«Медицина – пациент» жобасы: Бірлескен іс нәтиже береді
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Президент Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау барысында салада атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік медицина ұйымдарының саны жылдан жылға көбейіп келеді. Биылғы жартыжылдықта олардың үлесі 52,3 процентті құраған. «Қызылорда облысының 2019-2026 жылдарға арналған өңірлік перспективалық жоспары» бекітілді. Онда денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуда бюджет есебінен және жеке инвестиция тарту арқылы 2026 жылға дейін 81 млрд теңгеге 107 нысанның құрылысын салу мен жөндеу жоспарланған.
Бүгінде медициналық көмек көрсетуде «Медицина – пациент» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – науқастарды қатыстыру арқылы жүргізілетін ауруларды басқару бағдарламасы.
– Жоба негізінде диспансерлік есепте тұратын науқас өз ауруына байланысты медицина қызметкерінің көмегімен емін бақылауда ұстайды. Қазіргі кезде қант диабетімен, созылмалы жүрек ауруымен және қан қысымымен диспансерлік есепте тұратын науқастармен медицина қызметкері арасында әлеуметтік-ынтымақтастық келісімі жасалуда. Медицина қызметкері науқасқа қажетті медициналық тұрғыда көрсетілетін барлық көмек, оның ішінде уақытылы тексерілуі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы, жоспарлы емделуі, зертханалық тексерулерін қамтамасыз етеді. Ал науқас өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігерлік нұсқауларды бұлжытпай орындауға тиіс. Қазір жобаға аталған 3 нозология бойынша 19030 пациент қатысып отыр. Қатысуға тілек білдірушілер аймақтық дәрігерімен бірлесе жұмыс жасай алады,– деді басқарма басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ана мен бала денсаулығын нығайту және келер жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты тапсырмалар берген болатын.
– Ана мен бала денсаулығын қорғау – Мемлекет басшысының назарында тұрған басым бағыттардың бірі. Жолдауда бұл туралы нақты міндеттер қойылып, тапсырмалар берілді. Жалпы, ана мен сәби саулығын сақтау – саладағы негізгі бағыт. Біздің аймақ республикада алғашқылардың бірі болып халықаралық ұйымдармен (ДДСҰ; ЮНИСЕФ) бірлесіп, 2017 жылдан бастап пилоттық режимде, ал былтырдан бастап барлық жүкті әйелдер мен 0-ден 5 жасқа дейінгі балаларға арналған патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап-прогрессивті моделін енгізді. Бірлескен істің нәтижесінде нәресте өлімі себептерінің ішінде үйде қайтыс болу жағдайлары – 24%-ке, жазатайым жағдайлардан қайтыс болу 44,1%-ке азайды,– деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, облыстың аймақтық ерекшелігі ескеріле отырып, әйелдерді жүктілікпен тіркелген уақытында және жүктіліктің 30-аптасында жаппай электрокардиограммаға түсіру міндеттелді. Бұрын білінбеген жүректің туа, жүре пайда болған ақаулары мен жүрек ырғағының түрлі бұзылыстары анықталған жағдайда әйелдердің мамандар кеңесіне жүгінуге және жоғары мамандандырылған медициналық көмек алуына мүмкіндік туды.
Брифингте сондай-ақ, келер жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық барысы туралы да айтылды. Жаңа жүйенің маңызы мен ерекшелігі, ол бойынша көрсетілетін медициналық көмектер, жүйеге қатыстырылатын азаматтар тобы туралы қаншама ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізілгеніне қарамастан, аймақта әлі де 26 мыңнан астам азаматтың мәртебесі анықталмаған.
Айнұр БАТТАЛОВА.
https://syrboyi.kz/zedelnews/33502-medicina-pacient-zhobasy-brlesken-s-ntizhe-bered.html