Вакцина – індеттің емі, сенім – еңбектің тірегі
Өмірде әрбір құндылықтың өлшемі бар. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын жұмыр жерді жайлаған жұқпалы індет әлі күнге адамзатты әлекке салып тұр. Даңғазалық етек алған жаһанда індеп кірген індет несін жасырайық, денсаулықтың қадірін, онан қалса бірлік пен ынтымақ, қайырымдылықтың парқын таразыға тартып бергендей еді. Көп дүние өзгерді. Өлшемін әрбір саналы пенде өз халінше пайымдай жатар, бір анығы, медицинаға көзқарас бір кездегі сыңаржақ жел сөздің ауанынан басқа арнаға ауысты. Өйткені, індетті іркіп, өмір мен өлім арасындағы арпалысқа араша түскен һәм түсіп келетін де осы саланың жанкешті өкілдері.
Шын мәнінде, біз сынға салған бір жылдан қандай сабақ алдық? Медицинаның кешегі әлеуеті мен бүгінгі беталысынан не түйеміз?
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловпен сұхбат осы тұрғыда өрбіген еді.
– Сәбит Бексейітұлы, пандемия өміріміздің барлық саласына еркімізден тыс түзету енгізгелі жылдан асып кетті. Сіз өткен жылы індеттің ең көп жағдайы – 1775 адам ауру жұқтырған шілде айында басқарма басшысы болып келдіңіз. Осы жылға жуық уақытқа қандай өлшем жасауға болады?
– Ең алдымен бізге бас бұрып жасалып жатқан жұмысымызды жариялауға уақыт бөліп отырғандарыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін.
Елде қиын жағдай болып жатқан кезде аймақ басшысының арнайы шақыртуымен денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметіне келдім. Алғашқы 2 апта мемлекеттік қызметке өткенге дейін кеңесші ретінде бірінші сағаттан бастап жұмысқа белсене кірістім. Сол мезеттің өзінде мынау не бітіріп жүр деген халық арасында біраз қауесет тарап, әлеуметтік желіде бірнеше пікір пайда бола бастады. 14 шілде бұйрық алып, әрі қарай қызметке кірісіп кеткен жағдай бар. Шешімін таппай тұрған мәселелер жеткілікті болды. Оның үстіне медициналық қызмет өздеріңізге белгілі, МӘМС жүйесінен қаржыландырыла бастады. Ал, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты медициналық мекемелерде жоспарлы ауруханаға жату, күндізгі стационар жұмыстары толық тоқтатылды. Ол өз кезегінде мекемелерде қаржылық қиыншылықтардың пайда болуына әкеп соқты.
Иә, өткен жылдың шілде айы коронавирустың ең өршіген уақыты болғаны рас. Сол уақытта індетті жұқтырып алған әріптестеріміздің де көбейгеніне уақыт куә. Күнделікті қосымша төсек орындарын ашу сол кездің өзекті мәселесі еді. Медициналық қызметкерлерді індеттен қорғау үшін ауруханаларды «таза» және «лас» аймақтарға бөлу жұмысы белсенді кезең алды, сол мезетте қорғаныс құралдары да жеткілікті түрде әкеліне бастады. Әріптестеріміз індетті отбасы мүшелеріне жұқтырмау үшін бөлек тұруға мәжбүр болды. Қала мен аудан орталықтарында жергілікті бизнес өкілдері шамасы келгенше өз есептерінен демеушілік көмек жасап, медициналық қызметкерлерді ыстық тамақпен және уақытша тұратын мекенжаймен қамтамасыз етуге атсалысты. Осы сәтті пайдалана отырып, сол азаматтарға үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Сол уақыттан бері індет жұқтырғандардың саны 6500-ден асты. Күшейтілген шаралардың арқасында тамыз айынан бастап індет азайып, аталған айдың басына ауруханалар қалыпты режимге көшіп, жоспарлы жұмыс қайта қалпына келтіріле бастады. Аудан орталықтарындағы инфекциялық төсек орындары толық тоқтатылды. Қыркүйек айынан бастап COVID-ке арналған төсек орындары аймақта тек облыстық инфекциялық ауруханада ғана қалдырылды.
