Бүгін:
kz ru

Мұрат Бақтиярұлы: Білім, денсаулық сақтау басқармалары – "советтік" сарқыншақтар

 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Фейсбуктегі жеке парақшасында Дариға Назарбаеваның жергілікті жерлердегі білім басқармалары мен бөлімдерін жабу жөніндегі ұсынысын қолдап, пікір білдірді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

«Әріптесім Д.Назарбаеваның пікірін толық қолдаймын. Облыстық білім басқармасы мен қалалық, аудандық білім бөлімдері артық құрылымдар. Қаржы (айлық, оқу құрал жабдықтарға тиісті) мектептерге тікелей берілу керек.

Сол сияқты облыстық денсаулық сақтау басқармасы да қысқартылуы керек. Өкінішке орай бұлардың бәрі "советтік" заманнан қалған нарықтық жүйеге сәйкес келмейтін сарқыншақтар. Әрбір емдеу мекемелері жұмыстарына өздері жауап беруі тиіс. Көптеген Европа елдерінде мұндай құрылымдар жоқ. Біз Грузияның тәжірибесін зерттеуіміз қажет. Бұл елде осыдан жеті жыл бұрын мұндай бақылау жасайтын " посредник" органдарды қысқартып тастаған. Білім мен медицина бұл елде ешбір елден кем емес», – деді сенатор.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева мектептерді тікелей қаржыландыруды ұсынған болатын.

«Қазір мектептерді жан басына қарай қаржыландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Меніңше, ол ақша тікелей Астанадан бөлінетін болса, облыстық, қалалық және аудандық білім басқармалары мүлдем қажетсіз болып қалады. Бұл - өте маңызды мәселе. Себебі мектепке бюджет қаржысы бөлінгенде, ол ақша біраз уақыт жаңағы басқармаларда жатып қалады. Олар оны бүгін бере ме? Ертең бере ме? Ашығын айту керек, бюджет қаржысын үнемдейміз деп, толығымен бермеуі де мүмкін. Артынан кітаптарға, я болмаса, күрделі жөндеуге ата-аналардан жинай саласыңдар деп, жылы жаба салады. Ол жерде заңбұзушылықтар көп. Меніңше, ондай басқармалардың бәрін жауып тастау қажет. Мысалы, қазір «Күнделік» деген тамаша бағдарлама бар. Бюджеттен көп шығын шыққан жоқ. Бірақ ішінде мектептер, оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар туралы көп ақпарат бар», - деді Д.Назарбаева.

https://syr-media.kz/news/6937-mrat-batiyarly-blm-densauly-satau-basarmalary-sovettk-sarynshatar.html

  • 709