Бүгін:
kz ru

Вакцина – індеттің емі, сенім – еңбектің тірегі

 

СҰХБАТ


Өмірде әрбір құндылықтың өлшемі бар. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын жұмыр жерді жайлаған жұқпалы індет әлі күнге адамзатты әлекке салып тұр. Даңғазалық етек алған жаһанда індеп кірген індет несін жасырайық, денсаулықтың қадірін, онан қалса бірлік пен ынтымақ, қайырымдылықтың парқын таразыға тартып бергендей еді. Көп дүние өзгерді. Өлшемін әрбір саналы пенде өз халінше пайымдай жатар, бір анығы, медицинаға көзқарас бір кездегі сыңаржақ жел сөздің ауанынан басқа арнаға ауысты. Өйткені, індетті іркіп, өмір мен өлім арасындағы арпалысқа араша түскен һәм түсіп келетін де осы саланың жанкешті өкілдері.

Шын мәнінде, біз сынға салған бір жылдан қандай сабақ алдық? Медицинаның кешегі әлеуеті мен бүгінгі беталысынан не түйеміз?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловпен сұхбат осы тұрғыда өрбіген еді. 

– Сәбит Бексейітұлы, пан­демия өміріміздің барлық са­ласына еркімізден тыс түзету енгізгелі жылдан асып кетті. Сіз өткен жылы індеттің ең көп жағдайы – 1775 адам ауру жұқтырған шілде айында бас­қарма басшысы болып кел­діңіз. Осы жылға жуық уақытқа қандай өлшем жа­сауға болады?

– Ең алдымен бізге бас бұрып жасалып жатқан жұмысымызды жариялауға уақыт бөліп отыр­ғандарыңыз үшін үлкен алғы­сымды білдіремін.

Елде қиын жағдай бо­лып жатқан кезде аймақ басшы­сының арнайы шақыртуымен денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметіне келдім. Алғашқы 2 апта мемлекеттік қызметке өткенге дейін кеңесші ретінде бірінші сағаттан бастап жұмысқа белсене кірістім. Сол мезеттің өзінде мынау не бітіріп жүр деген халық арасында бі­раз қауесет тарап, әлеуметтік желіде бірнеше пікір пайда бола бастады. 14 шілде бұйрық алып, әрі қарай қызметке кірісіп кеткен жағдай бар. Шешімін таппай тұрған мәселелер жет­кілікті болды. Оның үс­тіне медициналық қызмет өзде­рі­ңізге белгілі, МӘМС жүйесінен қаржыландырыла бастады. Ал, коронавирус инфекциясының та­ра­луына байланысты меди­ци­на­лық мекемелерде жос­пар­лы ауруханаға жату, күндізгі ста­ционар жұмыстары толық тоқ­татылды. Ол өз кезегінде мекемелерде қаржылық қиын­шылықтардың пайда болуына әкеп соқты.

Иә, өткен жылдың шілде айы коронавирустың ең өрші­ген уақыты болғаны рас. Сол уақытта індетті жұқтырып ал­ған әріптестеріміздің де көбей­геніне уақыт куә. Күнде­лікті қосымша төсек орындарын ашу сол кездің өзекті мәселесі еді. Медициналық қызметкерлерді індеттен қорғау үшін ауруха­наларды «таза» және «лас» аймақтарға бөлу жұмысы бел­сенді кезең алды, сол ме­зетте қорғаныс құралдары да жет­кілікті түрде әкеліне бастады. Әріптестеріміз індетті отбасы мүшелеріне жұқтырмау үшін бөлек тұруға мәжбүр болды. Қала мен аудан орталықтарында жергілікті бизнес өкілдері ша­масы келгенше өз есептерінен демеушілік көмек жасап, ме­дициналық қызметкерлерді ыс­тық тамақпен және уақытша тұратын мекенжаймен қам­та­масыз етуге атсалысты. Осы сәтті пайдалана отырып, сол азаматтарға үлкен алғы­сым­­ды жеткізгім келеді. Сол уақыт­тан бері індет жұқтыр­ған­дардың саны 6500-ден асты. Күшейтілген шаралардың ар­қа­сында тамыз айынан бас­тап індет азайып, аталған ай­­дың басына ауруханалар қа­­­лыпты режимге көшіп, жос­пар­лы жұмыс қайта қал­пына келтіріле бастады. Аудан ор­та­лықтарындағы инфек­ция­лық төсек орындары толық тоқ­татылды. Қыркүйек айынан бастап COVID-ке арналған тө­сек орындары аймақта тек об­лыстық инфекциялық ауру­ха­нада ғана қалдырылды.

