Аға туралы толғаныс Биыл сексен жастың сеңгіріне шыққан ардақты аға туралы толғанысымызды баян етпес бұрын бірер шындықтың басын ашып алғанымыз жөн болар. Ол мынау: біріншіден, мен ол кісімен қызметтес, аралас-құралас болған емеспін. Тума-туыстығымыз да жоқ. Осы «жоқтардың» ішінде жақын таныстығымыз, сәлем түзулігі ғана бар. Бұған қоса көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде ол кісінің алдымен өзіне, сонан кейін отбасына, кейін елге сіңірген еңбегінен біршама хабардармыз. Әңгіме арқауы белгілі дәрігер, тұлғасы да, тұғыры да биік Тұрғанбай Маханов жайлы болып отыр. Менің түсінігімде, Тұрекеңдей азаматтар барша қазаққа ортақ. Осы күнге дейін ру сұраспай өсіп-өнген аға ұрпақ өкілін бүгін біздің руға бөлмей-ақ қойғанымыз жөн. «Шебердің қолы ортақ» дегендей жылуы бүкіл елге тең тараған ағамызды биік мемлекеттік деңгейге, абырой-атақтың биігіне алып шыққан да өзінің ішкі жоғары мәдениеті мен ар-ұяты және өз кәсібіне адалдығы деп пайымдаймыз. Әлем әдебиеті алыптарының бірі Л.Толстой 1903 жылдың қаңтарында қатты ауырып қалады. Өзі өлім мен өмірдің арасында жатса да жазушының қолынан қаламы түспепті. Бұрыннан қалыптасқан әдеті бойынша жаңа жыл басында күнтізбе сатып алады екен. Ал бұл жолы науқасқа шалдығуына байланысты күнтізбе алуға мүмкіндігі болмаған. Оны өзі түзуді шешіпті. Әр күнге сол сағаттарда ойға түскендерін, өзіне дейінгі ойшылдардың тұжырымдарын, қанатты сөздерін жаза берген екен. Осылайша, 1903 жылдың өзіндік толық күнтізбесін түзіп шыққан. Мені айрықша қызықтырғаны 20 қаңтардағы жазғаны. Онда «...Біздің өміріміз – ойларымыздың салдары. Егер адам жақсылықты көбірек ойлап, жақсы сөйлесе – қуаныш ажырамас көлеңкедей адамға үнемі еріп жүреді. Ал егер теріс пиғылмен ойланып, дөрекі сөйлесе – түрлі қиыншылықтар өгізге жегілген арбадай ізінен қалмайды. Жеккөрушілік пен қатыгездікті сүйіспеншілік пен жақсылық қана жеңе алады. Мәңгілік заң дегеніміз –осы» делінген. Күнтізбе жайлы айтып отырған себебіміз, ондағы ұлы жазушының өзі тәнті болған кісілік қасиеттер мен мағыналы өмір сүрудің негізгі ұстындары біздің кейіпкеріміздің де болмысында берік орныққан. Оған Т.Махановпен ондаған жылдар бірге қызмет етіп келе жатқан, бүгінде елағасы атанған әріптестері мен ізбасарларының ой-пікірлері дәлел. Л.Толстой 6 ақпандағы күнтізбе парағына «барлық Ұлы істер баяу, елеусіз атқарылады» деп жазыпты. – Тұрекең 1976 жылы облыстық орталық ауруханаға бас дәрігер болып келді. Содан 2004 жылға дейін басқарды. Тұрекеңнің тұлғасында бөліп атайтын, өзіміз әріптес-іні ретінде тәнті болған кісілік дара қасиеттер өте көп. Аса сабырлы да білімді болатын. Меніңше ең бастысы, ол адамды құрметтей білді. Ешкімге даусын көтеріп ұрысып, болмаса әріптестердің көзінше намысына тиетін сөз айтқанын естігенім жоқ. Оны ортадан дараландырып тұратын тағы бір қабілеті ұйымдастырғыштығы. Иә, Тұрекең шебер ұйымдастырушы. Қазіргі күні де медициналық орталықтың құрметті директоры ретінде бірқатар іс-шараларды сапалы ұйымдастыруға араласып, ақыл-кеңесін айтып тұрады. Көп нәрсе көз алдымызда өтіп жатыр, содан байқайтыным, Тұрекеңнің тұсында көптеген жас маман білікті тәрбие алды. Білімдерін көтеру мақсатында Мәскеу, Киев, Алматы қалаларындағы медициналық орталықтарға оқуларға жиі барып тұрды. Мұндай кезде ағамыз министрлік алдындағы беделін де пайдаланатын. Оларды алдымен реанимация бөліміне жіберетін. Содан шыңдалатын. Бұл да ағамыздың басшы ретінде жас мамандарды тәрбиелеу тәсілінің бірі еді, – дейді әріптес інісі, облыстың бас хирургі Абдолла Шүленбаев. Ел алдындағы беделінің қандай болғанын мына бір мысалдан көруге болады. КСРО әлі тарай қоймаған 1989 жылы Жоғарғы Кеңеске депутат сайлауы жүрді. Біздің облыстан Тұрекеңмен қатар, бір