волейболдан көптеген жарысқа, атап айтқанда, 1975 жылы Қызылорда облысындағы, Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларында Қазақстан біріншілігіне қатыстым. В.С.Сим осы тірліктердің атқарылуын өзі бақылап тұратын». «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, ол алдына көмек сұрай келген адамның жағдайына жан-жақты қарап, ешқашан көмексіз қайтармайтын. Қиналған адамға көмек көрсетуге тырысатын» деп В.С.Симнің азаматтық бейнесін қағаз бетінде өрнектеді Орынбасар Жұбаниязұлы ағамыз кезінде өзі жазған «Сырқат аты – бетперде» атты кітабында. Міне, Қазақ республикалық лепрозорийінде 23 жыл басшылықта болған, өз өмірінің ширек ғасырын Қазақ лепрологиясының қалыптасуы мен нығаюына арнаған, еліміздегі лепра кеселінің толастауына айтарлықтай еңбек еткен кең жүректі тұлға Владимир Сергеевич Сим осындай асыл адам еді.
М.СЕЙТАЛИЕВ,
«Қазақ республикалық лепрозорийі» ММ басшысы
«Сыр бойы» газеті, 20 наурыз 2021 жыл