– Жаңа өзіңіз айтқандай, еріктілерден бастап, қаншама қайырымды кәсіп иелері қол­дан келген үлесін қосты. Әйт­се де, біздің медициналық әлеу­етіміздің деңгейіне қандай баға берер едік? Сынаққа түс­кен шақтың сабағы туралы айта отырсаңыз… 

– КВИ (коронаровирус ин­фекциясы) ең көп таралуы мау­сым айының аяғы мен шілде айының 2-онкүндігіне келді. Күніне 200-ге жуық жағ­дай тіркеліп, тез арада бірнеше рет инфекциямен кү­ресу үшін ау­руханаларда тө­сек орнын ұй­ым­дастыру жұ­мыс­тары күн­­­делікті шараға ай­налды. Сол ме­зетте аймақта жалпы төсек орны 700-ден басталса, кейін 2400-ге көбейді. Аса ауыр тигені нау­қастарды отте­гімен қамтамасыз ету еді. От­тегін өндіретін станциялар тек жеке кәсіпкерлер қолында бо­ла­тын. Жерлестерімізге рах­мет, күні-түні жұмыс жасап, бар күшін салды. Ал, ауруха­налардағы жағдайды сырт­тан қарағанда бейнебір со­ғыс көрінісі деп айтуға бо­лады. Әр науқас жанында тұр­ған оттегі баллондарын көр­генде, оны талдырмаш жас мед­би­келер тасып жүргенде адам сезімінде үрей пайда болады, ал баллонның жарылғыштығы ойға түскенде ұйқы қашқан сәттерді қалай айтпасқа?! Дәрі-дәрмек мәселесі де оңай тиген жоқ.

Осының барлығын ой са­ра­бынан өткізсеңіз, әрбір ме­ди­цина қызметкерінің өл­шеу­­сіз еңбегі бар. Жалпы ко­ро­на­вирустық инфекциямен кү­ресуге бірінші күннен бастап үлес қо­сып келе жатқанымды да атап өткім келеді. Қызылордаға кел­мес бұрын Алматыда жұмыс жасадым. Індет басталған сәт­тен отбасынан тыс ауруханада жатып, жұмыс істедік. Одан елге келіп үзіліссіз осы қыз­метке тағы кірістік.

Шын мәнінде, бұл індет тек біздің елдің ғана медицина саласын тығырыққа тіреген жоқ. Әлем абдырап қалды. Ауру өршіген тұста тіпті тосын құбылыстар пайда болды. Оған қарсы тұрудың өмірлік тәжі­рибелері қолданыла бастады.

Төсек орындарын көбейту үшін қаладағы фтизиопуль­мо­нология клиникасында, тері­­ве­нерологиялық ауру­ха­нада, те­мір жол аурухана­сында, Қорқыт ата атындағы уни­вер­ситеттің жатахана­сында тө­сек орындар ұйымдасты­рыл­ды, ау­дан орталықтарында да осы жұмыс қатар жүргізіліп, жал­ғастырылды.

Дәрі-дәрмек қорын көбей­ту үшін «СК Фармация» компа­ниясымен шарттар кеңейтілді, жеке дәріханаларға 80 мил­лион теңгеге дәрі-дәрмек алын­ды. Тұрақты дәрі-дәрмек қорын ұйымдастыруда облыс бас­шы­­лығы дер кезінде шешім қа­былдап, жергілікті бюджеттен 488 миллион теңге қаражат қарастырылды. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасалды.

Гуманитарлық көмек есебі­нен және республикалық бюд­жеттен қаражат бөлініп, жеке қорғаныш құралдарының да қоры пайда болды.

Оттегімен қамтамасыз етуді күшейту үшін сатып алу және демеушілік көмектер есебінен оттегі концентраторлары алын­ды. Облыстағы көпбейінді ау­рухана мен Қазалы ауданара­лық ауруханаларында оттегі станциялары салынып, іске қо­­сылды. Стационарларда тө­сек орындарының оттегі­мен қам­­тамасыз етілгендерінің са­ны бірнеше рет өсті. Жыл ба­сында өкпені жел­дет­кіш аппа­раттардың саны 76 болса, қазір 251-ге жетті. Міне, осы­ның бәрі – тынымсыз, табанды еңбекпен жасалған дүние.