әйел мен Байқоңыр қаласынан жоғары шенді офицер сайлауға түсті. Әрине, Мәскеудің офицерді қолдайтыны бесенеден белгілі. Алайда, көпшілік таңдауына түскенде сайлаушылардың басым бөлігі біздің кандидатымызды жақтап дауыс берді. Осылайша Тұрғанбай Маханұлы Жоғарғы Кеңестің депутаты мандатын алды. Тұрекеңнің депутат болып сайлануы медицина саласындағыларға ғана емес, барша қызылордалықтарға жақсылық әкелді. Қаражаттың тапшы кезі. Еңбекақы айлап берілмей қалатын. Барлық салада осындай ауыр қаржылық ахуал қалыптасқан. Ғимаратқа жөндеу жүргізбек былай тұрсын, ауруханалар мен емханаларды қажетті медициналық тауарлармен, дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мұң болған уақыт еді. Бұл бүкіл республика бойынша орын алған дағдарысты кезең-тұғын. Ал Тұрғанбай Маханұлы, депутаттық мандатын пайдаланып, Қызылордаға диагностикалық орталық салуды қолға алды. Күнтізбеден: /24 наурыз/ «Кемеңгер адам үш өзгермелі түрде танылады: алыстан қарасаң, ол сұсты да салмақты адамдай көрінеді. Жақындасаң – оның биязы да ақкөкірек жан екенін көресің. Сөзін тыңдағанда – ол саған қатаң да дөрекі адамдай сезіледі» дейді қытай мәтелі. – Мен қызметке 1977 жылы келдім. Мені осында дәрігерлікке қабылдап, кәсіпке тереңірек баулыған Тұрекең. «Тартынба, адал жұмыс істе. Рахатын кейін көресің» деді. Қазір араға ондаған жылдар түскен соң алғашқы кездесуімізді ойға алсам, Тұрекеңнің айтқаны айна-қатесіз келгеніне көз жетіп, көңіл семіреді. Расында біз өз мамандығыңа түпкілікті берілу дегенді көбіміз Тұрекеңнен үйрендік. Бұл кісінің ерекшелігі әріптестерін жамандыққа қимайды. Олардың қай-қайсысы жөнінде ешқашан асығыс шешім қабылдаған емес. Барлығын ақыл таразысына тартып, жан-жағымен кеңесіп, келісіп барып кесімін айтады. Кәсібімен қатар өмірге деген адалдығы ағамыздың абыройын көз алдымызда асқақтатып келеді. Іскер адамның адалдығы менің ойымша, оны кемеңгерлікке апармай қоймайды. Мұны Тұрекеңнің өмір тәжірибесінен көріп келеміз. Бірде жаңа аурухананың ауласына апарып көп тал еккізді. Құрылысы әлі бітпеген, ашық-шашық жатқан жерге қайдан ағаш шықсын деп күдіктендік. Еңбегіміз зая кететіндей болды. Ал бірнеше жылдан кейін жаңа ғимаратқа көшкенімізде бұрынғы еккен ағаштарымыздың бой алып, көктеп тұрғанына көзіміз тояттады. «Ағамыз осылай боларын күні бұрын білген екен ғой» деп бір жайнап қалғанбыз, – дейді әріптесі, терапевт Оңталап Өмірзақов. Күнтізбеден: Осындайда Эпиктет деген грек ғұламасының «адамды дүниеге келгені, өмірден өткені, сондай-ақ тапқан табысынан, жиған-терген дүние-мүлкінен айрылғаны үшін аяп керегі жоқ. Себебі, бұлар о бастан оған тиесілі нәрселер емес. Адамды өзінің шынайы жекеменшігі саналатын – адамдық қалыбынан айырылып қалғаны үшін аяу қажет» деген тұжырымы еріксіз ойға оралады. Азға қанағат етіп, еңбегінен нағыз рахат тапқан екеу болса бірі, біреу болса өзі осы кісі деп ойлаймын. Бұл жерде ағамыздың қанағатшылдығын бекер айтып отырған жоқпын. Бір жылдары Тұрекеңді министрлік жоғары қызметке де шақырған. Жақсы үй-жәй ұсынғанын да білеміз. Ағамыз болса «мен туған жеріме қызмет ете берейін» деп ондай лауазымнан бас тартты. Біз ол кісіні осындай қарапайымдылығы мен ар тазалығы үшін ерекше құрмет тұтамыз. Күнтізбеден үзінді /22 наурыз/»...адамдар болмаса кімге қызмет етер едің». Әріптес інісі, травматолог Амантай Нұрмышұлы: Тұрекеңнің өзі мамандығы бойынша – травматолог. Бұл жағынан шынында әріптеспіз. 