Денсаулық саласы қарқынды дамып келеді Биылғы жыл денсаулық сақтау саласында жаңа белес кезеңі болып отыр. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бағдарламаның негізгі индикаторлық көрсеткіші өмір сүру ұзақтығы. Облыс бойынша бұл көрсеткіш биылғы жылдың қорытындысымен 72,2 жасқа жетуі тиіс болса, республикалық индикатор 72,6 жас. Соңғы 3 жылда өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 71,06-ға дейін тұрақты жоғарылауы байқалған. 2018 жылдың алты ай қорытындысы бойынша өлім көрсеткіші 8,1 процентке төмендеген. Жылдың алты айында 9031 нәресте дүние келген. Республика көлемінде алғашқылардың бірі болып, облыс халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасай бастады. Мәселен, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға күтім жасау бойынша «Бала кездегі аурулардың интеграциялық бақылау» жаңа жобасы енгізілді. Осы жоба аясында барлық БМСК ұйымдарында дені сау бала кабинеттері ашылды. Онда 5 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексеру жүргізіледі. Сонымен бірге, перзентханалар мен босануға көмекші мекемелердің медициналық құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі жоғарылаған. Үшінші деңгейлі облыстық перинаталдық орталықтың жабдықталуы 91,1% құрап, алдыңғы үштікке еніп отыр. Жиында басқарма басшысы Ақмарал Шәріпбайқызы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық стандарттарға сәйкес келетін «Дені сау аймақ» жобасы жайлы айтты. Мұндай жобаны бірінші болып біздің облыс қолға алған. Осы мақсатта облыс әкімінің қолдауымен 2018-2021 жылдарға арналған «Салауатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөніндегі іс-шаралар» жоспары бекітілген. Облыста туберкулездің негізгі эпидемиологиялық көрсеткіші тұрақтанған. Өңірде туберкулездік инфекциясының ошақтарының паспортизациясы мен картографиясы жасалған. Бұл дертті ерте анықтау мақсатында тұрғындар флюорографиялық тексеруден өткізілді. Нәтижесінде туберкулезбен аурушаңдық 2,9 процентке, деструкция үлесі 1,5 есеге төмендеген. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласының маңызды салааралық бағыттарының бірі – жол- көлік оқиғасы кезінде уақытылы медициналық көмек көрсету. Осы мақсатта аймақтардың картографиясы жасалып, республикалық тас жолдарға жақын орналасқан медициналық ұйымдардың базасында 13 тірек бекеті ашылды. Бұл жол-көлік оқиғасы орын алған жерге жедел жәрдем бригадасының жету көрсеткішін 2 есеге қысқартады. Брифингте басқарма басшысы медицина мамандарының біліктіліктерін арттыру бойынша жұмыс жасалып жатқанын айтып өтті. Бұл бағытта Кореяға 7 маман, Татарстанға 24 дәрігер біліктілігін арттыруға жіберілген. Облыста Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Медициналық көмектің сапасына тікелей қатысы бар мәселенің бірі медициналық мекемелердің материалдық техникалық жағдайына байланысты. Облыс қазынасынан бұл салаға бөлінетін қаржы айтарлықтай өсіп отыр. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 6,5 млрд теңгеге қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынған. Соңғы 2 жылда 25 медициналық нысан ел игілігіне берілген. Соңғы 15 жыл көлемінде күн тәртібінен түспеген, апаттық жағдайдағы Арал, Шиелі аудандық орталық ауруханаларының құрылысы жүргізілуде. Қанайналым жүйесі аурулары себебінен болатын өлім-жітімді төмендету және Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының және Байқоңыр қаласының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл Қазалы аудандық орталық ауруханасы базасында кардиологиялық орталық ашу көзделіп отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде облыстық медициналық орталығына ангиографиялық зертхана және компьютерлік томограф орнату қолға алынбақ. Биылғы жылдың басында Байқоңыр қаласындағы облыстық медициналық орталықтың филиалында емхана ашылды. Қазір 18 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Енді Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Үкіметаралық келісім ратификациясынан кейін 15 мыңға жуық қазақстандық тіркелмек. Сонда Байқоңыр қаласының барлық тұрғынының медициналық көмекке қолжетімділігі артады. Қысқасы, денсаулық саласына қатысты барлық деректерді келтірген басқарма басшысының баяндамасынан оң өзгерістерді байқадық. Ана мен бала денсаулығы үшін барлық жағдай жасалған. Түрлі аурулардың алдын алуға бағытталған шаралар жүйелі жүргізілуде. Заман талабына сай емханалар аудандарда да белсенді жұмыс атқаруда. Соңғы шыққан, мүмкіндігі кең медициналық құрал-жабдықтар да алынып, ауруханалардың қызмет көрсету мүмкіндігі артқан. Сара АДАЙБАЕВА, «Сыр бойы». http://www.syrboyi.kz/kogam/23399-densauly-salasy-aryndy-damyp-keled.html Жаңалықтар 2 305 11-08-2018, 12:21