– Өткен жылдың өте күрделі кезеңін біз де ақпа­раттық тол­қын жүргізе оты­рып жақсы білеміз. Ден­сау­лық сақтау са­ласы ты­ғы­рыққа тірелгенде Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың аман­дығы үшін батыл шешім қабыл­дады. Жұқпалы індетпен бетпе-бет жүрген медицина қызметкерлерінің табысы есе­леніп, өмірлік қауіпсіздігі қор­ғалды. Қысқасы, жүйеде үл­кен сілкініс жасалды. Ендігі көр­сеткіш қандай?

– Дұрыс айтасыз. 2020 жыл – қат-қабат тірліктің нағыз ас­тасқан шағы. Мен сол өткен жылдың екінші жарты жыл­дығының өзінде атқарылған жұ­мысқа қысқаша шолу жасап өтейін. Бірінші рет қаладағы №3 емханада және Сырдария орталық ауруханасында экс­перттік класты УДЗ аппараты пайдалануға берілді.

6 жаңа цифрлы рентген ап­параты мен 4 жаңа флю­оро­графия аппараты орна­тыл­ды. Қиын қаражаттық жағ­дайда қалып қойған бала­лар ту­бер­кулезін емдеу санато­риясы­ның жұмысы зерделеніп, фти­зиопуль­монология орталы­ғына қосылды, ондағы 96 қыз­­меткердің жұмыс орны анық­талып, соңғы 6 ай бойы берілмеген жалақысы толық өн­дірілді.

Сырдария ауданында орна­ласқан туберкулезді емдеу дис­пансері қаладағы фтизио­пуль­монология орталығымен біріктірілді, ғимараты сол ау­дандағы орталық аурухана ба­лансына берілді.

Аталған Сырдария аудан­дық ауруханасының жылыту пешінің жарамсыз екені анық­талып, жылу маусымы бас­талғанға дейін мәселе шешілді, сонымен қатар қаладағы №3 емхананың жылыту пеші де жа­ңартылды.

Мемлекеттік-жеке әріптес­тік жобасы есебінен Жалағаш және Арал аудандарындағы ауылдық аймақтарда 2 дәрі­гер­лік амбулатория іске қосы­лып, халыққа өз қызметін жасауда.

Тамыз айының басында жағдай тұрақталып, инфекция жұқтырған науқастарды тек инфекциялық стационарға жи­нақтау басталды. Кезекпен ке­зек аудан орталықтарындағы инфекциялық төсек орындары жабылды. Республикада ал­ғаш­­қылардың бірі болып ауру­ханалар мен емхана­ларда жос­парлы жұмыс жандан­дырылып, халыққа қызмет жасай бастады. Ол өз кезегінде қаражат мәсе­лелерін шешуге ықпал етті.

Ал, аптасына 5 күн таң атқаннан кешке дейін әкімшілік пен басқарма ғимаратында іс барысын үйлестіру, сол кез­дегі облыс әкімінің орын­басары, сала кураторы болған Байқадамов Наурызбай Сейіт­қалиұлымен бірге сенбі, жек­сенбі күндері аудандардағы медицина мекемелерін аралау, дайындық жұмыстарын жүр­гізу, семинарлар өткізу әдетті жұмысқа айналды.

Шілде айынан бастап ақ­парат құралдарымен жұмыс бұрын-соңды болмаған си­пат алды. Республикалық те­ле­арналардан 50-ден астам сюжет, жергілікті телеарна ар­қылы 200 сюжет, 100-ден аса ролик эфирге шықты. Әртүрлі газеттерде 1000-нан астам ма­қала жарияланды, әлеуметтік желілерден 25000 ас­там жазба берілді. Бас­қарма басшысы ретінде бас­пасөз бри­фингін күнделікті өткізу, оны үнемі сайттарға бөлісу, бәрі-бәрі – халықтың ақ­параттық қолжетімділігіне жа­салған жұ­мыс. Негізсіз пікір, жалған ақпарат желдей есіп, талайға зардабын тигізген тұста осылай жанкештілікпен жұмыс жасауға тура келді. Әділін ай­тып, талдамалы дүниелер жасап, істің ақ-қарасын жет­кі­зуге атсалысқан БАҚ өкілдеріне ризалық білдіремін.

