Екпе ал! «Сары аймақ»: Ережені ескермеудің салдары
24-ші мамырдан бастап өңір коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалын бағалау матрицасы бойынша «жасыл аймақтан» «сарыға» ауысты.
Sb Айдана ЖҰМАДИНОВА, «Сыр бойы»
Кейінгі күндердегі көрсеткіш жағдайдың күрделене бастағанын аңғартты. Сала мамандары былтыр да күн ыстық мезгілде, әсіресе маусым, шілде айларында аурушаңдық деңгейі артқанын, биыл да сол қалыптағы динамика барын айтты. Сондықтан ережені ескермеудің салдары бір жыл бұрынғы ахуалдың қайталануына әкелуі мүмкін.
– Былтыр коронавирус инфекциясы бойынша шілде айында ең жоғары көрсеткіш – 1775 жағдай тіркелген еді. Биыл есепті кезеңдегі ең жоғары көрсеткіш сәуір айында, яғни 1540 жағдай тіркеліп отыр. Ал мамыр айының 24-не дейін 906 коронавирус жұқтыру дерегі анықталды.
Әлі де аурудың басылатыны байқалмайды. Бізді алаңдатып отырғаны індеттің мектеп оқушылары, мұғалімдер арасында да тіркелуі. Алда оқу жылын қорытындылау шаралары бар. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер көп шоғырланатын ісшараларды тоқтату қажет, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Тұрғындар арасында вирус жұқтырып, бірақ отбасындағы адам санын толық көрсетпейтін, өзі байланыста болған адамдарды жасырушылар да кездеседі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов бұл жайбарақат жүретін кез емес, жақындарға жанашырлық танытатын уақыт екенін айтты.
– Коронавирус инфекциясымен науқастанғаны белгілі болып, бірақ ол туралы емханасына немесе дәрігерге хабарламай, үйден өздігінен ем қабылдағандар қатарынан COVID-19 көп анықталып жатқанын айтқым келеді. Сол себепті барша тұрғындардан ауру белгісі байқалған сәттен дәрігерге қаралып, дер кезінде ем бастауды сұраймын! – деді ол.
Айта кету керек, бүгінде екпенің оң нәтижесі байқалып келеді. Екпе егумен қамтылғандар арасында аурушаңдық бірнеше есеге азайған. Мұны медицина қызметкерлері арасында былтыр тіркелген аурушаңдық көрсеткішімен салыстырып байқауға болады. «Сары аймаққа» өткендіктен карантин талабы күрделене ме?» деген сұрақтың болуы орынды. ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қолданыстағы қаулысына сәйкес «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» ауысқан жағдайда карантин шараларын күшейту бес күннен ерте жүргізілмейді.