– Жаңа өзіңіз айтқандай, еріктілерден бастап, қаншама қайырымды кәсіп иелері қолдан келген үлесін қосты. Әйтсе де, біздің медициналық әлеуетіміздің деңгейіне қандай баға берер едік? Сынаққа түскен шақтың сабағы туралы айта отырсаңыз…
– КВИ (коронаровирус инфекциясы) ең көп таралуы маусым айының аяғы мен шілде айының 2-онкүндігіне келді. Күніне 200-ге жуық жағдай тіркеліп, тез арада бірнеше рет инфекциямен күресу үшін ауруханаларда төсек орнын ұйымдастыру жұмыстары күнделікті шараға айналды. Сол мезетте аймақта жалпы төсек орны 700-ден басталса, кейін 2400-ге көбейді. Аса ауыр тигені науқастарды оттегімен қамтамасыз ету еді. Оттегін өндіретін станциялар тек жеке кәсіпкерлер қолында болатын. Жерлестерімізге рахмет, күні-түні жұмыс жасап, бар күшін салды. Ал, ауруханалардағы жағдайды сырттан қарағанда бейнебір соғыс көрінісі деп айтуға болады. Әр науқас жанында тұрған оттегі баллондарын көргенде, оны талдырмаш жас медбикелер тасып жүргенде адам сезімінде үрей пайда болады, ал баллонның жарылғыштығы ойға түскенде ұйқы қашқан сәттерді қалай айтпасқа?! Дәрі-дәрмек мәселесі де оңай тиген жоқ.
Осының барлығын ой сарабынан өткізсеңіз, әрбір медицина қызметкерінің өлшеусіз еңбегі бар. Жалпы коронавирустық инфекциямен күресуге бірінші күннен бастап үлес қосып келе жатқанымды да атап өткім келеді. Қызылордаға келмес бұрын Алматыда жұмыс жасадым. Індет басталған сәттен отбасынан тыс ауруханада жатып, жұмыс істедік. Одан елге келіп үзіліссіз осы қызметке тағы кірістік.
Шын мәнінде, бұл індет тек біздің елдің ғана медицина саласын тығырыққа тіреген жоқ. Әлем абдырап қалды. Ауру өршіген тұста тіпті тосын құбылыстар пайда болды. Оған қарсы тұрудың өмірлік тәжірибелері қолданыла бастады.
Төсек орындарын көбейту үшін қаладағы фтизиопульмонология клиникасында, терівенерологиялық ауруханада, темір жол ауруханасында, Қорқыт ата атындағы университеттің жатаханасында төсек орындар ұйымдастырылды, аудан орталықтарында да осы жұмыс қатар жүргізіліп, жалғастырылды.
Дәрі-дәрмек қорын көбейту үшін «СК Фармация» компаниясымен шарттар кеңейтілді, жеке дәріханаларға 80 миллион теңгеге дәрі-дәрмек алынды. Тұрақты дәрі-дәрмек қорын ұйымдастыруда облыс басшылығы дер кезінде шешім қабылдап, жергілікті бюджеттен 488 миллион теңге қаражат қарастырылды. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасалды.
Гуманитарлық көмек есебінен және республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, жеке қорғаныш құралдарының да қоры пайда болды.
Оттегімен қамтамасыз етуді күшейту үшін сатып алу және демеушілік көмектер есебінен оттегі концентраторлары алынды. Облыстағы көпбейінді аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханаларында оттегі станциялары салынып, іске қосылды. Стационарларда төсек орындарының оттегімен қамтамасыз етілгендерінің саны бірнеше рет өсті. Жыл басында өкпені желдеткіш аппараттардың саны 76 болса, қазір 251-ге жетті. Міне, осының бәрі – тынымсыз, табанды еңбекпен жасалған дүние.