COVID-19-ға қарсы 3000-ға жуық қызметкер жұмысқа тартылып, оларға Үкімет есе­бінен үш категориямен 3 мил­лиард теңгеге жуық қаражат төленсе, вирус жұқтырған 526 медицина қызметкерінің әр­қайсысына 2 миллион теңгеден, яғни, 1 миллиард 52 миллион теңге қаражат, қайтыс болған 12 әріптесіміздің отбасына 10 миллион теңгеден қаражат бөлінді.

2020 жылдың бір жетістігі – қаладағы денсаулық аллеясы мен дәрігерлер алаңының ашы­луы. Дәрігерлерге осындай құр­мет көрсетіп, еңбегімізді баға­лаған сол кездегі қала әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбек­ұлының қолдауына алғыс айт­қым келеді.

– Індет биыл да зардабын аз тигізіп тұрған жоқ. Сәуір айының өзінде 1540 адам ау­ру жұқтырды. Ақпан айы­нан бастап вакцина салына бастады. Дегенмен, ел ішін­де әлі де болса вакцина тұр­ғысында тұрақты пікір қа­­­лып­таспай отыр. Дәрігер-ға­лымдардың ел алдында вак­цина туралы нақты дә­лел­дерін, ашық пікірлерін тың­дағысы келетіндер бар…

– Індеттің арамызда тіркелуі биылға да тиесілі болып отыр. Ахуал жыл басында бір­шама тұрақтылып еді, сә­уір айында қайта өршіп, өңірі­міз «қызыл аймаққа» енді. Ақ­пан және наурыз айла­рын­да сәй­кесінше 240 пен 195 жағ­дай тір­келсе, аталған айда 1540 жағдай тіркелді. Сол себепті жыл ба­сындағы 215 инфекциялық төсек орны 930-ға (450-і қалада, 480-і аудан орталықтарында) кө­бейтілді, аудандардағы төсек орындар халық санына сәйкес жандандырылды.

Ақпан айынан бастап ко­ронавирустық инфекцияға қар­сы вакцинациялау жұмыс­тары басталды. Алғашқыда Ресейде өндірілген «СПУТНИК-V» вак­цинасы пайдаланылса, қазіргі таңда өзімізде өндірілген «КАЗВАК» және араб әмір­лік­терінен шығарылған «ХАЯТ ВАК» вакциналары пайдаланы­луда. Вакцинация екі этаптан тұрады. 1-ші этапты 18-ден асқан 90 мың жерлесіміз қа­былдаса, 2-ші этапты, яғни то­лық вакцинацияланған халық саны 30 мыңнан асып отыр.

Қайбір инфекциялық про­цестер болмасын немесе осы уақытқа дейінгі әлемде кез­дескен пандемиялардың бар­лығы тек қана вакцина кө­ме­гімен құрықталғанын халық­қа жеткізгім келеді. Өздері­ңізге белгілі, вакцинация жұмы­сы алғы шепте жүрген меди­цина қызметкерлерінен бастал­ға­­­ны бәрімізге мәлім. Об­лыс­­та бүгінгі күні олардың 80%-і вак­цина қабылдаудың арқа­­­сында аурушаңдық күрт төмен­деді. Жыл басында 75-тей ме­дицина қызметкері вирус жұқ­тырған болса, қазір жоққа тән деп айтуға болады. Осы көрсеткіштің өзі біраз мағлұмат беріп тұрғандай. Теріс пікір әрдайым болған, болады, оған аса құлақ асудың қажеті жоқ деп санаймын.

– Сіз маман ретінде айты­ңызшы, пандемияның ендігі жағдайына қандай болжам жасауға болады? Үлгі болар елді атай аласыз ба?

– Пандемияны жеңудің бір­ден-бір жолы ол – вакцинация. Израиль мемлекетін мысалға келтіруге болады, олар 60-70% тұрғындарын вакцинациялау арқылы елінде пандемияны тұрақтандырды.

– Коронавируспен күресе­міз деп жүріп өзге ауруларға қарсы ем-домды әлсіретіп алған жоқпыз ба?