2000 жылы шақырып алып «1-ші дәрежелі травматологсың. Бізге келесің» деп кесіп айтты. Ол кез өте қиын уақыт еді. Басқаны айтпағанда, ота жасайтын медициналық құралдар жетісе бермейтін. Қазірмен салыстыруға да келмейді. Мәселен, бүгінде шамамен, күн сайын 10-12 ота жасаймыз. Гипс қолданбаймыз. Ота жасаған науқастарымыз ертеңіне тұрып кетеді. Орталық заманауи озық техникалармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген. Өзіміз шеберлік сағаттарын жиі өткізіп тұрамыз. Астанада, шетелдерде болатын ғылыми конференцияларға қатысып тұрамыз. Әрине, бұлардың бәрі бірден бола қойған жоқ. Тұрғанбай Маханұлы сынды ізденімпаз, басшыларға сөзі өтетін, жоғары лауазымды әріптестерге кәсіби позицияларын тыңдата алатын абзал ағаларымыздың еңбегінің жемісі. Ағамыз жайлы пікір білдірер болсақ, менің ойыма ол кісінің қарапайымдылығы мен өз ісіне берілген ыждағаттылығы түседі. – Біздің облысымызда тұңғыш лазарет 1853 жылы ашылса, содан бері қарай халыққа медициналық қызмет көрсету дәстүрінің іргесі берік қаланды. Кеңестік кезеңде де, одан кейінгі уақытта да Сыр медицинасы алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бәрі де адамның қолымен жасалатындықтан, біздің саланың өсіп-өркендеуіне, бірнеше игі бастамалардың көтерілуіне, әріптестер арасында ынтымақты қарым-қатынас орнап, ұрпақ сабақтастығының қалыптасуына Тұрғанбай Маханұлының және сол кісінің замандастарының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ағамыз травматолог болып қызмет ете жүріп, кандидаттық диссертация қорғады. Бірнеше шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Қазіргі Б.Баймаханов, Д.Дәулетбаев, М.Абдуллаев сияқты дәрігер ғалымдар Тұрғанбай ағаның тәлім-тәрбиесін алып, ғылым жолына түскен ізбасарлары. Ол кісі бүгінгі күні ұжымның алтын діңгегі болуымен қатар Сыр медицинасының символына айналған тұғырлы тұлға, – дейді ОМО директоры Нұриддин Әмитов. Күнтізбеден: /25 желтоқсан/ «басқаларды өзіңді құрметтегендей қадірлей білу, олармен өзгелер саған қалай қатынасса деп тілесең, сондай деңгейде қатынасу – міне мұны адамды сүю ілімі деп атаса болады. Бұдан жоғары ештеңе жоқ». (Конфуций). «Өз кәсібіне берілгендіктің арқасында Тұрғанбай сенің артыңда жер қайысқан қолдай ұжымың бар» деп жолдастары сүйсініп айтады екен. Сірә, бұл ағамыздың ең басты табысы, сарқылмас қазынасы, өшпес өнегесі, қайталануы қиын мектебі болар бәлкім. Әлі күнге дейін күйбең тірлікте туындайтын көкейтесті сұрақтар, медициналық қызметтің сапасына қатысты көтерілетін күрмеулі мәселелер болсын Тұрекеңнің кеңесімен орындалып жатады. Арагідік өзі «мен айлық үшін келмеймін, сендерді көру үшін келемін. Содан рухани ләззат аламын» деп те қояды екен. Осы пікірдің астарында көре білген, сезе алған жанға адамның тағдыры алдындағы жауапкершілік, адамсүйгіштік, мәрттік, рухани-адами мол қасиет, зор байлық жатыр десек, орынды. Ол әріптестерімнің әрқайсысы құлдилап құзға құламасын, зымырап көкке самғасын деп жұмыстанды. Ұлы даланың кеше ғана көзі мәңгіге жұмылған ұлы абыздарының бірі Әбіш аға айтқандай, Тұрекең «ескілік түпкілікті еңсерілмей, жаңалық түбегейлі орныға қоймаған ауыспалы, арпалысты тұста» да белсенді басшылық қызмет жасады. Осы бір өлара уақыт ағамыздың арғы-бергіні сарапқа салып, өз тағдырын ел тарихымен өзектестіре сараптайтын кемелдік кезеңіне тұспа-тұс келген-ді. Өмірдің осы өткелегінен де, тағдырдың тағы бір талайлы сынынан да Тұрекең шашасына шаң жұқтырмаған дүлдүлдей абыройы асқан, мерейі тасқан қалпында мүдірмей өтті. Абызша қайырсақ, «бұл рух тарландарының ғана қолынан келер ерен еңбек, перен ыждағат» еді. Бәріне оның ниетінің тазалығы мен игілікке толы ой-санасының сергектігі себеп болса керек. Шәкерім қажы «Адамдағы ынсап, әділет, мейірім – үшеуін қосып айтқанда, ұждан деген ұғым шығады» деп түйеді. Ал ар-ұжданын бәрінен жоғары қоя білу өнері Тұрекеңдей аға өрнектей алған өнеге. Нұрлыбек МЫҢЖАС, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері. https://syrboyi.kz/tagilim/28978-aa-turaly-tolanys.html Жаңалықтар 953 27-03-2019, 16:43