– Өткен жылдың өте күрделі кезеңін біз де ақпараттық толқын жүргізе отырып жақсы білеміз. Денсаулық сақтау саласы тығырыққа тірелгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың амандығы үшін батыл шешім қабылдады. Жұқпалы індетпен бетпе-бет жүрген медицина қызметкерлерінің табысы еселеніп, өмірлік қауіпсіздігі қорғалды. Қысқасы, жүйеде үлкен сілкініс жасалды. Ендігі көрсеткіш қандай?
– Дұрыс айтасыз. 2020 жыл – қат-қабат тірліктің нағыз астасқан шағы. Мен сол өткен жылдың екінші жарты жылдығының өзінде атқарылған жұмысқа қысқаша шолу жасап өтейін. Бірінші рет қаладағы №3 емханада және Сырдария орталық ауруханасында эксперттік класты УДЗ аппараты пайдалануға берілді.
6 жаңа цифрлы рентген аппараты мен 4 жаңа флюорография аппараты орнатылды. Қиын қаражаттық жағдайда қалып қойған балалар туберкулезін емдеу санаториясының жұмысы зерделеніп, фтизиопульмонология орталығына қосылды, ондағы 96 қызметкердің жұмыс орны анықталып, соңғы 6 ай бойы берілмеген жалақысы толық өндірілді.
Сырдария ауданында орналасқан туберкулезді емдеу диспансері қаладағы фтизиопульмонология орталығымен біріктірілді, ғимараты сол аудандағы орталық аурухана балансына берілді.
Аталған Сырдария аудандық ауруханасының жылыту пешінің жарамсыз екені анықталып, жылу маусымы басталғанға дейін мәселе шешілді, сонымен қатар қаладағы №3 емхананың жылыту пеші де жаңартылды.
Мемлекеттік-жеке әріптестік жобасы есебінен Жалағаш және Арал аудандарындағы ауылдық аймақтарда 2 дәрігерлік амбулатория іске қосылып, халыққа өз қызметін жасауда.
Тамыз айының басында жағдай тұрақталып, инфекция жұқтырған науқастарды тек инфекциялық стационарға жинақтау басталды. Кезекпен кезек аудан орталықтарындағы инфекциялық төсек орындары жабылды. Республикада алғашқылардың бірі болып ауруханалар мен емханаларда жоспарлы жұмыс жандандырылып, халыққа қызмет жасай бастады. Ол өз кезегінде қаражат мәселелерін шешуге ықпал етті.
Ал, аптасына 5 күн таң атқаннан кешке дейін әкімшілік пен басқарма ғимаратында іс барысын үйлестіру, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, сала кураторы болған Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлымен бірге сенбі, жексенбі күндері аудандардағы медицина мекемелерін аралау, дайындық жұмыстарын жүргізу, семинарлар өткізу әдетті жұмысқа айналды.
Шілде айынан бастап ақпарат құралдарымен жұмыс бұрын-соңды болмаған сипат алды. Республикалық телеарналардан 50-ден астам сюжет, жергілікті телеарна арқылы 200 сюжет, 100-ден аса ролик эфирге шықты. Әртүрлі газеттерде 1000-нан астам мақала жарияланды, әлеуметтік желілерден 25000 астам жазба берілді. Басқарма басшысы ретінде баспасөз брифингін күнделікті өткізу, оны үнемі сайттарға бөлісу, бәрі-бәрі – халықтың ақпараттық қолжетімділігіне жасалған жұмыс. Негізсіз пікір, жалған ақпарат желдей есіп, талайға зардабын тигізген тұста осылай жанкештілікпен жұмыс жасауға тура келді. Әділін айтып, талдамалы дүниелер жасап, істің ақ-қарасын жеткізуге атсалысқан БАҚ өкілдеріне ризалық білдіремін.