– Өте орынды сұрақ. Иә, пандемия әсерінен біраз жос­парлы жұмыстарымызға шек­теу қойылғаны рас. Респуб­ли­калық деңгейде көмек алып жүрген науқастарымыз аймақта қалуға мәжбүр болды. Бір жа­ғынан бұл біз үшін үлкен сы­нақ, қарым-қатынас уақытша үзілген кезде сол науқастарға өзіміз көмек көрсеткеніміз рас, нәтижелері де жақсы деп ай­тар едім. Жалпы біздің жыл сайын орындалуы талап еті­летін индикаторларымыз бар, сол көрсеткіштерге қол жет­кіз­геніміз әріптестеріміздің қа­жырлы еңбегінің арқасы деп білемін. Аталған вирустың та­ралуына байланысты ана өлі­мінің біраз көбеюі өкінішті, бірақ бұл көрсеткіш басқа ай­мақтарда да жоғары болғанын жасырмауымыз керек.

Өкінішке қарай, өлім-жітім көрсеткіші 2020 жылы орын алған пандемия әсерінен күрт өсіп кетті. 2019 жылдың қо­ры­тындысымен 1000 тұр­ғын­ға шаққанда 5,61-ді құраса, был­тырғы жылдың қорытын­ды­сымен 19,4% өсіп, 6,7-ні құрады.

Ана өлімі бойынша былтыр 12 жағдай орын алды. Бұған талдау жүргізу нәтиже­сін­де 83,3% жағдайында өлім себеп­тері жүктілікке байла­нысты емес екендігін, яғни, жүк­ті әйел­дердің экстрагени­талды ауру­ларының асқынуы нә­тижесінде болғандығын көр­сетті.

Сәби өлімі бойынша был­тырғы жылдың қорытынды­сымен 226 жағдай орын алып отыр, 100 мың тірі туғанға шақ­қандағы көрсеткіш 10,6 (2019 жыл – 9,7). 5 жасқа дейінгі ба­лалар өлімі 2020 жылы 2,9%-ке төмендеп, 13,6 промильді құ­рады.

Ал, 15-17 жас аралығында өткен жылы 5 суицид жағдайы тіркеліп, көрсеткіш 8,2-ні құ­рады. Жол-көлік оқиғала­рынан болатын өлім-жітім былтыр 34,8%-ке төмендеп, 88 жағдай тіркелді.

Әрине, ең бірінші адам­ның өмірі қымбат. Сол баға жетпес құндылықты сақтау жо­лында медицинаға арты­лар міндет нығая беретіні сөзсіз. Сондықтан, жақсы көрсеткіш­терге қол жеткізу жолында жұмыла түсеміз дегім келеді.

– Өткен жылы Мемлекет басшысы медицина сала­сында маман және оның жал­ақысына қатысты өткір тап­сырма берді. Нәтиже қалай?

– Белгілі бір маңызды бу­ындарға маман тапшылығы бары қазір қай салада да кез­деседі. Өйткені өмір ағысы, сұранысы өзгермелі. Ал маман­ға жағдай жасау, ол енді үлкен мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы елдің денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге бет бұрғызып отыр.

Індет басталған өткен жыл­дың наурыз айынан вируспен күресіп жүрген медицина қыз­меткерлеріне 3 категория бо­йынша қосымша жәрдемақы тағайындалды. Бұл мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау деп айтар едім. Жұмыс жасау орнына байланысты 1-ка­тегория бойынша 850 мың, 2-категорияға 425 мың, 3-ка­те­горияға 212 мың теңге қаражат төленуі бүгінгі күн­ге дейін жалғасын табуда. Был­тырғы жылдың қоры­тын­дысы бойынша 3 мил­лиард теңгеден астам еңбек­ақыдан тыс қосымша қаражат қыз­меткерлерге комиссия ше­шімімен үлестірілді. Індеттің ең өршіген кезінде шілде айында қосымша қаражаттың құны 947 миллион теңгені құрады. 2021 жылы бұл жұмыс жалғасын тауып, 4 айдың үлесіне 785,2 миллион теңгені құрап отыр. Сонымен қатар еңбекақы биыл дәрігерлер үшін 30%, орта буын қызметкерлеріне 20%-ке жоға­рылады. Демек, еңбек­ақысы өскен маман ынталанады, ал, ынта жұмысқа да, отбасына да жылылық әкеледі.

