Бүгін:
kz ru

ЛЕПРАНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ШАРАЛАР

 

Бұрын лепраға шалдыққан науқастар жиі ұшырасатын елді мекендерде барлық тұрғындар ұдайы медициналық тексерістен өтетін. Сол кезде табылған ауру адамдар арнайы емдеу мекемесіне, яғни лепрозорийге емделуге жолданатын.

Бүгінде лепра дертінің толастаған шағы. Жаңадан анда-санда бір ауру табылады. Дегенмен, лепра науқастарымен тығыз және ұзақ қатынаста болған отбасы мүшелері, туыстары дәрігер бақылауында болады. Бұл адамдардың лепрозорий немесе тері-венерологиялық диспансер дәрігерлерінің тексеруінен өтуі тиіс.

Сол арқылы аты аталған кеселдің ең ерте түрлерін анықтауға болады. Бұл ауру түрлері емдеуге жеңіл көнеді.

Есте болсын, лепраға шалдыққан адаммен жұғысты болған, бірақ онымен ауырмаған адамдардан айналасына ешқандай қауіп жоқ. Олардан бұл ауру басқа адамға жұқпайды.

Лепраға қарсы күресте елді мекендердің талапқа сай санитарлық жағдайы, әрбір үйдің жеке тазалығы, сондай-ақ тұрғындардың санитарлық мәдениет деңгейі зор мән иеленеді.

Ұзақ жылғы медициналық бақылаулар тұрғындардың санитарлық мәдениеті жоғары болғанда, ғимараттар мен көшелер таза ұсталғанда, адамдар жеке бас гигиенасының талаптарын қатаң сақтағанда оның ішінде лепра да бар, жұқпалы аурулардың сирек кездесетінін көрсетті.

Организмді нығайту, демек оның түрлі ауруларға қарсылығын арттыру үшін дұрыс күн режімін сақтау, еңбек пен тынығуды көңілге қонымды ұйымдастыру, зиянды әдеттерден бойды алыс ұстау (алкогольді ішімдіктерге құнықпау, шектен тыс темекі тартпау және т.б.) организмге әсер ететін кез келген зиянды фактордың ықпалын жояды.        

 

Серікбай Смағұлұлы,

Арал-Қазалы лепродиспансерінің

эпидемиолог дәрігері

 Фотосурет newtimes.kz сайтынан алынды.
  • 431