COVID-19-ға қарсы 3000-ға жуық қызметкер жұмысқа тартылып, оларға Үкімет есебінен үш категориямен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат төленсе, вирус жұқтырған 526 медицина қызметкерінің әрқайсысына 2 миллион теңгеден, яғни, 1 миллиард 52 миллион теңге қаражат, қайтыс болған 12 әріптесіміздің отбасына 10 миллион теңгеден қаражат бөлінді.
2020 жылдың бір жетістігі – қаладағы денсаулық аллеясы мен дәрігерлер алаңының ашылуы. Дәрігерлерге осындай құрмет көрсетіп, еңбегімізді бағалаған сол кездегі қала әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының қолдауына алғыс айтқым келеді.
– Індет биыл да зардабын аз тигізіп тұрған жоқ. Сәуір айының өзінде 1540 адам ауру жұқтырды. Ақпан айынан бастап вакцина салына бастады. Дегенмен, ел ішінде әлі де болса вакцина тұрғысында тұрақты пікір қалыптаспай отыр. Дәрігер-ғалымдардың ел алдында вакцина туралы нақты дәлелдерін, ашық пікірлерін тыңдағысы келетіндер бар…
– Індеттің арамызда тіркелуі биылға да тиесілі болып отыр. Ахуал жыл басында біршама тұрақтылып еді, сәуір айында қайта өршіп, өңіріміз «қызыл аймаққа» енді. Ақпан және наурыз айларында сәйкесінше 240 пен 195 жағдай тіркелсе, аталған айда 1540 жағдай тіркелді. Сол себепті жыл басындағы 215 инфекциялық төсек орны 930-ға (450-і қалада, 480-і аудан орталықтарында) көбейтілді, аудандардағы төсек орындар халық санына сәйкес жандандырылды.
Ақпан айынан бастап коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жұмыстары басталды. Алғашқыда Ресейде өндірілген «СПУТНИК-V» вакцинасы пайдаланылса, қазіргі таңда өзімізде өндірілген «КАЗВАК» және араб әмірліктерінен шығарылған «ХАЯТ ВАК» вакциналары пайдаланылуда. Вакцинация екі этаптан тұрады. 1-ші этапты 18-ден асқан 90 мың жерлесіміз қабылдаса, 2-ші этапты, яғни толық вакцинацияланған халық саны 30 мыңнан асып отыр.
Қайбір инфекциялық процестер болмасын немесе осы уақытқа дейінгі әлемде кездескен пандемиялардың барлығы тек қана вакцина көмегімен құрықталғанын халыққа жеткізгім келеді. Өздеріңізге белгілі, вакцинация жұмысы алғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінен басталғаны бәрімізге мәлім. Облыста бүгінгі күні олардың 80%-і вакцина қабылдаудың арқасында аурушаңдық күрт төмендеді. Жыл басында 75-тей медицина қызметкері вирус жұқтырған болса, қазір жоққа тән деп айтуға болады. Осы көрсеткіштің өзі біраз мағлұмат беріп тұрғандай. Теріс пікір әрдайым болған, болады, оған аса құлақ асудың қажеті жоқ деп санаймын.
– Сіз маман ретінде айтыңызшы, пандемияның ендігі жағдайына қандай болжам жасауға болады? Үлгі болар елді атай аласыз ба?
– Пандемияны жеңудің бірден-бір жолы ол – вакцинация. Израиль мемлекетін мысалға келтіруге болады, олар 60-70% тұрғындарын вакцинациялау арқылы елінде пандемияны тұрақтандырды.
– Коронавируспен күресеміз деп жүріп өзге ауруларға қарсы ем-домды әлсіретіп алған жоқпыз ба?