– Білуімізше, шәкірттеріңіз қазірдің өзінде күрделі опе­ра­циялар жасауға машық­танған көрінеді…

– 2015-2018 жылдары об­лыстық медициналық орта­лықта директор қызметін атқа­рып жүріп Алматы қаласынан жинаған тәжірибемді сол ме­кемедегі жас мамандармен бө­ліскенім рас. Соның ішінде ақ­сап тұрған қан тамырлары хи­рургиясын біршама жолға қоюға үлес қосқаным бар. Сол саладағы жасалып жатқан хи­рургиялық көмектің түр­ле­рі мен саны бүгінгі күні бас­қа ай­мақтардан қалыс емес екенін айту артық бол­мас. 23 жыл жинаған тәжіри­бемді ла­­уазымды қыз­мет­тер ат­қа­рып жүрсем де, практи­ка­лық жұмыспен ұштас­ты­руды жал­ғастырып келемін. Қолым қалт еткенде Алматы немесе Нұр-Сұлтан қаласына барып ота жасатуды жоспарлаған па­циенттерді осында алып қалып, операция жасап көмектесіп жүргенімді жасырмаймын. Ай­­­мақтағы қан тамырлары хи­рур­­гия­сының дамуына қосқан үлесім, мақтаныш етер шәкірт­терім бар екенін де айтқан жөн шығар.

– Сынға қалай қарайсыз?

– Бұл енді адамдық пен парасат-пайымның өлшемі. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейміз ғой, бірақ, сынды ба­йыбына барып айту керек деп есептеймін. Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде әлдебір сы­ни пікірлер толастамай тұр. Ең алдымен айтарым, елге кел­генде кресло, атақ іздеп емес, туған жерге тағзым деген ой­мен, денсаулық саласының да­муына өз үлесімді қосып, адал қызмет етсем деген аза­маттық ұстаныммен шешім қабылдадық. Бірінші осыны айтқым келеді.

Өкінішке орай, халықты қатерлі індеттен сақтаймын деп, өздері сол қауіптің ортасында жүрген ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсетудің орнына төпелеп, сынға алатын азаматтар кездесуде. Айтқым келетіні, дәрігер әр уақытта көмек беруге тырысады. Өзі­нің кемшілігін көреді, оны жөндеуге талпынады. Дәрігерге сын айтылса, оның өз қателігін жөндеуге мүмкіншілік пайда болды деген сөз.

Ал, әлеуметтік желіге жалған атпен шығып, өнбейтін, маңызы жоқ мәселені елге жария ету, ол – надандық, жеке басына жала жабу – әдепсіздік, білмей тұра сынға алу – кешірілмейтін күнә. Ал, сол жазбаларды пайда табу көзіне айналдыру – нағыз масқара.

Дәрігерлердің де отбасы мен бауырлары, бала-шағасы бар, аласапыранның ортасында жүріп халықтың қауіпсіздігін ойлаған бейбіт күннің батыр­лары. Ендеше, өз өмірін қа­уіпке тігіп, індетпен күрескен азаматтарға жігер беріп, жарқын күндерге жеткіземіз деп жүрген істеріне кедергі жасамай қолдау көрсетейік, ағайын.

«Құстың қанаты қатты бол­ғанымен, мойыны бос, адамның мінезі қатты болғанымен, кө­ңілі бос». Құс мыңдаған шақы­рым ұшса да, қанаты емес мо­йыны талады екен. Адам пенде емес пе, болмашы нәр­седен көңілі қалуы мүмкін. Қазір байқап қарасақ сенім, мейірім, сыйластық деген тым құнсызданып барады. Тір­ші­ліктің тінін жалғайтын осын­дай алтын арқаудың бағасын білмесек, жалғандық пен жа­сандылық қай кезде де еш­кімге опа бермеген. Бұл, енді ұзақ әңгіме болар, бірақ бір-біріміздің бағамызды біліп жүрейік дегім келеді.

Мен күнделікті әрбір жа­ңалыққа ден қойғанда, әсі­ресе, газеттердің сөзіне көп жү­гінемін. Себебі, «Тасқа ба­сылса тарих» деген бар. Шы­найы ақпаратқа жүгіну – осы. Сөз басында айтқанымдай, ме­дицина қызметкерлерінің кә­сіби мерекесі алдында осын­дай сұхбат сәті түскеніне ри­залық білдіремін. Облыстың аға басылымы «Сыр бойы» арқылы барша әріптестерімді құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, бақ-береке тілеймін.

– Уақыт бөліп, пікірлес­кеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

https://syrboyi.kz/suhbat/vakcina-indetting-emi-senim-engbekting-tiregi-67187/

  • 739