Бүгін:
kz ru

Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін құттықтады

 

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

  

Қымбатты жерлестер! Қадірлі дәрігерлер қауымы! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын!

  

Дені сау ұлт қана ауқымды жоспарлар құрып, өзінің әл-ауқатын қамтамасыз ете алады. Сондықтан, дәрігер мамандығын таңдағандарға үлкен сенім жүгі артылары сөзсіз. Иә, біздің әрбіріміз үшін өзіміздің, отбасымыздың, жақындарымыздың өмірі мен денсаулығынан артық бағалы құндылық жоқ.Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ел медицинасы қарқынды дамыды. Соның ішінде Сыр медицинасының да айтарлықтай үлесі бар. Бүгінгі күні облыс халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді. Резидентурада 61, бакалавриат бойынша 100 маман даярлануда.

  

Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін күресте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан зор. Бүкіл әлемді шарпыған пандемиямен күресте дәрігерлердің табандылығы, ерлікке пара-пар еңбегінің арқасында індеттің бетін қайтара алдық. Бірнеше ай бойы үйлерінен жырақта, өз денсаулықтарын қатерге тігіп, қауіпті вируспен күресіп жүрген, кез келген сәтте адам денсаулығына араша болатын әрбір медицина маманы құрметке лайықты.

  

Бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласы коронавирустық инфекцияға төтеп беруге дайын. Қосымша 3200 төсек орын, 3500 дәрігер мамандар резерві жасақталып, облыс халқының 27,8 пайызы вакцина қабылдады. Осы ретте індетпен күресуші дәрігерлер мен өңір халқының денсаулығын жақсарту бағытында аянбай еңбек етіп жүрген барша медицина саласының мамандарына Сыр халқы атынан зор ризашылығымды білдіремін!

  

Қарбалас шақта науқастардың өмірі үшін аянбай күрескен дәрігерлер Ертөре Құлмағанбетов, Әбдіғабит Әбләзім, Динара Битуғанова, Әділбай Медетбаев, Гүлжан Евниева, Дастан Сәдірқожаев, Бейбіт Тоқсанбаев, Ерлан Сартбаев есімдерін ерекше атап өткім келеді. Сонымен бірге, індетпен күресте өз өмірлерін сарп еткен Сыр өңірінің медицина саласының 20 қызметкерін қайғыра еске аламыз. Олардың жанкешті еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес.

  

Құрметті медицина саласының ардагерлері мен мамандары! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, күш-жігер, отбастарыңызға құт-береке, амандық тілеймін! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз нәтижелі болсын!

  

https://syr-media.kz/news/20094-glshara-bdalyova-medicina-yzmetkerlern-ttytady.html

  
  • 109