Бүгін:
kz ru

ШЕТЕЛДІК МАМАНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Казлепрозорий» мемлекеттік мекемесіне – 90 жыл. Осыған орай өңірде шетелдік мамандардың қатысуымен ауқымды конференция өтпек. 9 қазанда облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов оған қатысушы меймандармен кездесті.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.


– 1953 жылы Қазақ Республикалық лепрозорийінде эпидемиологиялық бөлім ашылды. Біздің дәрігерлер дертті емдеуге сульфондық препараттарды алғаш рет табысты қолданған. Оған қоса жаңа препараттарды, атап айтсақ, СИБ суспензиясы, пирогенал, лампрен, ацедиасульфон, рифампицин комбинациялық терапиялауды практикаға енгізе алды. Осы сәтті пайдалана отырып, бұл дертпен күресуде ыждағаттылық танытып жүрген дәрігерлерге алғыс айтамын. Сондай-ақ, бүгінгі шараға арнайы Германиядан келген, Германияның туберкулезге қарсы күрес қауымдастығының мүшесі Романа Драбик ханымға да ризашылығымды білдіремін, – деді аймақ басшысы. Кездесуде Романа Драбик осыдан 25 жыл бұрын Сыр өңіріне жұмыс барысымен келгенін айтты. Тың тәжірибесімен бөлісіп, қоғамдастықтың Қазақстанмен 1995 жылдан бері бірлескен профилактикалық жұмысты жалғастырып келе жатқанын алға тартты. Айта кетейік, Динслакен қаласындағы бүкіләлемдік алапес және туберкулезбен күресу қауымдастығы науқастарға үлкен материалдық көмек көрсетуді жолға қойған. Романа ханым көп жылдар бойы алапес дертіне қатысты халықаралық конференцияларды, конгрестерді қаржыландыруға да демеушілік етіп келеді. Бұл ретте облыс басшысы Романа Драбиктің қиындығы мол саладағы тынымсыз еңбегін ерекше атап өтіп, Алғыс хат табыстады.


«Сыр бойы» газеті, 10 қазан 2019 жыл

  • 1 400