– Өте орынды сұрақ. Иә, пандемия әсерінен біраз жоспарлы жұмыстарымызға шектеу қойылғаны рас. Республикалық деңгейде көмек алып жүрген науқастарымыз аймақта қалуға мәжбүр болды. Бір жағынан бұл біз үшін үлкен сынақ, қарым-қатынас уақытша үзілген кезде сол науқастарға өзіміз көмек көрсеткеніміз рас, нәтижелері де жақсы деп айтар едім. Жалпы біздің жыл сайын орындалуы талап етілетін индикаторларымыз бар, сол көрсеткіштерге қол жеткізгеніміз әріптестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасы деп білемін. Аталған вирустың таралуына байланысты ана өлімінің біраз көбеюі өкінішті, бірақ бұл көрсеткіш басқа аймақтарда да жоғары болғанын жасырмауымыз керек.
Өкінішке қарай, өлім-жітім көрсеткіші 2020 жылы орын алған пандемия әсерінен күрт өсіп кетті. 2019 жылдың қорытындысымен 1000 тұрғынға шаққанда 5,61-ді құраса, былтырғы жылдың қорытындысымен 19,4% өсіп, 6,7-ні құрады.
Ана өлімі бойынша былтыр 12 жағдай орын алды. Бұған талдау жүргізу нәтижесінде 83,3% жағдайында өлім себептері жүктілікке байланысты емес екендігін, яғни, жүкті әйелдердің экстрагениталды ауруларының асқынуы нәтижесінде болғандығын көрсетті.
Сәби өлімі бойынша былтырғы жылдың қорытындысымен 226 жағдай орын алып отыр, 100 мың тірі туғанға шаққандағы көрсеткіш 10,6 (2019 жыл – 9,7). 5 жасқа дейінгі балалар өлімі 2020 жылы 2,9%-ке төмендеп, 13,6 промильді құрады.
Ал, 15-17 жас аралығында өткен жылы 5 суицид жағдайы тіркеліп, көрсеткіш 8,2-ні құрады. Жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім былтыр 34,8%-ке төмендеп, 88 жағдай тіркелді.
Әрине, ең бірінші адамның өмірі қымбат. Сол баға жетпес құндылықты сақтау жолында медицинаға артылар міндет нығая беретіні сөзсіз. Сондықтан, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу жолында жұмыла түсеміз дегім келеді.
– Өткен жылы Мемлекет басшысы медицина саласында маман және оның жалақысына қатысты өткір тапсырма берді. Нәтиже қалай?
– Белгілі бір маңызды буындарға маман тапшылығы бары қазір қай салада да кездеседі. Өйткені өмір ағысы, сұранысы өзгермелі. Ал маманға жағдай жасау, ол енді үлкен мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы елдің денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге бет бұрғызып отыр.
Індет басталған өткен жылдың наурыз айынан вируспен күресіп жүрген медицина қызметкерлеріне 3 категория бойынша қосымша жәрдемақы тағайындалды. Бұл мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау деп айтар едім. Жұмыс жасау орнына байланысты 1-категория бойынша 850 мың, 2-категорияға 425 мың, 3-категорияға 212 мың теңге қаражат төленуі бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 3 миллиард теңгеден астам еңбекақыдан тыс қосымша қаражат қызметкерлерге комиссия шешімімен үлестірілді. Індеттің ең өршіген кезінде шілде айында қосымша қаражаттың құны 947 миллион теңгені құрады. 2021 жылы бұл жұмыс жалғасын тауып, 4 айдың үлесіне 785,2 миллион теңгені құрап отыр. Сонымен қатар еңбекақы биыл дәрігерлер үшін 30%, орта буын қызметкерлеріне 20%-ке жоғарылады. Демек, еңбекақысы өскен маман ынталанады, ал, ынта жұмысқа да, отбасына да жылылық әкеледі.
