Бүгін:
kz ru

ЛЕПРА ТУРАЛЫ НЕ БІЛГЕН ЖӨН?

Тұрғындарға арналған жадынама


Лепра – адамзатқа ежелден белгілі созылмалы жұқпалы дерт. Бұл ауру әлі де әлемнің кейбір аймақтарында кең тараған (Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка, Латын Америкасы елдері). Бұл кесел аракідік болса да кез келген елде кездеседі.

Қазақстанда кезінде Қызылорда мен Атырау облыстарында лепраның табиғи ошағы болып, сол өңір тұрғындарының арасында көбірек тараған. Алайда лепраға қарсы ұзақ мерзімді күрес нәтижесінде бұл індет бүгінде толықтай толастады.

Әр халық бұл кеселді түрліше атайды. Орыстар оны «проказа» десе, Орталық Азия аймағында «махау», Таяу Шығыс елдерінде «жусам» деп айтады.

Лепра дерті негізінен тері жамылғыларын, жоғары тыныс жолдарының шырышты қабықтарын, ал емделмеген жағдайда ауру үдерісіне сүйек-бұлшық ет жүйесі, көз және басқа ағзалар тартылады. Мұның соңы ауыр мүгедектікпен аяқталады.

Әдетте адам лепраға шалдыққан ауру адаммен ұзақ уақыт тығыз қарым-қатынаста болғанда дерт жұқтырады. Жұқпаның қауіпі жеке бас гигиенасының ережелерін сақтамағанда, өмір сүру сапасы нашарлағанда, тұрғындардың көіп-қонуы (миграциясы) көбейгенде және елдің санитарлық мәдениеті төмендегенде арта түседі.

Бірақ ауруға тұрғындардың тек аздаған бөлігі ғана шалдығады. Мұны аты аталған ауруға адамдардың көбісіндегі туа бітті иммунитеттің болуымен түсіндіруге боады.

Әдетте лепра тұтқиылдан басталады, аурудың жұғуы мен оның алғашқы белгілерінің білінуіне дейінгі мерзім орташа 5 және одан да көп жылдарға созылады.

Дерттің негізгі бастапқы белгілері алуан түрлі. Олар: терідегі онша мазаламайтын, қышымайтын анық немесе белгісіздеу дақтар, тері сезімталдығының жоғалуы (ауыру, температуралық және тактильді). Яғни науқастың терісінің бұл тұстары ауыруды, ыстық пен суықты және жанасуды сезбейді. Бет пен қол-аяқ терілері қоңырқай тартып және жуандайды, нервтер ауырулы болады және қатаяды. Науқастар кейде әлсіздікке, мұрнының қанауына, «құмырсқа жыбырлағандай» сезімге және қол-аяқтарының ұйуына шағым айтады.

Егер өзіңізде немесе жақын туыстарыңызда қандай да бір бөртпелер пайда болса, терінің түсі қоңырланып немесе ағарса, сезінуін жоғалтса, бет-әлпет өзгеріп, қолдар ісініп, буындардың қызметі нашарласа, күйген тұсты сезінбесе немесе салдану (паралич), жазылмайтын ойық жара пайда болса бұл жөнінде тері аурулары дәрігеріне (дерматологқа) жедел түрде қаралыңыз.

Лепрадан толық айығуға қазіргі заманғы медицинаның қауқары жетеді деп батыл айтуға болады. Дер кезінде және толыққанды ем алу науқастың құлан-таза сауығуын қамтамасыз етеді және мүгедектіктің жолын кеседі.

Серікбай Смағұлұлы,

Арал-Қазалы лепродиспансерінің

эпидемиолог дәрігері         

Фотосурет yucatanalamano.com сайтынан алынды

  • 713