МАМАНДЫҒЫНА АДАЛ ЖАН
Абилмажит Нысанов 1955 жылдың қаңтар айында Арал ауданының «Қамыстыбас» стансасында дүниеге келген. 1971 жылы сондағы №21 орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда медициналық училищесінде оқыды. Одан соң жолдама бойынша Арал аудандық жедел жәрдем стансасында фельдшер мамандығы бойынша жұмыс істеді.
Жоғары медициналық білімді игеруді мақсат еткен ол 1981-1987 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтында оқып, «педиатрия» мамандығы бойынша дәрігер дипломын иеленді. Бір жыл Қызылорда облыстық ауруханасында «анестезиология және реанимация» мамандығы бойынша интернатураны бітірді. Интернатурадан кейін Қызылорда қалалық перзентханасының реанимациялық–анестезиологиялық бөлімшесіне дәрігер анестезиолог-реаниматолог ретінде қабылданып, кейін сол қиын да жауапкершілігі мол бөлімшенің меңгеруші болып он жыл қызмет етті.
2007-2012 жылдары ҚР ДСМ «Медициналық қызметтің сапасын бақылау» Комитетінің Қызылорда облысы бойынша филиалының бас маманы, ҚР ДСМ «Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің» Қызылорда облысы бойынша департаментінің медициналық қызметті бақылау бөлімінің бас маманы лауазымдарын абыроймен атқарды.
2012 жылдан бастап «Қазақ республикалық лепрозорийі» РММ бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып осы уақытқа дейін сол мекемеде жұмыс атқарып келеді.
І-ші санатты «анестезиолог-реаниматолог», І-ші санатты «гигиена және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы-дәрігер» біліктіліктері бар.
40 жылдан астам облыс медицинасындағы еткен еңбегі «Денсаулықты сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық ісіне қосқан үлесі үшін» және Қазақстан дәрігерлері мен провизорларының Ұлттық Қауымдастығының "Алтын дәрігер" төсбелгілерімен, Қызылорда облысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына 70 жыл» және «Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалдарімен марапатталған, бірнеше рет облыс әкімшілігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс Хаттарын және Грамоталарын иеленген.
Жұбайы Гүлжихан Нысанова «облыстық наркологиялық орталығының» бас дәрігері. 5 немерелері бар.
Лепрозорий ұжымы қадірлі әріптесіміз Абилмажит Нысановты 63-ке келген кемел жасымен шын жүректен құттықтай отырып, оның әлі де денсаулық сақтау ісіне қосар үлесінің мол екеніне сенеді. Әбекеңе мықты денсаулық, бойындағы жігердің әлі таусылмауына және балалары мен немерелерінің бар қызығын сүйікті жарымен бірге бөлісіп, көре беруіне тілектестік білдіреміз.
Ұжым атынан: Молдағали СЕЙТАЛИЕВ,
«Қазақ республикалық лепрозорийі» РММ басшысы
"Сыр медицинасы" газеті