– Білуімізше, шәкірттеріңіз қазірдің өзінде күрделі операциялар жасауға машықтанған көрінеді…
– 2015-2018 жылдары облыстық медициналық орталықта директор қызметін атқарып жүріп Алматы қаласынан жинаған тәжірибемді сол мекемедегі жас мамандармен бөліскенім рас. Соның ішінде ақсап тұрған қан тамырлары хирургиясын біршама жолға қоюға үлес қосқаным бар. Сол саладағы жасалып жатқан хирургиялық көмектің түрлері мен саны бүгінгі күні басқа аймақтардан қалыс емес екенін айту артық болмас. 23 жыл жинаған тәжірибемді лауазымды қызметтер атқарып жүрсем де, практикалық жұмыспен ұштастыруды жалғастырып келемін. Қолым қалт еткенде Алматы немесе Нұр-Сұлтан қаласына барып ота жасатуды жоспарлаған пациенттерді осында алып қалып, операция жасап көмектесіп жүргенімді жасырмаймын. Аймақтағы қан тамырлары хирургиясының дамуына қосқан үлесім, мақтаныш етер шәкірттерім бар екенін де айтқан жөн шығар.
– Сынға қалай қарайсыз?
– Бұл енді адамдық пен парасат-пайымның өлшемі. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейміз ғой, бірақ, сынды байыбына барып айту керек деп есептеймін. Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде әлдебір сыни пікірлер толастамай тұр. Ең алдымен айтарым, елге келгенде кресло, атақ іздеп емес, туған жерге тағзым деген оймен, денсаулық саласының дамуына өз үлесімді қосып, адал қызмет етсем деген азаматтық ұстаныммен шешім қабылдадық. Бірінші осыны айтқым келеді.
Өкінішке орай, халықты қатерлі індеттен сақтаймын деп, өздері сол қауіптің ортасында жүрген ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсетудің орнына төпелеп, сынға алатын азаматтар кездесуде. Айтқым келетіні, дәрігер әр уақытта көмек беруге тырысады. Өзінің кемшілігін көреді, оны жөндеуге талпынады. Дәрігерге сын айтылса, оның өз қателігін жөндеуге мүмкіншілік пайда болды деген сөз.
Ал, әлеуметтік желіге жалған атпен шығып, өнбейтін, маңызы жоқ мәселені елге жария ету, ол – надандық, жеке басына жала жабу – әдепсіздік, білмей тұра сынға алу – кешірілмейтін күнә. Ал, сол жазбаларды пайда табу көзіне айналдыру – нағыз масқара.
Дәрігерлердің де отбасы мен бауырлары, бала-шағасы бар, аласапыранның ортасында жүріп халықтың қауіпсіздігін ойлаған бейбіт күннің батырлары. Ендеше, өз өмірін қауіпке тігіп, індетпен күрескен азаматтарға жігер беріп, жарқын күндерге жеткіземіз деп жүрген істеріне кедергі жасамай қолдау көрсетейік, ағайын.
«Құстың қанаты қатты болғанымен, мойыны бос, адамның мінезі қатты болғанымен, көңілі бос». Құс мыңдаған шақырым ұшса да, қанаты емес мойыны талады екен. Адам пенде емес пе, болмашы нәрседен көңілі қалуы мүмкін. Қазір байқап қарасақ сенім, мейірім, сыйластық деген тым құнсызданып барады. Тіршіліктің тінін жалғайтын осындай алтын арқаудың бағасын білмесек, жалғандық пен жасандылық қай кезде де ешкімге опа бермеген. Бұл, енді ұзақ әңгіме болар, бірақ бір-біріміздің бағамызды біліп жүрейік дегім келеді.
Мен күнделікті әрбір жаңалыққа ден қойғанда, әсіресе, газеттердің сөзіне көп жүгінемін. Себебі, «Тасқа басылса тарих» деген бар. Шынайы ақпаратқа жүгіну – осы. Сөз басында айтқанымдай, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі алдында осындай сұхбат сәті түскеніне ризалық білдіремін. Облыстың аға басылымы «Сыр бойы» арқылы барша әріптестерімді құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, бақ-береке тілеймін.
– Уақыт бөліп, пікірлескеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
«Сыр бойы»
https://syrboyi.kz/suhbat/vakcina-indetting-emi-senim-engbekting-tiregi-67187/